Әлем экономикасы биыл күмән мен үміттің ортасындағы кезеңді бастан өткерді. Жыл басында болжамдар салқын болды, ал жылдың екінші жартысында көңіл біртіндеп көтерілді. Бұған жаһандық қаржы жағдайының жұмсаруы, АҚШ экономикасының төзімділігі, ірі елдердегі бюджеттік қолдау және халықаралық сауданың ішінара жандануы әсер етті. Ал келер жылы не болмақ?
Халықаралық валюта қорының 2025 жылғы қазан айындағы жаңартылған болжамы бойынша, әлемдік жалпы ішкі өнім өсімі 2025 жылы 3,2% деңгейінде қалыптаспақ. Ал 2026 жылы 3,1%-ға дейін баяулайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,3% болған. Яғни, жаһандық экономика 3% шамасындағы өсімді сақтағанымен, пандемияға дейінгі 3,6-3,8% қарқынына және ұзақ мерзімді орташа 3,7% деңгейіне жете алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда, өсім бар, бірақ баяу.
Қазақстанға келсек, жағдай біршама өзгеше көрінеді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының айтуынша, 2025 жылға арналған болжамдар өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Ел экономикасының өсімі 6,0%-дан сәл жоғары болады деп күтілуде, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,6% деңгейінде бағаланған еді. Мұндай серпінге мұнай өндіру көлемінің артуы үлкен ықпал етті. 2025 жылдың 11 айында мұнай өндіру 14,1%-ға өсті. Сонымен бірге ішкі сұраныс та жоғары деңгейде сақталды.
Салаларға жеке тоқталсақ, 2025 жылы негізгі қозғаушы күштер айқын байқалды. Көлік саласы 11 айдың қорытындысында 20,3%-ға өсті. Құрылыс 14,7% өсім көрсетті. Тау кен өндіру секторы 9,7%-ға, ал сауда 8,8%-ға артты. Бұл көрсеткіштердің барлығы елде инвестициялық және инфрақұрылымдық белсенділік жоғары екенін, мұнай өндірісінің кеңейіп жатқанын және халықтың тұтынушылық белсенділігі әлі де күшті екенін аңғартады. Экономикалық өсім бір ғана салаға емес, бірнеше бағытқа сүйеніп отыр.
«Алайда бұл қарқын мәңгі сақталмайды. 2026 жылға қарай жағдай өзгере бастайды. Мұнай өндірудегі жедел өсімнің әсері әлсірейді, 2025 жылдың жоғары базасы да сезіледі. Экономиканың алдағы динамикасы барған сайын ішкі шектеулерге тіреледі. Бюджеттік ынталандырудың қысқаруы, қаржы жағдайының қатаюы және бөлшек несиелеудің баяулауы өсімді тежей алады. Сондықтан сыртқы күйзелістер болмаса да, 2026 жылы экономиканы жеделдету әлеуеті шектеулі болып көрінеді. Сыртқы тәуекелдер де назардан тыс қалмайды. 2026 жылы Қазақстан үшін негізгі қауіптер шикізат бағасының бюджетте жоспарланған деңгейден төмен болуы, негізгі сауда серіктестерінің экономикасының баяулауы, капитал ағындарының құбылмалылығы және аймақтағы күрделі геосаяси жағдаймен байланысты болуы мүмкін. Мұның бәрі экономикалық жоспарларға түзету енгізуі ықтимал», дейді қауымдастық.
Жалпы, 2025 жыл әлем экономикасы үшін тірек болғанын байқаймыз. Қаржы жағдайының жұмсаруы, бюджеттік ынталандыру және сауданың ішінара қалыпқа келуі жаһандық өсімді 3%-дан жоғары деңгейде ұстап тұрды. Бұл жағдай капитал нарықтарына да әсер етті. Қауіпсіз активтердің кірістілігі төмендеп, корпоративтік сектордың табысы артты. Соның нәтижесінде нарыққа өтімділік келіп, инвесторлардың тәуекелге қызығушылығы өсті. Осы ахуалда АҚШ, Қытай және Қазақстан қор нарықтары жылды екі таңбалы өсіммен аяқтауда. Қазақстанда KASE индексі 24,4%-ға өсті.
«АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігінің төмендеуі және доллар индексінің әлсіреуі дамушы елдердің активтеріне қысымды азайтты. Бұл carry trade операцияларына деген қызығушылықты арттыруы мүмкін. Қазір нарық 2026 жылы АҚШ Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені 2 рет төмендетеді деп күтіп отыр. Алғашқы төмендеу 2026 жылғы наурыз айында болуы мүмкін. Еске салсақ, 2025 жылы ФРЖ базалық мөлшерлемені 3 рет төмендетті», дейді зерттеушілер.
Тауар нарығында жағдай біркелкі емес. Мұнай бағасы жылды 18% төмендеумен аяқтауда. Бұған ОПЕК+ және АҚШ тарапынан ұсыныстың артуы себеп болды. Ал бағалы және өнеркәсіптік металдар керісінше қымбаттады. Платина бағасы 97%-ға, палладий 73%-ға, алтын 66%-ға өсті. Мұнда ұсыныстың шектеулі болуы және геосаяси шиеленіс негізгі факторға айналды. Мұндай айырмашылық экспортқа бағытталған экономикалар үшін сыртқы ортаны күрделендіре түседі.
Осы жағдайда Қазақстанның 2026 жылға арналған өсім болжамдары салыстырмалы түрде ұстамды көрінеді. Ұлттық экономика министрлігі 5,4% өсімді күтеді. Бұл сандар ішкі бейімделу мен сыртқы шектеулердің қатар әсер етіп отырғанын көрсетеді. Салық және бюджет саясатының өзгеруі, қаржы жағдайының қатаюы, бөлшек несиелеуге қатысты макропруденциялық талаптардың күшеюі және сыртқы баға қолдауының әлсіреуі экономиканың кеңею қарқынын тежейді.
Бұл үрдіс сыртқы сауда көрсеткіштерінен де көрінеді. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, 2026 жылы тауар экспорты 77,1 млрд долларды, импорт 67,7 млрд долларды құрайды. Соның нәтижесінде сыртқы сауда профициті 9,4 млрд долларға дейін төмендейді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 11,2 млрд доллар болған, яғни төмендеу 16% шамасында.