Қоғам

Әйелдер де алимент төлейді

Шымкентте 22 мыңнан астам бала алиментке тәуелді. Қаладағы борышкерлердің жалпы қарызы бүгінде 4 млрд 640 млн теңгеден асқан. Әдетте алимент төлемейтіндер ер адамдар болып саналса, ресми дерекке қарағанда, әйелдер де бұл қатарда бар.

Мәселен, Шымкентте 181 әйел сот шешімімен балаларына алимент төлеуге міндеттелген. Көп жағдайда мұндай талаптарды балалар үйі немесе қамқоршылық мекемелері қозғайды. Яғни, аналар да отбасылық міндетінен жалтарып, баласын мемлекет қамқорлығына қалдырған жағдайлар кездесіп отыр.

Қала прокурорының көмекшісі Бауыржан Мырзаәлиев алимент төлеуден жалтару ең әуелі балаларға ауыр соққы екенін атап өтті. Оның айтуынша, борышкерлердің көпшілігі жұмыссыздықты сылтау қылса да, сот орындаушылары ұсынған еңбек жолдамаларынан қашқақтайды. Мұндай әрекет әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Алимент тек қаржылық міндет емес, ол – баланың болашағы үшін қажетті қаражат. Сондықтан төлемей жүрген әке де, шеше де заң алдында бірдей жауап береді.

Барлық жаңалық