Әлеуметтік желілерде Атыраудағы мектептердің бірінің бұрынғы қызметкері білім мекемесінің басшылығына қатысты ауыр айыптаулар айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Atyrau Oil-ға сілтеме жасап.
Айтуынша, ол 2013 жылы №30 мектепке жұмысқа орналасқаннан кейін, ұжым ішінде белгілі бір шараға қатысқан. Сол кештен кейін ер адам өзінің қалаусыз жағдайға тап болғанын, есінде тек үстел басында отырғаны ғана қалғанын, таңертең оянғанда өзін толық жалаңаш күйде көргенін жеткізді. Оның сөзінше, іс-шара мектеп директорының орынбасарының үйінде өткен.
Кейіннен ол орынбасар тарапынан қысым көргенін және жасөспірімдеу ұл балаларды тауып беруге итермелегенін айтты. Арада 12 жыл өткен соң, бұрынғы қызметкер осы оқиға жайлы ашық айтуға бел буған. Өйткені сол кездегі орынбасар бүгінде қаладағы басқа мектептердің директоры қызметін атқарып отыр.
Осы оқиғаға байланысты Атырау облыстық Білім басқармасы түсініктеме берді:
“Әлеуметтік желілерде жалпы білім беретін мектеп мұғаліміне қатысты жарияланған ақпаратқа байланысты Білім басқармасы тексеріс жүргізетін болады. Сонымен қатар аталған мәліметті жариялаған азаматқа құқық қорғау органдарына жүгініп, оқиғаны жан-жақты әрі әділ қарауға мүмкіндік беру ұсынылады”, – делінген ресми хабарламада.