Жаңалықтар

Алматыда туа біткен ауыр жүрек ақауы бар балаға өмір сыйлаған ота жасалды

Алматыдағы Республикалық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында бес жасар қызға сирек әрі күрделі жүрек ақауын түзету бойынша көпсатылы емдеу табысты аяқталды деп хабарлайды ozgeris.info сайты informburo.kz сайтына сілтемемен.

 

Дүниеге жалғыз қарыншамен, магистральді тамырлардың транспозициясымен және өкпе артериясының атрезиясымен келген бүлдіршіннің диагнозы – екі қарыншалы қалыпты қанайналымды қалыптастыруға мүмкіндік бермейтін, туа біткен ауыр ақаулардың бірі. Мұндай жағдайда емдеу кезеңдермен жүргізіліп, бір қарыншалы қанайналым жүйесін құруға бағытталады.

 

Қыз бала алдымен Қызылорда облыстық балалар ауруханасында тексеруден өтіп, кейін санитарлық авиация арқылы Алматыдағы орталыққа жеткізілді. Мұнда мамандар толық диагностика жасап, жеке емдеу жоспарын құрды.

 

2021 жылдың ақпанында алғашқы кезең – Глен әдісі бойынша кавопульмоналды анастомоз жасалса, 2025 жылдың шілде айының соңында соңғы кезең – экстракардиалды фенестрациялы Фонтане отасы параллель жасанды қанайналым жағдайында сәтті орындалды.

 

6 жарым сағатқа созылған отадан кейін қыздың жағдайы тұрақты, қалпына келу кезеңі асқынусыз өтуде.

Барлық жаңалық