Цифрлық технологияның қарыштап дамуымен қатар қалтаны қағып алатын алаяқтық түрлері де көбейді. Күніне қанша адам сан соғып қалып жатыр. Сондықтан халық бұл хақынан хабардар болуы тиіс. Бірқатар оқиғаға үңіліп, ескеру керек хабарларға үңілейік, деп ойланады Ozgeris.info.
Сілтеме сілейтіп түсіреді
Әлеуметтік желілер бүгінде тек сөйлесетін және көңіл көтеретін орын емес. Бұл ортада алаяқтар да көп. Олар жалған парақшалар ашып, адамдардың сеніміне кіріп, ақша мен жеке деректерін алуға тырысады. Сондықтан әр қолданушы бұл қауіптерді білуі тиіс. Алаяқтар танымал брендтер мен дүкендердің атынан парақша ашады. Олар төмен баға, үлкен жеңілдік және сыйлық уәде етеді. Қолданушы сілтемеге өтіп, карта мәліметін енгізгенде, ақшасынан айырылады. Мұндай жағдайда деректер де бөтеннің қолына түседі.
Былтыр Шымкентте осындай жағдай болды. Алаяқтар танымал тауарлар сататын дүкеннің атынан парақша ашты. Клиенттерден алдын ала төлем алып, кейін оларды бұғаттап отырған. Полиция үш адамды ұстады. Бұл жағдайға жол бермеу үшін парақшаны мұқият тексеру керек. Ресми белгі бар ма, байланыс нөмірі мен сайт көрсетілген бе, пікірлер қандай екенін қараған жөн. Күмәнді сілтемені ашпаған дұрыс. Карта мәліметін ешкімге беруге болмайды.
Тағы бір кең тараған алаяқтық түрі – «дос» болып жазу. Жақыныңыздың аккаунтын бұзып, сізге ақша сұрап немесе сілтеме жіберуі мүмкін. Адам сеніп, сілтемеге өтсе, деректері ұрланады. Мұндай кезде асықпау керек. Жақыныңызға тікелей хабарласып, жағдайды нақтылаңыз. Күмәнді сілтемені ашпаңыз. Әлеуметтік желі мен мессенджерлерге екі деңгейлі қорғаныс қосу маңызды.
Кейбір алаяқтар жалған ұтыс ойындарын жариялайды. Олар үлкен сыйлық ұсынады. Бірақ жеңімпаз атандыңыз деп, «комиссия» төлеуді сұрайды. Адам ақша жібереді, ал сыйлық жоқ болады. Шынайы лотерея ешқашан комиссия сұрамайды. Ұйымдастырушы туралы ақпаратты тексеру қажет. Жеке деректерді де беруге болмайды. Желіде жалған жұмыс ұсыныстары да көп. Олар жеңіл жұмыс пен жоғары жалақы уәде етеді. Кейін «тіркеу» немесе «оқыту» үшін ақша сұрайды. Ақша алған соң, хабарсыз кетеді.
Мұндай ұсыныстарға сенуге болмайды. Жұмыс берушінің ресми сайтын, байланыс нөмірін тексеру қажет. Ешқашан алдын ала ақша аудармаңыз. Кей алаяқтар махаббат сезімін пайдаланады. Олар әлеуметтік желіде танысып, сенімге кіреді. Содан кейін әртүрлі себеппен ақша сұрайды. Ақша түскен соң, жоғалып кетеді. Онлайн танысқа дереу сенуге болмайды. Ақша жібермеу керек. Қажет болса, адамның суретін интернет арқылы тексеріп көруге болады.

Ақ халатты алаяқтар да бар…
Астанада клиника дәрігері бірнеше адамды алдап, мүгедектік рәсімдеп беремін деп ақша алғаны белгілі болды. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, дәрігер алты науқасқа көмектесемін деп сендірген. Ол өз ұсынысын тікелей жұмыс орнында жасаған. Науқастар дәрігердің сөзіне сеніп, оған 4 млн теңгеден астам ақша берген. Алайда, оның мүгедектік рәсімдеуге құқығы болмаған. Ол ақшаны жеке қажетіне жұмсап жіберген. Прокуратура кінәні толық дәлелдеді. Сот дәрігерді бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Материалдық шығын да толық өндірілді.
Прокуратура мәлімдемесінде былай делінген:
«Алаяқ-дәрігер науқастарды алдап, заңсыз ақша алған. Ол бұл қызметті көрсетуге құқығы болмаған. Сот жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енді. Әлеуметтік қызмет алғысы келетін азаматтар тек уәкілетті органдарға ресми түрде жүгінуі керек. Бөгде адамдарға сенудің қажеті жоқ», делінген хабарламада.
Астанада жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті арзан бағамен алып беремін деп уәде берген алаяқ ұсталды. Прокуратураның мәліметінше, ол азаматтарды алдап, ірі көлемде ақша жинап, қаражатты жеке қажетіне жұмсаған. Алаяқтың әрекетіне сенген тұрғындар төмен бағада жер алып беремін, мемлекеттік компанияға жұмысқа орналастырамын деген сөздерге сенген. Мәселен, бір жәбірленуші оған жер телімін арзанға рәсімдеп беру және ұлттық компанияға жұмысқа тұрғызу үшін 7 млн теңге берген. Бірақ күдікті уәдесін орындамаған. Тергеу барысында оның барлығы 8 жәбірленушіге залал келтіргені анықталды. Жалпы шығын көлемі 49 млн теңгеден асқан. Прокурор оның кінәсін толық дәлелдеді.
Прокуратура тұрғындарға ескерту жасады:
«Алаяқтық жасағаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған. Сондықтан бейтаныс адамдардың ұсынысына сенуге болмайды. Құжат рәсімдеу және мемлекеттік қызметтер бойынша тек ресми органдарға жүгіну қажет».

10 минутта 110 мың теңгеден айырылды
Кибералаяқтықтың жаңа түрі анықталды. Бұл жолы алаяқтар қоңырау шалмаған. Код сұрамаған. Тіпті күмәнді сілтеме де жібермеген. Журналист Андрей Манюлов осы тәсілдің құрбаны болып, өзінің басынан өткен жағдайды ашық айтты.
«Біз жұмыс жиынында отырдық. Сол кезде маған СМС келді. Онда ешкімге кодты айтпаңыз деп тұрды. Мен ештеңе сатып алған жоқпын. Сондықтан жақында біреу банк қызметкері болып хабарласады деп ойладым. Бірақ ешкім хабарласпады» деді ол.
Андрей бірнеше минуттан кейін Homebank қосымшасын ашты. Шотынан 110 мың теңгенің жоқ екенін көрді. Төлемдердің бәрі Glovo арқылы өткен. Бірнеше минут аралықпен бес рет төленген. Ол картасын дереу бұғаттады. Банкке хабарласты. Банк қызметкерлері оған картасы бұзылған болуы мүмкін екенін айтты. Олар арыз жазуды ұсынды. Тексеру екі аптадан үш айға дейін созылуы мүмкін екенін ескертті.
Бұл сәтте журналист үмітін үзген. Бірақ ол Glovo компаниясының қолдау қызметіне жазып көрді. Карта нөмірінің соңғы төрт санын, төлем уақыты мен сомасын жіберді. Бірнеше минуттан кейін оған жауап келді.
Бұл жолы жағдайды сарапшылар түсіндірді. Олар былай деді:
«Бұл схема өте қауіпті. Алаяқтар бөтен картаны өз аккаунтына байлайды. Ұсақ төлемдер жасайды. Сосын картаны өшіріп, орнына өз картасын қосады. Ақша қайтарылған кезде қаражат өздеріне түседі».
Glovo төлемдерді алаяқтық деп танып, ақшаны қайтарып берді. 15 минуттан кейін қаржы шотына қайта түсті. Бұл кездейсоқ сәттілік еді. Өйткені журналистің танысы осындай әдіспен 400 мың теңгеден айырылған. Андрей карта деректері авиабилет сатып алу кезінде қолға түсуі мүмкін екенін айтты. «Мен Expedia сайтында билет алдым. Бұл ресми сайт. Бірақ тіркеусіз төлеуге болады. Сол кезде деректерім қолды болған сияқты» деді ол.
Ол өзінің қаржылық жағынан сауатты екенін ойлағанын жасырмады. Алайда бұл жағдай оған сабақ болды. «Мен өзімді қорғануды білемін деп ойладым. Бірақ қателестім. Картаның деректерін кез келген жерге енгізбеңіз. Әр төлем туралы хабарлама қосыңыз. Ең бастысы, сақ болыңыз» деді журналист.
Сарапшылар жағдайды бақылап отыр. Олар кибералаяқтар жүйеге бейімделіп, жаңа жол іздеп жүргенін айтты. «Қазір алаяқтар тек адамдарды алдамайды. Олар жүйені алдайды. Төлем платформаларын пайдаланады. Сондықтан әр адам өз қаражатын қорғауды үйренуі керек» деп мамандар ескертті. Манюловтың оқиғасы көпшілікке сабақ. Ол қауіпсіздік туралы білімнің өз бетімен жеткіліксіз екенін көрсетті. Бүгінгі заманда цифрлық қырағылық та қажет.

Кәсіпкерлер де құрыққа ілініп жатыр
Кәсіби бухгалтер Аида Игорьқызы Қазақстанда жеке кәсіпкерлерге бағытталған жаңа алаяқтық схемалар көбейіп жатқанын ескертті. Оның айтуынша, қазір алаяқтар ИП иелерін жиі нысанаға алып жүр. Олар кәсіпкерлердің заңды білмеуін пайдаланып, сеніміне кіруге тырысады. Маман екі жаңа әдісті атап өтті. Бұл жағдайлар туралы digitalbusiness.kz жазды.
Аида Игорьқызы бірінші схема туралы ашық айтты. Ол былай дейді:
«Маған бүгін ИП бойынша хабарласты. Қоңырау шалған адам сіздің 910.00 формасы бойынша есебіңіз тапсырылмаған деді. Мен бухгалтермін. Сондықтан бірден жауап бердім. 910 форма жарты жылдық есеп, оның мерзімі әлі келген жоқ дедім. Ол бірден басқа тонға ауысып, «иә, 910 тапсырылмаған, әрі кварталдық есеп те жоқ» деп жалғастырды. Мен ИП жеңілдетілген режимде кварталдық есеп тапсырмайтынын айттым. Ол «бұл ақпаратты қайдан алдыңыз» деп сұрады. Мен «Салық кодексінен» дедім. Содан кейін ол трубканы қоя салды».
Мұндай оқиғалар көбейіп жатыр. Кәсіпкерлерді шатастыру үшін өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыратындар бар. Олар арнайы терминдерді қолданады. Жалған сілтемелер жіберіп, қорқытуға тырысады. Мақсат – мыңдаған ИП иесін алдап, жеке мәліметтерін немесе банк шотына кіру кодтарын алу.
Екінші схема бойынша да жағдай алаңдатарлық. Бұл жолы оқиғаны Аиданың танысы айтып берген.
«Маникюр шебері маған оқиғасын айтты. Оған ИП бойынша қоңырау келіпті. Алаяқтар “деректерді толықтыру керек” деп айтқан. Ал шебердің ИП-сы бір ай бұрын жабылған. Ол бұл туралы айтқанда, қоңырау шалған адам “деректерді жаңарту қажет” деп тұрып алған. Осы кезде оған код келді. Бақытына орай, ол кодты ешкімге айтпаған. Бұл үлкен ИП базасының таралып кеткенін көрсеткендей. Олар тіпті аты-жөнімізді де біледі», дейді Аида.
Сарапшылар алаяқтардың тәсілдері күн сайын өзгеріп жатқанын айтады. Олар енді адамдарға жазылмай қалған есептілік, жабылмаған ИП немесе жаңарту керек ақпарат туралы айтады. Мақсат ИП иесін шұғыл әрекетке итермелеу және кодты, жеке мәліметті алдау жолымен алу. Мұндай кезде байсалды болу маңызды.
Маман жеке кәсіпкерлерді барынша сақ болуға шақырды. Қазір ИП иелерінің деректері алаяқтардың қолына түсіп жатқаны байқалады. Сондықтан әрбір кәсіпкер қаржылық және цифрлық қауіпсіздік ережелерін мұқият ұстануы қажет.

Сақтанудың бір жолы
Әлемде жасанды интеллект тез дамып жатыр. Ол ескі суреттерді тірілтіп, дауысты көшіріп, адам бейнесін айнытпай жасай алады. Бірақ осы технологияны алаяқтар да пайдалана бастады. Сол себепті интернеттегі әр видеоға сене беруге болмайды.
Дипфейк дегеніміз – нейрожелі арқылы жасалған жалған видео немесе аудио. Онда адам ешқашан айтпаған сөзді айтып тұрғандай көрінеді. Бұрын мұндайды жасау қиын еді. Қазір телефон мен қарапайым қосымша жеткілікті.
Алаяқтар дипфейкті ақшалай пайда табу үшін қолданады. Мысалы, компания бухгалтеріне «директордың» видеосы келіп, шұғыл ақша аударуды сұрайды. Беті де, дауысы да шын сияқты болады. Солай бір компания 250 мың еуро жоғалтқан. Кейін бәрі жалған екені анықталған.
Жақында Алматыда әйелге «ұлының» даусымен хабарласқан адам болды. Ол ақша сұраған. Бірақ анасы кодтық сөз сұрағанда қоңырау бірден үзілген. Сол арқылы алданбады. Осындай жағдайлар жиілеп келеді.
Әлеуметтік желілерде де жалған видеолар көп. Белгілі адамдардың бейнесін пайдаланып, «инвестиция» ұсынады. Бірақ ол фейк болып шығады. Адамдар осылай жинаған ақшасынан айырылып жатыр.
Дипфейкті тану үшін видеоға мұқият қарау керек. Ерін қозғалысы дауысқа сәйкес келе ме, тері табиғи ма, жарық бірдей ме – соған мән беріңіз. Дауыс жасанды шықса, дабыл қағыңыз. Ақпаратты ресми көздерден тексерген дұрыс.
Әр отбасы өз ішінде кодтық сөз келісіп қойғаны жөн. Белгісіз нөмірден «жақыныңыз» хабарласып, ақша сұраса, сол сөзді сұраңыз. Айта алмаса, ақша аудармаңыз. Бұл тәсіл талай адамды қорғап жатыр.
Егер күмәнді видео немесе аудио алсаңыз, асықпаңыз. Таратпаңыз. Ақпарат қайдан келгенін тексеріңіз. Қажет болса, сол адамның таныс нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз. Алаяқтық болса, полицияға хабарласыңыз.
Қазақстанда дипфейкке арнайы бап жоқ. Бірақ оны алаяқтыққа, жалған ақпарат таратуға немесе жеке мәліметті заңсыз қолдануға пайдаланса, жауапкершілікке тартылады. Тіпті жалған видеоны таратқан адамның өзі де жауап береді.
Сондықтан интернеттегі кез келген ақпаратқа сақ болу керек. Бейтаныс адамдарға сенуге болмайды. Күмән туындаса, тексеріп алған дұрыс. Алаяқтар қазір технологиямен жұмыс істейді, сондықтан біз де сақ болуды үйренуіміз қажет.