«Жат діннің жетегінде кеткендер қоғамға қауіпті»: Неге мемлекеттік рәмізді қорлайтын өнімдер ашықтан ашық сатылуда?

Фото: ozgeris.info

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде тараған қорқынышты видео халықтың наразылығын тудырды. Әп-сәтте желіні шулатқан жағдайға қатысты қоғам жанашырлары мен белсенділері жарыса пікір білдіре бастады. Ozgeris.info тілшісі жағдайды толық зерттеп, бұл мәселе қоғамға қандай қауіп төніп тұрғанын анықтады.

Мынау сурет Атыраудағы мұз сарайында түсірілген. Қара жамылғандар көк байрағымызға арабша түсініксіз сөздер жазып алған. Аталмыш сурет әлемжеліде тарап, халық шу көтерген соң полиция да жылдам әрекет жасады.

Көп ұзамай Атырау полициясы қара жамылған төрт қыздың ұсталғанын хабарлады. Олардың екеуі кәмілетке толмаған балалар екені анықталды. Қазір “Мемлекеттік рәміздерді қорлау” бабымен қылмыстық іс қозғалып, жат діннің жетегінде кеткендерден жауап алынып жатыр екен.

Алайда бұларды тек туды қорлады деп қоя салуға болмайды. “Сеператизм әрекеті” бойынша соттау керек дейді журналист Диас Нұрақын.

«Үй ішінен үй тіккендер кеше сенімін, бүгін туын, ертең мемлекетін, ұлтын сатады. Сондықтан арамшөптің басын ғана жұлмай, тамырымен қопарып тастау керек», — деп пікір білдірді ол.

Бұл расымен де күрделі әрі көпқырлы мәселе. Қара жамылған қыз-келіншектердің әрекеті қазақ қоғамына қандай қауіп тудырады? Зерттеп көрейік.

Қара жамылу – тек діни киім үлгісі ғана емес, көп жағдайда радикалды ағымдардың белгісін білдіреді. Яғни мұндай адамдар жат діни идеологияны ұстанып, Қазақстанның зайырлы қоғамына қарсы келетін идеяларды насихаттайтын болса, бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін жағдай.

Екіншіден, қара жамылу қазақ мәдениетіне жат құбылыс. Қара жамылу қазақ дінінде де, салтында да жоқ дәстүр. Қазақ әйелдері орамал таққан, бет-жүзін толық жабу, қара түсті киім кию ешқашан болмаған. Керісінше, қазақ әйелдерінің ұлттық киімдері ақ немесе түрлі-түсті өрнекті болған. Сондықтан қара жамылу – араб елдерінен немесе басқа исламдық ағымдардан келген мәдени ықпал деп айтуға негіз бар.

Имам және исламтанушы Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желіде қара жамылуға қарсы көзқарасын білдірді. Имам мұны ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарға қайшы келетін әдет ретінде сипаттайды және қоғамды осындай көріністерге қарсы тұруға шақырады. Ол Құдайға деген сенім мен тақуалықтың сыртқы көріністен гөрі, отбасына дұрыс тәрбие беру, адал жар болу және Отанға адалдық сияқты ішкі қасиеттер арқылы көрінетінін атап өтті.

Мұндай киім үлгісін ұстанатын адамдар көбінесе өзін қоғамнан бөліп алып, “біз және олар” деген қағида бойынша өмір сүреді. Бұл – қоғамдағы бірлікке, ортақ құндылықтарға нұқсан келтіретін фактор. Егер мұндай топтар көбейе берсе, қоғамда шиеленіс күшеюі мүмкін.

Әрекеттерімен жұртты шошытқан қыздар тек қара жамылып қана қоймай, мемлекеттік рәміздерімізді қорлады. Бұл жай ғана құқықбұзушылық емес, бұл – мемлекетті мойындамаудың, оның заңдарына, құндылықтарына қарсы шығудың белгісі. Егер белгілі бір топтар мемлекеттік билікті, заңдарды, рәміздерді мойындамаса, бұл түбінде сепаратизмге, қоғамды іштен ірітуге алып келуі мүмкін.

Бұл ретте Президенттің ұстанымы белгілі. Мемлекет басшысы ұлттық бірлік пен мәдениетіміздің маңыздылығын үнемі атап өтеді. Мысалы, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент “Бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет” деп мәлімдеген болатын. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу немесе ұлттық құндылықтарға қайшы әрекеттер жасау Президенттің де, халықтың да ұстанымына сәйкес келмейді Бұл мәселеде құқық қорғау органдары заң аясында тиісті шараларды қабылдауы маңызды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев салафизмге қарсы идеологияны күшейту қажеттігін атап өткен. Ол экстремизм мен терроризмге қарсы заңнамалық өзгерістерді талқылау барысында бұл мәселенің маңыздылығын ерекше атап көрсетті.

Теолог-сарапшы Жандәулет Сүлейменов діни радикализмнің салдарымен емес, себебімен күресу керектігін баса айтқан. Ол экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін діни сауаттылықты арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

PhD докторант, дінтанушы Асылтай Тасболат діни радикализмнің қоғамға теріс әсерін атап өтіп, оның халықтың дүниетанымына жат идеологияны таратып, алауыздық тудыратынын және қоғамның берекесін қашыратынын айтты.

2024 жылы Қырғызстанда ұқсас шулы оқиға болған. Екі қыз Қырғызстанның Созақ ауданындағы екі мектепте ілініп тұрған Қырғызстанның мемлекеттік туын алып, өртеп, орнына араб тілінде жазылған ақ жалауды іліп кеткен. Олардың жасы бар болғаны 16 және 19-да болып шықты. «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының мүшелері екен. Жап-жас қыздар. Өзін оқытқан, тәрбиелеген, білім берген мектебіне барып, елінің туын жұлып алып, отқа тастап, лаңкестік ұйымның туын іліп қойды. Миы уланған деген сол. Қоғам сол оқиғаны көрген сәтте, шу ете қалып еді. Бүгін мемлекеттік туды өртеткен идеология, ертең мемлекетін өртеуге итермелейтіні анық.

Белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали Атырауда орын алған оқиғаны Қырғызстандағы жағдаймен салыстырып, пікір білдірді.

«Кешелі-бері ел талқылап, жұрт жарыса жазып жатқан жайсыз ақпарды көрген сәтте бірден осы оқиға есіме түсті. Бәлкім ол оқиғамен салыстыруға келмейтін шығар. Дегенмен бұл біз үшін жақсы сигнал дей алмаймын. Төрт қызға қатысты тергеу жүріп жатқанын жазуда. Екеуі кәмелетке толмаған дейді ақпарат көздері. Демек сұрақ тек қана қыздарға емес, ата-аналарына да қойылуы тиіс. Баласының немен айналысып, не істеп жүргеніне кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасы жауапты ғой. Олар не қарап отыр?! Бұлар жас қой. Кез келген идеологияның соңынан еріп кете беруі мүмкін. Баласы не оқып жатыр, не көреді, кіммен араласады дегенді жақындары қадағалап отырмаса, жат ағымның жетегінде кетуі әбден мүмкін», — деді ол.

Ишмаэль Бих деген жазушының «Ертең мен өлтіруге барамын. Сарбаз баланың естеліктері» атты керемет кітабы бар. Өте әсерлі. Сонда жастардың миы тез уланатыны көрсетіледі. Соғысқа сарбаз етіп жібереді. Жастарды қалай бағыттасаң, солай кете беретіні жазылған.

Бұл жайтта мемлекеттік органдарға да сұрақ көп. Неге мемлекеттік рәмізді қорлайтын, стандартқа сай емес өнімдер ашықтан ашық сатылуда? Бақылау неге әлсіз? Тексеріс жүргізілмей ме?

«Президент құрылтайда: «Ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық» деді. Екінші бір сөзінде: «Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды» деді.  Тосқауылды кім қояды? Заң шығарушы орган қояды. Солардан әрекет күтеміз енді», — деп пікір білдірді.

Деректер бойынша, бұл “туды” қыздар “Озоннан” тапсырыс беріп алдырған. «Туды» сатып алып қана қоймай, онымен көшеде жүрген. Суретке түсіп, әлемжеліге салған. Сол үшін қылмыстық іс қозғалды. Шетелдік маркетплейстер қызметін реттеп тексерудің де уақыты келді. Бұл “туды” жасағандарды да табу керек. Оларға жаза қатаң болуы бұл мәселенің алдын алады.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева әлеуметтік желідегі парақшасында салафизм тақырыбында пікір білдірді.

«Хиджабтың үстінен тақия кию, салафизмді салт- дәстүрге қор қылып қазаққа енгізу. Қазақта әйелдер кимешек, қыз – тақия киген. Хиджаптың басына такия киіп, қыздар киетін тақиямызды қор қылмаңдар. Қазақта қыз-тақия, әйел-орамал, кемпір-кимешек киген.  Сендердің хиджабтарыңның үстінен тақия кигенді көрген ана ғасырдың адамы мынау кемпір ма, әлде қыз ба деп таң қалар. Салафит әйелдер қазақтың қыздарының киімін қор қылып, салафизмді жастарға насихаттаудың қу әдісін жасамаңдар, қулықтарың салт-дәстүрді білетін қазаққа ерсі болып көрініп қалады», — деп жазды ол.

Қоғамға іріткі салатын жат ағымдардан қорғану үшін не істей аламыз?

  • Жастарды радикалды идеологиядан сақтандыру үшін сапалы білім беру, дәстүрлі мәдениет пен исламды дұрыс түсіндіру қажет.
  • Заң алдында бәрі тең болуы керек. Егер біреу заң бұзса, соған сәйкес жаза қолданылуы тиіс. Бірақ жай ғана қара киім кигеннің бәрін экстремист деп атау да қате.
  • Қазақ қоғамының ұлттық ерекшелігін, дәстүрлі мәдениетін сақтау үшін ақпараттық жұмыстар жүргізу керек.

«Мемлекеттік рәміздерді қорлау заңмен қатаң қудаланбаса ертең бұдан зорын көреміз. Ел болуымыз да қиын мәселеге айналады», — деп қосылды қоғам белсендісі Оңғар Қабден.


Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Чтобы давление всегда было 120\80, прекратите добавлять в еду...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Морщины "стираются" как ластиком! Намажьте кожу лица обычным...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Этот танец невесты оставит вас без слов! Пересмотрела 10 раз!