Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасын қорытындылап, шағын сұхбат берді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Айтжанов Олимпиадада боксшылардың жеңіске жету үшін барын салғанын атап өтті.
«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді», — деді бапкер.
Сондай-ақ, бас бапкер Нұрбек Оралбайдың финалдық кездесуі туралы ойын айтты.
«Финалға келер болсақ, иә, Александр Хижняк толассыз шабуыл жасады. Бірақ оның соққыларының соңы ғана тиді Нұрбекке. Ал дәл әрі таза соққыларды біздің жігіт тигізді. Оны қайталаудан да көрген шығарсыздар», — деді Мырзағали Айтжанов.
Өз сөзінде Мырзағали Айтжанов қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралатынына сенім артатынын жеткізді.
«Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяққа нық тұрарына сенемін», — деді ол.
Бас бапкер бокстан ұлттық құраманың осы Олимпиададағы сәтсіздігі үшін көпшіліктен кешірім сұрады.
«Елдің жанкүйерлерін түсінемін, көңілдері толған жоқ біздің жекпе-жектерге. Сол үшін кешірім сұраймыз. Ешкім ұтылам деп келген жоқ. Жігіттердің бәрі барын салып өнер көрсетті. Жақсы дайындықпен келді. Бірақ сәттілік жетпеді деп ойлаймын. Барлық нәрсені өзімізден көреміз. Бұйырмай тұр», – деді Мырзағали Айтжанов.
Айта кетейік, бокстан елдің ерлер құрамасы Париж Олимпиадасынан бір ғана медаль жеңіп алды. 80 келідегі Нұрбек Оралбай елге күміспен оралады.
Фото: ҰОК
ПІКІР ЖАЗУ