Жаңалықтар

Ақтөбе облысында жүз шақты жасөспірім жүкті болып қалған

Ақтөбе облысында жүз шақты жасөспірім жүкті болып қалған

2025 жылы Ақтөбе облысында 99 жасөспірім қыздың жүкті болғаны анықталды. Олардың басым бөлігі 17–18 жаста болса, арасында мектеп жасындағы кәмелетке толмағандар да бар. Бұл туралы Ozgeris.info сайты «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Балалар гинекологы Салтанат Тубулбаеваның айтуынша, қыздардың жүкті екенін жақындары көбіне кеш байқайды.

“Бұл жаста іш бұлшықеттері жақсы дамыған, жастар кең киім киеді, ал жүрек айну мен құсуды асқазан мәселесіне жаба салуға болады. Көбіне мұндай қыздар бізге жүктіліктің 20–21 аптасында ғана келеді”, – дейді дәрігер.

Маманның мәліметінше, жасөспірімдердің шамамен 98 пайызы босанған. Алайда кейбір жағдайларда жүктілікті тоқтатуға тура келеді.

“Бұл шешім болашақ ананың және баланың денсаулығына байланысты медициналық немесе әлеуметтік көрсеткіштер бойынша қабылданады. Егер жүктілік мерзімі 21 аптадан асса, оны үзуге болмайды. Жасөспірімдердің әр жүктілігін акушер-гинекологтар, генетик, психолог және басқа да мамандардан тұратын комиссия қарайды. Қыздар қатаң бақылауда болады, өйткені бала көтеру жас организм үшін үлкен жүктеме. Олар физиологиялық тұрғыдан бұған толық дайын емес”, – дейді Салтанат Тубулбаева.

Оның айтуынша, жүкті болған қыздардың 97–98 пайызы нәрестесін өздері тәрбиелеуді жөн көреді. Былтыр босанған жасөспірімдердің ішінде тек бір баланың ғана «Үміт» сәбилер үйінде уақытша тәрбиеленіп жатқаны белгілі. Қалған сәбилер өз отбасында өсіп келеді.

Кейбір жағдайда қыздардың аналары декреттік демалыс алып, немерелеріне қарайды, ал жас аналар оқуын жалғастырады. Ақтөбеде жүкті болған жасөспірімдердің көбі колледж студенттері болса, аудандарда мұндай жайттар сирек тіркеледі. 17 жасқа толған қыздардың арасында тұрмысқа шығатындары да бар. Былтыр жүкті болған ең жас қыздың жасы 14-те болған.

Өткен жылы бір жасөспірім мерзімінен бұрын босанған. Мұндай қыздарды жоғары мамандандырылған үшінші деңгейлі клиникада босандырады. Бұл орталықта акушерлік көмектен бөлек, неонатология және реанимация қызметтері де қарастырылған.

Сонымен қатар кейбір жасөспірімдердің жүктілігі зорлық-зомбылық салдарынан орын алғаны айтылды.

“Зорлық көрсеткендер көбіне жақын туыстары – атасы, ағасы, ағайы, әкесі. Сондай-ақ жасөспірімдер көбіне үйде зорлық көреді. Қыздар бұл туралы бір жағынан қорыққаннан, екіншіден жақындарына сенгендіктен айтпайды, мұны қалыпты жағдай деп санайды. Көбіне зорлық-зомбылық бұрыннан бар отбасыларда кездеседі, мысалы, әкесі анасын ұруы мүмкін. Бұл менің 30 жыл бойғы бақылауымның нәтижесі”, – дейді Салтанат Тубулбаева.

Барлық жаңалық