Қоғам

Балабақшаға келемін деп, 871 мың теңге айыппұл алған

Таразда ерекше сот ісі қаралды. Әдетте дау-жанжал көршілер арасында немесе жол апатынан туындайтын болса, бұл жолы мәселе балабақша ауласынан басталды. Қаңтардың аязды, боранды күндерінің бірінде қатты жел балабақша ауласындағы беседканың шатырын жұлып әкетіп, оның бір бөлігі қоршауға, одан кейін қасындағы көлікке құлап түседі. Көлік иесі қарапайым тұрғын, ал беседка иесі сол балабақшаның басшысы болып шықты, деп жазады Ozgeris.info.

Зардап шеккен әйел сотқа шағым түсіріп, көлігінің бүлінуінен келген шығынды өтеп беруді талап етті. Бағалау компаниясы залалды есептеп шыққанда, сома 871 мың теңгеге жеткен. Бұл қарапайым жүргізуші үшін аз ақша емес, сондықтан талап қою орынды болып көрінді.

Ал балабақша директоры болса, өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол табиғи апаттың алдын алу мүмкін еместігін айтып, желдің күші «Қазгидрометтің» ресми деректерінде 24-30 м/с дейін жеткенін алға тартты. Оның ойынша, мұндай жағдайда жауапкершілікті ешкімнен талап ету қисынсыз.

Алайда сот басқа ұстанымда болды. Қалалық сот беседка мен оның шатырын иесі дұрыс салуға, уақтылы күтіп ұстауға міндетті екенін атап өтті. Яғни, табиғаттың тосын мінезіне сілтеу жеткіліксіз – нысанның беріктігі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік иеде қалатынын көрсетті. Сөйтіп, көлік иесіне 871 мың теңге және бағалау шығындары төленуі тиіс деген шешім шықты.

Жауапкер шешіммен келіспей, апелляцияға жүгінді. Бірақ Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы да бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды. Нәтижесінде, іс нүктесін қойды – көлік иесі өз шығынын өтейтін болды.

Бұл оқиға бір қарағанда тұрмыстық дау секілді көрінгенімен, үлкен мәселенің айнасы іспеттес. Біздегі көптеген нысандар әсіресе балабақша, мектеп, қоғамдық орындар көбіне сапасы нашар материалдардан салынып, күтіп-бапталмайды. Жел тұрса шатыр ұшады, жауын жауса су кетеді. Бірақ салдарын көп жағдайда қарапайым тұрғындар тартады.

 

 

Барлық жаңалық