💰 Экономика

2026 жыл қандай болмақ? Экономист пікірі

2026 жыл қандай болмақ? Экономист пікірі

2026 жыл да келіп жетті. Көптің көкейінде бір сұрақ тұр. Алда не күтеді, қымбатшылық қыса ма, жұмыс бола ма, ақша жеткілікті бола ма? Осындай сауалдарға экономист Айбар Олжаев жауап берді, деп жазады Ozgeris.info.

Оның айтуынша алдағы жылды қорқынышпен емес сеніммен қарсы алуға толық негіз бар. Экономист ең алдымен өткен жылға тоқталады. Қазақстан экономикасы 2025 жылды ішкі жалпы өнімнің 6,4 пайыз өсімімен аяқтады. Бұл жай ғана сәттілік емес. Бұл жүйелі саясаттың нәтижесі. Макроэкономикалық тұрақтылық сақталды. Негізгі салаларда нақты ілгерілеу болды.  Оның сөзінше ендігі міндет осы қарқынды жоғалтып алмау.

«Алдағы жылдары мемлекет инфрақұрылымды жаңғыртуға өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға және білім мен ғылымға инвестиция салуға басымдық беріп отыр. Бұл өсімді одан әрі үдетудің негізгі жолы.  Өнеркәсіпке қатысты жоспар да ауқымды. 2030 жылға дейін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар толық инфрақұрылыммен қамтылады. Соның есебінен 200 ден астам жаңа жоба іске қосылады. Бұл өңдеу өнеркәсібіне серпін береді. Мыңдаған адамға жұмыс табылады. Ал 2025 пен 2029 жылдар аралығында өңдеу секторында 140 жоба пайдалануға беріледі», дейді экономист.

Ауыл шаруашылығы да назардан тыс қалмайды. Қазақстанның экспорттық әлеуеті 13 млн тоннаға бағаланып отыр. Диқандардың өнімін кемінде 45 елге жеткізу жоспары бар. 2028 жылға дейін жылына 4,8 млн тонна бидай мен жүгері өңдейтін 5 ірі жоба іске қосылады. Бұл бағытқа 2,6 млрд доллар инвестиция тартылмақ.

Мал шаруашылығы бойынша да өзгеріс көп. 2026 жылдан бастап Қазақстан ет өнімдерін Әзербайжан, Моңғолия, Марокко, Иран және Еуропалық одақ нарығына шығарады. Сонымен бірге Жапония, Оңтүстік Корея және БАӘ елдеріне ет пен сүт өнімдерін жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Мал басы қазірдің өзінде өсті. Келесі жылы агросекторға кемінде 200 млрд теңге бөлінеді. Экономист кәсіпкерлікке де жеке тоқталады.

«Экономика кәсіпкерліксіз өспейді. Әсіресе моноқалалар мен ауылдарда шағын және микробизнесті қолдау өте маңызды. Осы мақсатта Іскер аймақ деген бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр. Оның аясында банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге несие беріледі. Бір жобаға 200 млн теңгеге дейін қаржы қаралады. Егер жоспарланған реформалар толық жүзеге асса бүгінгі 6,4 пайыз өсім ертең тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамудың негізіне айналады. Биыл алғаш рет халықтың келесі жылы қиналамыз деп алдын ала уайымға берілгенін көріп отырмын. Ал шын мәнінде қазақ экономикасы үшін нағыз ауыр кезеңдер 1990 пен 1995 жылдар және 2020 жылғы пандемия болды. Соның өзінде қатты күйремедік. Ал 2026 жыл соның қасында ертегі жыл», дейді ол.

Негізгі қорқыныш инфляцияға қатысты.

«Иә инфляция бар. Бұл әлсіз тұс. Бірақ келесі жылы ол 11 пен 12 пайыздың арасында болады. Бұл биыл көрген жағдай. Бұл апат емес. 2020 жылы инфляция 20,3 пайыз болды. Ал 1993 жылы 800 пайызға жеткен. Қымбатшылықтың алғашқы толқыны қаңтар мен ақпанда сезіледі де сәуірге қарай басылады. Жұмыс көп болады. Айлықтар өседі. Жалақыны инфляцияға индекстеу бастамасы жүріп жатыр. Осы бағытта кемінде 3 трлн теңге немесе 6 млрд доллар жұмыс істейді. Жұмысшының құқығы қатты қорғалады. Еңбек инспекциясы қазірдің өзінде талапты күшейтті», деп түсіндірді А.Олжаев.

Экономикалық өсім туралы да нақты болжам бар. 2026 жылы ішкі жалпы өнім кемінде 5,4 пайыз өседі. ІЖӨ 442 млрд долларға жетеді. Мұндай экономика халқын далада қалдырмайды. Пенсия айлық жәрдемақы уақытында беріледі және өседі. Себебі бюджет табысы таза салықтан 19,2 трлн теңге болады. Бұл былтырғыдан 32 пайыз артық. Жалпы кіріс 23,1 трлн теңге. Ұлттық қордан небәрі 2,77 трлн теңге ғана алынады.

Оның айтуынша бұл Ұлттық қордың өсуіне жол ашады. Қазір халықаралық резервтер 125,7 млрд доллар. Оның 62,1 млрд доллары Ұлттық банктің алтын валюта қоры. 63,6 млрд доллары Ұлттық қордың активтері. Бұл болашақта балаларға жылына 1000 доллар төлеуге мүмкіндік беруі мүмкін.

Теңге бағамына қатысты да пікірі анық. JP Morgan теңге өзінің әділ құнынан 5 пайызға төмен бағаланып отыр деді. Бұл бұрын болмаған баға. Инвесторлар теңгені таңдап жатыр. Курс құлаған жоқ. Келесі жылы да теңге мықты болады. Теңгеде депозит ұстағандар ұтады.

«Халыққа қызмет көрсететін B2C сектордағы ИП лар үшін ештеңе өзгермейді. Айналымы 40 млн теңгеден аспайтындар үшін кей жерде салық тіпті азаяды. Тек компанияларға қызмет көрсететін ИП лар ортақ режимге өтеді. 1 немесе 2 ай бейімделеді. Ал қағаз жүзіндегі пустышка ИП лар жабылады. Жабылсын. Сонда нақты статистиканы көреміз. Салықтан қашқан байлар енді халықпен бөліседі. Бай көп төлейді кедей төлемейді. Бұл дұрыс бағыт. Ал адал кәсіпкерді мемлекет қорғауға алады», дейді.

Соңында ол сервистік модельге тоқталады. Енді кәсіпкерге салық органы жазалаушы емес ақылшы болады. Есептілік 30 пайызға қысқарады. Салық пен алым саны 20 пайызға азаяды. Жоспарлы тексеру болмайды. Тек тәуекел болса ғана тексеріледі. Экономист сөзін былай түйіндейді:

«2026 жыл жаман болмайды. Алтын да мұнай да астық та бар. Мал саны рекорд орнатты. Ақша болады. Жұмыс болады. Заказ болады. Теңге мықты болады. Сондықтан 2026 жыл қазақ үшін берекелі әдемі жыл болады деп сенемін».

Барлық жаңалық