Қазақстан Үкіметі бюджет шығыстарын оңтайландыру және басым емес бағыттарды қысқарту жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов «Amanat» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, 2025 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде жалпы сомасы 34 трлн теңгеге әкімшілерден өтінімдер түскен. Алайда оның ішінде тек 25,7 трлн теңге көлеміндегі шығыстар ғана қолдау тапқан. Қалған 8 трлн теңгеден астам өтінімдер бюджеттік жоспарға енгізілмеген.
«Мемлекеттік органдардың ағымдағы шығыстарына да тұрақты түрде талдау жүргізіп отырмыз. Экономикалық тиімділік әкелмейтін түрлі іс-шаралар мен шығындар қысқартылып жатыр», – деді Үкімет басшысы.
Әлеуметтік сала бойынша да оңтайландыру жұмыстары қолға алынған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек алушыларды санаттарға бөліп, цифрлық отбасы картасын енгізді. Премьердің айтуынша, қазіргі таңда тұрғындар алты санатқа бөлінген. Соның ішінде баспанасы, автокөлігі, тұрақты жұмысы бар, бірақ мемлекеттен жәрдемақы алып отырған азаматтар жүйеден шығарылуда.
Бұл пилоттық жоба әзірге Қарағанды мен Шымкент қалаларында іске асуда. Егер нәтижесі тиімді болса, тәжірибе еліміздің барлық өңірлерінде енгізіледі.
«Аталған шаралардың нәтижесінде 2024–2025 жылдары шамамен 290 млрд теңге үнемделді. Бұл қаржы негізінен жергілікті бюджеттерден қысқартылды. Ал келесі жылы тағы кемінде 165 млрд теңгені үнемдеу жоспарланып отыр. Бұл – қомақты қаражат, ол еліміздің басым бағыттарына бағытталатын болады», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.