Қазақтілді журналистер қысқарып жатыр деген жаңалық қоғамда кеңінен айтылып жатыр. Журналист Меліс Сейдахметов қазақ тілінің болашағына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік тілде жазатын БАҚ құралдары соңғы жылдары жаппай жабыла бастады.
Журналист келтірген мәліметке сүйенсек, қарағандылық жекеменшік “5 арнаның” қазақ редакциясы тұтас жұмыстан кетті деген ақпарат шыққан. Арада не болғаныны түсініксіз, белгілісі қарағандылық телеарнаның қазақ редакциясы жұмыстан басшылық ауысқанына байланысты кеткенін хабарлаған. Жаңа басшылық жаңа команда жасақтап жатыр. Қысқарту болмайды деп сендіріпті.
Бүдан бөлек, былтыр “Халық үні” сайты қызметін тоқтатты. Жуырда “Массагет” ұжымы түгелге жуық қысқарғаныны туралы ақпарат тарады. Тенгридің қазақшасында да қысқарту жүрген көрінеді. Нұр.кз те қазақ редакциясынан оншақты адамды жұмыстан шығарыпты.
“Медиа жобаларға грант беріп келген Интерньюс тарайды деген сыбыс бар. Жақсы құбылыс емес», — деп мәселені көтерді журналист.
Осыған байланысты Ozgeris.info тілшісі еліміздегі қазақтілді БАҚ-тың қазіргі жағдайы мен болашағына болжам жасап, сарапшылар пікірі мен статистиканы зерттеп көрді. Алайда бұл ақпараттың авторы қазақтілді сайттардың жабылуына басқа факторлар әсер етіп жатыр дейді.
«Бұған биліктің қатысы жоқ. Алдағы уақытта тереңірек зерттеп жазамын», — деп бізге толық жауап беруден бас тартты.
Ал журналист Думан Бықай қазіргі уақытта ақпарат діннің функциясын атқара бастады деп пікір білдірді. Айтуынша, он жыл бұрын өмірдің мәнін мифологиядан, діннен, философиядан іздейтін қоғам, енді оны ақпарат беттерінен іздейді.
«Соңғы кезде жаңалық оқудан шаршап кеттім. Ақпарат кәдімгідей діннің функциясын атқара бастаған секілді. Ақпараттық тасқынның алдында толық тізе бүккендейміз. Таңғы дұғамыз телефонды ашып қарау, кешкі құлшылығымыз Тиктоктың таспасын тоқтаусыз парақтау. Ақпарат діні бізден «құрбандықты» талап етіп жатыр. Уақытымызды, назарымызды, тіпті жан тыныштығымызды ұрлауда. Ақпарат көп, бәрін естіген, бәрін білетін секілдіміз, бірақ ішіміздегі бос кеңістік күн санап ұлғайып барады. Рухани ашпыз. Адамның миы тыныштықты, бос кеңістікті жоғалтқанда, шығармашылық та өледі екен ғой. Бәрін білген сайын ештеңеге сенбейтін, бәрін көрген сайын ештеңеге таңғалмайтын биороботқа айналып кеткен секілдіміз», — деп ашынды ол.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректеріне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының саны жыл сайын артып келеді. 1991 жылмен салыстырғанда БАҚ саны 350 есеге өскен. Осыдан 33 жыл бұрын Қазақстанда тек 10 республикалық мемлекеттік газет пен журнал шығарылса, қазір олардың саны 3985-ке жетті. Басылымдардың әрқайсысының қағаз ғана емес сандық нұсқасы да бар.
Stat.gov сайтының мәліметі бойынша, 2024 жылдың ақпанындағы жағдайға сәйкес, Қазақстанда 5834 ресми медиа тіркелген. Оның 3991-і газет-журнал, 657-сі ақпарат агенттіктер, 582-сі желілік басылымдар, 218-і телеарна, 90-ы радио. Медиалар негізінен екі тілде ақпарат таратады. Қос тілді медиалардың саны – 2189.
Ranking.kz сайтының жазуынша, Қазақстанда баспа БАҚ-ы немесе мерзімді басылымдар азайып, онлайн медианың саны жылдам өсуде. Бұл қарқынға қарамастан, қазақтілді аудиторияның арасында тұтынушылар мен оқырмандар саны әлі де аз.
Үкімет қазіргі уақытта дәстүрлі БАҚ-та материалдар мен жарнамаларды тарату кезінде тілдік тепе-теңдікті сақтау заңмен бекітілгенін айтқан еді. Одан бөлек Ұлттық идеяның генераторы – қазақтілді БАҚ деген-мыс. Алайда бүгін қоғам басқа реалийді көрсететін картинаны бақылап отыр.
«Бүгінгі жаһандану заманында ақпарат кеңістігінің негізгі бөлігі болып отырған қазақтілді газет-журнал, телеарна, радио және интернеттің алатын орны ерекше. Мемлекеттік тілді жалпыхалықтық қолданыс тіліне айналдырудың қайнар көзі – қоғамдық сана қалыптастырушы БАҚ өкілдері екендігі анық», — делінген Үкімет сайтында.
2022 жылы республикадағы БАҚ-тың жалпы саны – 5407 (2020 ж. – 4655, 2021 ж. – 4998), оның ішінде тіркелген газет-журналдар саны – 3779, телеарналар – 194, радиолар – 85, ақпарат агенттіктері мен желілік басылым – 1062 (588 – ақпарат агенттігі, 474 – желілік басылым).
Отандық БАҚ саны – 5120 (2020 ж. – 4395, 2021 ж. – 4726), шетелдік БАҚ – 287 (2020 ж. – 260, 2021 ж. – 272). Олардың ішінде қазақ тілінде – 710 (13,9%), орыс тілінде – 858 (16,8%), қазақ-орыс тілдерінде – 1969 (38,5%), үш және одан көп тілде – 1583 (30,9%) БАҚ жұмыс істейді. Бұл таза мемлекеттік тілдегі БАҚ үлесінің төмен екендігін білдіреді. Басымдылық қазақ-орыс тілдеріндегі БАҚ-тың үлесіне тиесілі.
Қазақ тіліндегі БАҚ контентінің үлесі 2022 жылы – 83%-ті құрады (2020 ж. – 74 %, 2021 ж. – 81 %). Оның ішінде телеарналардағы контент – 77%, баспа басылымдарда – 85% және интернет-ресурстарда – 87%. Яғни мемлекеттік тілдің коммуникативтік функциясы нығайып, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының контентінде, электрондық БАҚ-тағы үлесі артты.
Зерттеу деректеріне сүйенетін болсақ, интернет-ресурстардан ақпарат алу үшін респонденттердің 92%-і мемлекеттік тілді меңгерсе де, 53,3%-і орыс, 24,7% қазақ және орыс, 21,2%-і қазақ тілдерінде пайдаланатыны анықталды. Әлі де көрерменнің, оқырманның, тыңдаушының мемлекеттік тілде сапалы ақпарат алу үшін әртүрлі тақырыптарда, бағыттар мен форматтардағы сұраныстарын қанағаттандыратын интернет-контентті құру және дамыту мәселесі өзекті болып отыр.
Себебі бұл көрсеткіштер қазақтілді БАҚ көлемінің ұлғайғанына қарамастан, оны тұтынушылар санының әлі де аз екенін көрсетті
Осы жерде орынды сұрақ туындайды. Қазақ тілді ақпарат құралдары неге әлі де бәсекеге қабілетті емес?
URTG компаниясы жүргізген зерттеу нәтижесі көңіл көншітпейді. Қазақ тіліндегі ақпараттық медиа басылымдарды тұтынушылар аудиториясының елеулі бөлігі – 16-25 жас аралығындағы жастар, оқушылар, ауылдық жерлердегі тұрғындар, дегенмен негізгі тұтынушылар 25-34 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ табыс деңгейі орташадан жоғары немесе төмен респонденттер. Қазақ тіліндегі іскери контентті тұтыну Түркістан және Қызылорда облыстарында айтарлықтай жоғары екені анықталды.
Сонымен қатар қазақтілді басылымдарды тұтынушылар негізінен – декреттік демалыстағы әйелдер екен, олардың үлесі айтарлықтай: 15,7%-ды құрайды.
Қазақтілді аудитория ақпаратты арнайы сайттардан алмайды. Олардың басым бөлігі негізінен Instagram әлеуметтік желісін пайдаланады. Facebook, VK, Threads әлеуметтік желілеріндегі медиа құралдардың аккаунттары дәл осыншалықты танымал емес. Ал мерзімді баспасөз аудиториясы айтарлықтай аз.
Бізде әлі де «өтірік-өсек, мақтаншақ» ақпаратқа сұраныс көп
Сапалы контентке деген сұраныс жоқтың қасы. Жастар кітап, мақала, жаңалықтар оқығанда, музыка мен подкаст тыңдағанда, Интернетте бейнероликтерді көргенде қазақ тілін жиі пайдаланатынын атап өткен. Ал тәжірибе көрсеткендей, қазақ қоғамының әлі де сүйсініп көретіні шоу-бизнес өкілдерінің жеке өмірі мен оларға қатысты «өсек».
Алайда тек мұндай жаңалықтармен қазақтілді БАҚ алысқа бармайды. Жақында шыққан рейтинг қорытындысы осы сөздерімізге дәлел. Ең көп қаралған бағдарламалар мен сериалдардың рейтингтерінің басым көпшілігі өзге елдің өнімі және барлығы дерлік ресми тілде. Түріктің сериалы, АҚШ-тың киносы, орыстың мелодрамасы.
Осы сәтте сұрақ туындайды. Біздің телеарналарға миллиардтап бюджет бөлінеді. Бірақ қазақ тіліндегі өнімдер мына рейтингте неге жоқ? «Тағдыр жазуы» деген қазақша бір сериал бар екен. Қазақша болғанда қалай, түрік сериалы, бірақ қазақ тіліне тәржімаланған. Демек, авторы бәрібір де Түркия болып қала береді. Қазақстан арналарының қазақ тілінде шығарған өнімдері қайда?
«Елде қазақ тілді ортаның саны орыс тілді ортадан әлдеқайда көп. Бірақ мына ондықтың ішінде бір ғана қазақ тіліндегі өнім тұр, оның өзі түріктің аударма сериалы. Нашар…Өте нашар…Бюджеттен млрдтап ақша алатын арналар көп, бірақ нәтиже жоқтың қасы сияқты. Бәлкім, басқа рейтингтерде көрсеткіш жақсы шығар, алайда мынаны көріп көңілім түсіп қалды. Мен Қазақстандағы арналар шығарған қазақ тіліндегі өнімдер рейтингтің көш басында тұр деп ойлап жүрсем», — деп шүйліккен еді саясаттанушы Асхат Қасенғали.
Өзін-өзі ақтай алмай отырған сайттар дәл осы себептерден мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Қазақ кәсіби журналистері арасында Internews-Kazakhstan қоры жүргізген сауалнама нәтижесі мемлекеттік тапсырыс медиа дамуының ең басты кедергісі деп көрсетілген. Ал телевидениеде контенттің үлесі 50 де 50 болуы керек деген талап шыққанда қазақ тілді медиаларға бос сетканы толтыру керек болды. Сол кезде не арзан, жұлдыздармен бағдарлама жасау арзан болып, эфирге сол кетті де табиғи түрде ойын-сауыққа құмар аудитория қалыптасты. Сол ойын-сауыққа құмар аудитор онлайнға келді. Одан кейін мемлекеттік тапсырыста цифрға қарайды, неғұрлым көп қараса, соған тапсырыс береді. Соның нәтижесінде бүгінгі жағдайға жетіп отырмыз.
Зерттеу нәтижесі бойынша, адамдардың 66 пайызы теледидар қарайды екен. Олардың ішінде 43%-ы телесериал, 23%-ы ойын-сауық бағдарламаларын, 10%-ы сараптамалық контент тұтынатыны белгілі болды. Ал аймақтар негізінен, дәлірек айтқанда 67%-ы өздерінің жергілікті медиаларын қарайтыны анықталды. Ал онлайн медиа тұтынушылары – 22%. Өкінішке қарай, ол жақта шығатын контенттің 70%-ы теледидардағы танымал контенттерді көшіріп басады. Осы жерде айта кету керек, телевизия саласындағы журналистер контентті әлеуметтік желіге таратуды жақсы меңгерген. Ал сапалы материалдарға сұраныс жоқ.
Билік сапалы журналистиканың дамуына мүдделі емес
Жалпы мемлекетке журналистиканың дамығаны керек емес. Үкімет өзінің артын қазып, кемшілігін жазатын журналистер мен сайттардың дамуына мүдделі емес. Қажет болса сынайды. Тіпті материалдың кесірінен министр орнынан айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет сапалы, зерттеу, дата журналистикасының дамуына мүдделі емес. Журналистиканың дамуына журналистер мүдделі.
«Тек тіл емес қазақтың қуатты болуына мүдделі емес бұл опасыз жүйе», — дейді тәуелсіз журналист біздің тілшіге берген жауабында.
Біздің мемлекеттің ақпарат саласындағы саясаты дұрыс емес. Бүкіл проблема осыдан туып отыр. Бізде материалды қаралыммен өлшейді. Сондықтан салмақты деген басылымдардың өзі жеңіл, қаралым әкелетін фронтқа қарай кетіп бара жатыр. Сайттарға мемлекеттік тапсырыс беріледі, ол тапсырыста кішкентай болса да сын кетіп қалса, онда сізден ақшаны кесіп тастайды, немесе материал мүлде жарық көрмейді. Бас редактордан сөз естисің, содан ішкі цензура қалыптасады.
2024 жылы 1171 белсенді саяси қудалауға ұшырады. Бұл туралы «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.
Қазақстанда адам құқығы жағдайы нашарлап, саяси көзқарасты үшін қысым мен қудалау күшейіп барады. Былтыр 26 адам саяси тұтұын деп танылған. Билікті ашық сынап, шындықты айтқаны үшін 1171 белсенді саяси қудалауға ұшыраған. Оның ішінде 91 адамға айыппұл салынып, 98-і әкімшілік қамауға алынған. 36 азаматтық белсендіге қылмыстық айып тағылған.
Биыл да сөз бостандығын шектеп, саяси себеппен қудалау жалғасып жатыр. 17 қаңтарда Qaznews24 авторы Темірлан Еңсебектің үйінде тінту жүргізіліп, ол қамауға алынды. Ол «Ұлтараздықты қоздыру» бабы бойынша екі айға қамауға алынған еді. Қазір сот отырысы жүріп жатыр.
БАҚ дамуы үшін билік демократиялы болуы керек. Өкіншке орай, біздің елдегі БАҚ екіге бөлінеді.
«Біріншісі – «мынаны айтасың», «мынаны айтпайсың» деген биліктің тоқпағы, екіншісі – бас редактордың, журналистің ішкі цензурасы. «Мынаны жазуға болмайды», «мынаны айтсам, бәлеге қалам» дегендей. Әр журналистің күрескерлігі болады ғой, сондықтан бас редактор материал үшін күресуі керек. Қажет болса, өз еркіңмен жұмыстан кету керек. Біздің жағдайымыз былай. Бөлмеге қамалып алып айқайлап, айқайлап үйге қайтамыз. Құдықтың түбінде «біз еркінбіз» деп айқайлайтын құрбақа болады ғой, шамамен біз сондаймыз. Журналистер түрлі тренингтерден біраз білім алып шығады, бірақ оны қайда қолданасың… Қолданайын десең, ақпарат кеңістігінде саған жол бермейді. Жалпы баспасөз дамуы үшін билік демократиялы болуы керек. Билік демократиялы болса, журналистика тренингсіз-ақ дамиды», — деген бір сұқбатында «Ara Media» youtube каналының журналисі Асылхан Мамашұлы.
Елдегі сөз бостындығы ахуалы журналистиканың дауына әсер етеді. Біз қазір мемлекеттік органдардан ақпарат алу мүмкіндігі барынша қиындаған шақта өмір сүріп отырмыз. Аккредитацияға байланысты өзгерістер сапалы журналистиканың дамуына әсер етеді. Бүгінгі билік елде сапалы журналистиканың дамуына мүдделі емес. Оны зерттеуші журналистер, дата журналистер сезініп отыр. Бізде датаның сапасы мен оны алу мүмкінді бұрын да жақсы емес еді, қазір оны жетілдіруге деген талпыныс мүлде жоқ.
«Төртінші билік» ретінде әрекет ететін бұқаралық ақпарат құралдары бүгін мемлекетке толық тәуелді. Мемлекеттің тапсырысынсыз ертең-ақ жұмыссыз қалатын БАҚ өкілдері биліктің айтқанынан шыға алмайды. Ал «тәуелсіз» журналист қауым бүгінде мемлекетке жұмыс істеуден гөрі, өзінің ашық позициясын білдіретін жеке ортасын қалыптастыруды жөн санайды. Олардың басым бөлігі әлеуметтік желілерде белсенді. Алайда «артық» сөзі үшін жазаланып, тіпті қамалып кетуі де ықтимал. Ол үшін қоғамда «демократия» жетпейді.
Бұл үрдіс әрі қарай белең ала беретін болса, қазақтілді журналистер жұмыссыз қалады. Әсіресе өңірлерде тілшілерге жұмыс жоқ. Себебі аймақтардағы жағдай біртекті, тенденция біреу – барлығында дерлік бір ғана облыстық газет бар. Облыстық журналистердің көбі мемлекеттен қаржыландырылатын ақпарат құралдарында жұмыс істейді. Орыстілді онлайн медиалардың қазақ тіліндегі нұсқасы бар. Алайда қазақ беті қосымша бет ретінде ғана ашылады.
Журналист Мөлдір Бақыттың пікірінше, қазақтілді БАҚ билікке керек емес, себебі ол ақша әкелмейді.
«Қазақша редакция ақша әкелмейді. Ешкім жарнаманы қазақшаға бермейді. Бизнес тұрғысынан пайдасы жоқ. Түптеп келгенде қазақ тілін лайықты деңгейге көтере алмаған система ма кінәлі?», — деді ол.
«Мәселен, пиаршылар бар медиа мен бизнес арасындағы делдал. Олар неге, тілім, елім, осы бір қазақтілді медианы демеп жіберейінші деп, болысу, немесе бизнесмендер тағысын тағы, осы қоғамның ілгерілуі үшін бірдеңе-бірдеңе істеп жүрген тәуелсіз медиаға қарайласып қойсам дейтін, немесе мемқызметтегі бір маман, халыққа қарсы шешім қабылданар алдында, инсайт жіберіп, оған тосқауыл қоюға тырысуға, неге талпынбайды? Неге осылар және өзгелер де азаматтық қоғам құруға араласқысы жоқ? Әлде олардың балалары кейін осы елде өмір сүрмей ме? Әлде олар елдің келешегі кемел боларына кәміл сене ме? 5-6 түйір журналист пен 3 түйір сарапшыға айтпағым, қашанғы бұлай бола береді», — деп шүйлікті журналист.
Қорыта келе, бізде ақпарат тұтынушылары әртүрлі паралельде өмір сүреді. Олар бірімен-бірі қиылыспайды. Зерттеу нәтижелері де осыған дәлел.
Сондықтан, сапалы қазақтілді контент тек бірқатар сыни пайымы бар, бірақ мемлекетпен істес көзі ашық жандарға керек. Олар ел қамы үшін жаны ашиды, бірақ оны білдіруге қауқар жоқ. Осы бір түйір сапалы контент тұтынушылары бақандай БАҚ саласын дамыта алады ма? Қазақтілді БАҚ өсіп-өнуі үшін мемлекет мүдделі болуы тиіс. Қабылданған заң сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалса ғана, қазақтілді журналистердің мүшкіл жағдайы жақсарар еді. Осылайша зерттеуіміздің соңында қазақтілді БАҚ дамуына бірнеше кедергілер барын анықтадық.
- Мемлекеттік қолдаудан бөлек, медиа нарыққа жеке инвестиция тарту керек.
- Сапалы, тартымды, трендтегі мультимедиялық контент әзірлеу қажет.
- Қазақтілді журналистер мен медиа мамандарын оқытуға басымдық берілуі тиіс.
- Қазақ тіліне арналған іздеу жүйелері мен алгоритмдерді жетілдіру керек.
ПІКІР ЖАЗУ