Бүгін, 14 мамырда, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы мәлімет таратты. Алайда бұл ақпарат әлі ресми түрде расталған жоқ, деп хабарлайды ozgeris.info.
Журналист Әсет Матаев аталған мәліметті жоққа шығарып, қоғам назарын аударған жаңа мәлімдеме жасады.
— Сара Алпысқызы тірі. Оны Нұрсұлтан Назарбаев ара-тұра барып көріп тұрады. Бұл — бірнеше сенімді дереккөзден алынған ақпарат, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Матаевтың айтуынша, Сара Назарбаева туралы тараған ақпараттың растығына әлі толық көз жеткізу ерте. Алматыдағы «Совминка» ауруханасы маңында қауіпсіздік шараларының күшеюі де қоғамда түрлі болжамдарға себеп болуда.
Кейінірек Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай да ресми түсініктеме беріп, жалған ақпаратты жоққа шығарды.
— Бұқаралық ақпарат құралдарынан түскен көптеген сауалдарға жауап ретінде хабарлаймын: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысқызы қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — деп жазды Үкібай.

ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру