Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президенттің шешімімен жаңа Ғылым академиясы құрылғанын айтты. Қазір оның құрамында тоғыз академик бар, ал бұрынғы тізімнің күші жойылды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдан бері Ұлттық ғылым академиясының мүшелігінде. Оның есімі жаңа тізімнен алынып тасталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ғылым академиясына қазір мықты ғалымдар тартылып жатыр.
Министрдің айтуынша, 2000 жылдары құрылған Ғылым академиясы бүгінде жаңа мәртебеге ие болды.
“Қазір Республикалық қоғамдық бірлестік құрылды, бұл – ескі Ғылым академиясы. Жаңа Ғылым академиясына сайлау өтіп, 15 адам қабылданды. Бізде тамыз-қыркүйек айларында жаңа сайлау циклі өтеді. Біз біртіндеп Ғылым академиясына мықты ғалымдарды қабылдаймыз”, – дейді Саясат Нұрбек.
Ол экс-президенттің академиктер тізімінен шығарылғанын растады. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа елдерде ғылыми атақтары бар. Оның Ресей мен Беларусиядағы академиялық дәрежесі сақталды. Сонымен қатар Халықаралық ақпараттандыру академиясында, Халықаралық технологиялық ғылымдар академиясында және Ислам ғылым академиясында мүше болып қала бермек.
Сондай-ақ Назарабаев Мәскеу мемлекеттік университетінің, МГИМО, Пекин, Кембридж, корей, Билкент (Түркияда), Қазан және Орал университеттерінің құрметті профессоры әрі докторы.
ПІКІР ЖАЗУ