«Жартылай қараңғы қоғам не болады?»: Тәуелсіз медиа жабылса Қазақстанның жоғалтатыны өте көп — сарапшылар

Фото: коллаж ozgeris.info

АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуге бағытталған «Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы» жарлыққа қол қойды.

Олардың арасында 49 тілде хабар тарататын бес ірі америкалық медиа-корпорацияны бақылайтын АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігі (USAGM) бар.

Агенттіктің қатарына «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы», «Америка дауысы», «Азат Азия» радиосы, Кубаның хабар тарату кеңсесі (Radio Marti), Таяу Шығыстағы хабар тарату желілері (MBN) және Ашық технологиялар қоры сияқты ақпарат құралдары кіреді. USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі 950 миллион доллар.

Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, Азаттық радиосының Қазақстан экономикасының дамуына жағымды әсері болды.

«Себебі, автократияның шыңында болған 2008-2016 жылдары мемлекеттік активтерді талан-таражға салып жатқан кландар өзіне бағынышты емес Азаттық радиосынан ғана қаймығатын. Демек, Азаттық болмағанда біз клептократиялық «беспределдің» одан да зорын көретін едік. Және қазір еш активі жоқ кедей ел болып отыратын едік», — деді ол.

Бұл парадигманы экономистер Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсон жақсы сипаттап берген. Олар мемлекеттердің табысты не кедей болуы олардың қандай саяси және экономикалық институттарға сүйенетініне байланысты болатынын анықтаған.

Екі модель бар: экстрактив және инклюзив.

Экстрактивте шағын элита өздері жабық клуб құрады да, көпшілікті мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау процесінен аластатып тастайды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасау қалыпты жағдайға айналады. Монополиялар құрылады. Мемлекет ресурсы тек осы элитаны байытуға жұмыс жасап, ақырында тозып бітеді.

Ал инклюзивті режимде елдің ортақ мүддесі үшін азаматтар саяси және қоғамдық өмірге барынша тартылады. Шешімдер кеңесіп қабылданады. Сол арқылы мемлекет өркендей түседі.

Азаттықтың үлкен көмегі – кезіндегі біздің экстрактивті режимді тым өсіп кетпеуі үшін мүмкіндігінше тежеп отырды. Кландардың ашық бетімен кетуінен сақтап қалды.

Азаттық «Әділетті Қазақстанға» жемқорлықпен күрес және заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағыты бойынша көмек көрсете білді. Зайырлы және демократиялық бағытта дамуымыз үшін бізге пюрализм, пікір алуандығы, түрлі бағыттағы көзқарастар ауадай қажет. Көп ретте Азаттықтың арқасында біздің қоғамда конструктивті және балама пікір режимі қандай қиын уақытта да өлген жоқ.

«Менің ойымша Азаттықтың әлі де мүмкіндігі бар. Енді барлығы Еуропаға байланысты. Себебі, Еуроодақ үшін тіпті қысқартылған күйде болса да Азаттықтың негізгі бағыттарын сақтап қалу қиын емес. Брюссельде қаржы көп және ол глобалистер Трамп кеткенге дейін белгілі бір конструкцияның сақталып қалуына мүдделі. Сондықтан алдағы екі апта біздің барлық сұрағымызға жауап беретін шешуші кезең десек артық айтпаймыз», — деп жазды экономист.

Ал журналист Алмас Алтай бұл пікірмен келіспейді. Ол керісінше, «Азаттық радиосын» таратқан Дональд Трамп дұрыс істеді деп санайды.

«Азаттық радиосы» ешқашан халықтың қамын жеген емес. Жегендей көрінген, шындықты айтып жатқандай болған, алайда, оның бәрі тек ел ішіндегі дүрбелеңді қоюлату үшін істелген қадамдар еді.  Сенбесеңіз, біздегі «азаттықтың» сайтына кіріп контентін бір саралап шығыңыз. 99% көзі аларған негатив, билікті жамандау сарынындағы жазбалар», — деп жазды журналист.

АҚШ Конгресі доллармен шытырлатып жалақы төлеп отырған соң басқаша жазуға болмайтын да болар. Бірақ, ара-тұра елдегі жақсы жаңалықтарды неге беріп отырмайды? Бірақ, ондай ақпарат — Қазақстанның жақсы жағынан танылғаны «азаттыққа» керек емес, ар жағында отырған қожайындарға керек емес.

«Оларға Қазақстанның «боратстан» болғаны керек, лгбтның отаны болғаны керек, транстардың мекені болғаны керек, «азшылықтың құқын қорғаймыз» деген желеумен ұлттың құндылықтарын аяққа таптап жүргендер де болған», — деп жазды ол.

Айта кетейік, 2024 жылы «Азаттық радиосы» Қазақстандағы орыс тіліндегі редакциясын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Орталық Азиядағы ресурстарды тиімді пайдалану және қайталанатын ақпараттарды қысқарту мақсатында жасалды. Осылайша, орыс тіліндегі хабар тарату өңірлік деңгейде біріктіріліп, жоғары сапалы журналистикаға қосымша инвестиция бағытталды.

«Дегенмен, «Азаттық радиосының» Қазақстандағы бөлімшесі өз жұмысын жалғастыруда», -деп хабарлайды el24.kz тілшісі.

Қазақстандағы қызмет басшысы Торокул Доровтың айтуынша, агенттік қаржыландырудың тоқтатылуына қарамастан, шынайы ақпарат пен демократиялық құндылықтарды тарату миссиясын орындауды жалғастырады.

Сонымен қатар, «Азаттық радиосы» қызметін тоқтатса, Қазақстанның жоғалтатыны өте көп екенін қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт атап өтті. Оның пікірінше, бұл жағдай елдегі саяси тұтқындардың шарасыз күйін бүкіл қазақ қоғамы кешуі мүмкін дегенді білдіреді.

«Азаттық радиосы» қызметін тоқтатса, Трамп пен Масктың ештеңесі кетпейді. Екі миллиардер арзан, уақытша саяси ұпай жинайды.  Ал Қазақстанның жоғалтатыны өте көп. Азаттық радиосы қызметін тоқтатса, елімізде “Заң мен тәртіп диктатурасының” көкесі сонда болады. Ол отызға жуық саяси тұтқынның қазіргі шарасыз күйін алда бүкіл қазақ қоғамы кешеді деген сөз. Мүмкін сол кезде сөз еркіндігінің құнын ел болып түсінетін шығармыз. Бірақ, ашығын айтқанда, оған да күмәнім бар. Азаттық радиосы жабылады деп бүгін бөркін аспанға атып жатқандар, “Тәртіпке бағынған құл болмайды” деп “Азаттықсыз” Қазақстанда саяси режимнің репрессиясын ақтап алады. Оған менің еш күмәнім жоқ», — деп пікір білдірді саясаттанушы.

Қазіргі таңда «Азаттық» радиосының болашағы әлі де белгісіз. АҚШ үкіметі ресми түрде қаржыландыруды тоқтатқаны туралы хабарлама таратқан жоқ. Бірақ бұл тақырыптың қызу талқыланып жатқанының өзі Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарына деген көзқарастың қаншалықты әртүрлі екенін көрсетеді.