Ақтөбе локомотив жөндеу депосында болған жарылыс салдарынан екі электрдәнекерлеуші көз жұмды. Бұл депо “Камкор Локомотив” ЖШС құрамына кіреді деп хабарлайды ozgeris.info сайты informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 26 маусым күні сағат 17:20 шамасында орын алған. Дәнекерлеу жұмыстары кезінде жарылыс болып, артынша өрт тұтанған. Өртті депо қызметкерлері өрт сөндірушілер келгенге дейін өз күштерімен сөндіріп үлгерген.
Жарақат алған жұмысшылар Ақтөбе облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгенімен, алған жарақаттарының ауырлығынан екі жұмысшы 30 маусым мен 1 шілде күндері көз жұмған.
Қазір бұл оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тергеу жүргізілуде. Комиссияға мемлекеттік еңбек инспекторы төрағалық етеді. Тергеу жұмыстары 10 жұмыс күні ішінде аяқталуы тиіс, алайда қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.
Еңбек қауіпсіздігі саласына жауапты мамандардың айтуынша, оқиғаның себептері мен кінәлілер анықталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданатын болады.