Қарт құрлықтың жүрегінде жатқан Камерунда тарих таңбасы тағы қайталанбақ. Елін 1982 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Поль Бийя алдағы қазан айында өтетін сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Бұл жолы ол 92 жаста, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, бұл шешім халықтың “көптеген әрі табанды өтініштерінен” кейін қабылданған.
«Халқыма қызмет етуге деген жігерім еліміздегі жағдайдың өзектілігіне сай келеді», — деп жазды Бийя маусымның 13-інде өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бийя Камерунның тізгінін 1982 жылы, сол кездегі президент күтпеген жерден қызметтен кеткен соң ұстаған. Сол сәтте ол премьер-министр лауазымында еді, сол кезеңде 49-да еді. Қазір 92-ге келіп отыр. Жетпістен асқанда зейнетке кететіндерге қарап, бұл кісінің саяси өмірі зейнетке бағынбайтын бөлек әлем екенін еріксіз мойындайсың.
Сегізінші рет сайлауға түсуге ниетті мемлекет басшысы осы 43 жылда талай сын мен дауылдан өтті. Бірақ басты сын – оның ешқашан биліктен өз еркімен кетуге дайын болмағандығы. Камерун оппозициясы мен халықаралық ұйымдар сайлаудың әділетсіз өтуі, билік сыншыларының қудалануы, жемқорлықтың асқынуы туралы жыл сайын дабыл қағып келеді.
Transparency International ұйымының 2024 жылғы дерегіне сүйенсек, Камерун жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 180 елдің ішінде 140-орында тұр. Бұл көрсеткіш Бийя билігінің ұзақ ғұмырына күмәнмен қарауға негіз береді.
Президенттің шешімі халық арасында пікір қайшылығын тудырды. Би-би-сидің Яунде қаласында тілдескен тұрғындарының кейбірі атын айтудан қорыққанын ашық жеткізген.
«Мен әлем елдерінің тарихында мұндай жаста президенттікке түскен адамды естіген емеспін», деді аты-жөнін жасырып қалған бір тұрғын.
Бийяға қарсы бірнеше үміткер сайлауға түсуге дайын екендерін мәлімдеп үлгерді:
• Морис Камто – 2018 жылғы сайлауда Бийяға аз ғана дауыс айырмасымен жол берген оппозиционер;
• Исса Чирома Бакари – бұрынғы министр, жуырда биліктегі коалициядан шықты;
• Белло Буба Майгари – экс-премьер-министр.
Тағы бірнеше оппозиция өкілдері додаға қосылмақ. Алайда Камерун саясатында нақты бәсекеге жол ашық па, жоқ па бұл жағы әзірге белгісіз. Жүйе баяғыдан бір адамның төңірегінде құрылған, оның көлеңкесінен асып шығу оңай шаруа емес.
Былтыр ел президенті алты апта бойы жұрт көзіне көрінбей, қоғамда оның денсаулығына қатысты түрлі қауесет тараған. Сол кезде-ақ “Бийя биліктен бас тартады” деген үміт пен “енді өзгеріс болады” деген сенім бүр жарған.