Қазақстанда қарыз жүктемесімен күресе алмай жүрген азаматтардың саны артып барады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, бүгінде 500 мыңнан астам адамның банк алдындағы несиесін, ал тағы 350 мың азаматтың микрокредиттік ұйымдарға қарызын төлей алмай жүр, деп жазады Ozgeris.info.
Мәдина Әбілқасымова азаматтардың төлем қабілеттілігін қатаң бақылау үшін жаңа талаптар енгізілгенін айтты:
«Неліктен біз жаңа ережелерді енгіздік – себебі бізде проблемалық несиелері бар азаматтардың белгілі бір санаты бар. Оларға қаржы ұйымдары жаңа несие беру үшін қарыз көлемін немесе пайыздық мөлшерлемесін аздап төмендетеді. Біздің бағалауымызша, мұндай азаматтардың саны 300 мыңнан 500 мыңға дейін жетеді», деді агенттік басшысы.
Қазір 850 мыңға жуық қазақстандық қаржылық қауіп аймағында тұр. Соған қарамастан, банктер мен микрокредиттік ұйымдар әлі де несие беруді жалғастырып отыр. Кей жағдайларда тіпті нашар кредиттік тарихы бар клиенттерді тарту үшін шарттарды жеңілдетуге барады.
Бұл жағдайды Ұлттық банк те жіті бақылауда ұстап отыр. Бұған дейін оның төрағасы Тимур Сүлейменов несиелеу нарығындағы «қызып кетуді» тоқтату үшін жаңа тәсілдер енгізілетінін ескерткен еді:
«Қарыз алушыларды бағалау тәсілдері өзгереді: төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптар күшейеді, ал бұрынғы мерзімінен кешіктірілген төлемдер жаңа несие алу кезінде маңызды рөл ойнайтын болады. Сонымен бірге, қарыз жүктемесінің коэффициенті мен қарыздың табысқа қатынасы секілді жаңа құралдар енгізіледі. Бұл тұтынушылық несиелеу сегментіндегі қызуды бәсеңдетуге мүмкіндік береді», деді Сүлейменов.