Қарағанды қаласында 12 жастағы оқушы жаңа орнатылған балалар ойын алаңында ауыр жарақат алды. Балаға темір әткеншек құлап, мойын және иық тұсынан жарақат алған. Нәтижесінде оның жауырын сүйегі сынған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға кезінде жеткіншек әткеншекті қатты тербетіп тұрған. Сол сәтте бүтін конструкция теңселіп, балаға төңкеріліп түскен. Дәрігерлер оның сүйегін арнайы пластинамен бекітіп, ота жасаған. Толық ем мен оңалту кезеңі шамамен сегіз айға созылмақ.
Зардап шеккен баланың анасы алаңды сапасыз салған құрылысшылар мен нысанды қабылдаған әкімдік қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етуде.
«Әткеншек сәл ғана басқа бұрыштан құлағанда, баламның басына түсетін еді. Не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Мұндай нысандарды орнатқанда мердігерлер аса жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл – балалар ойнайтын орын, сондықтан сапа бірінші орында болуы тиіс», – дейді баланың анасы Лариса Райым.
Ал мердігер компания өз кезегінде баланың өзі әткеншекті шамадан тыс тербеткенін, ал конструкция мұндай салмаққа арналмағанын алға тартқан.
Қалалық әкімдіктің өкілі Қуаныш Базарбаев та бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді:
«Әр ойын элементі нақты жас және салмақ шегіне есептелген. Балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналар оларды бақылап, қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп отыруы қажет», – деді ол.
Қазір алаңға кепілдік мерзімі әлі аяқталмағандықтан, мердігер компания зақымданған әткеншекті жөндеуге уәде берді.