Келер жылы зейнетақы 10 пайызға өсетіні айтылғалы, ел ішінде «ертеңгі күніміз қалай болар екен?» деген алаң басылмай тұр. Жұртшылық зейнетақыны өз күшімен арттырудың жолын іздеп жатыр, ал мамандар бұл мәселеге нақты кеңестерін берді. Бүгінгі әңгіме – неге көпшіліктің жинағы жұқа, оны қалай толықтыруға болатыны жөнінде, деп жазады Ozgeris.info.
Зейнетақыны қалай өз бетімізше көбейте аламыз?
Келер жылы зейнетақы мөлшерінің небәрі 10 пайызға көтерілуі ел ішінде талқыланып жатыр. Мұны Сенатта өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Ол бұл шешімнің елдегі макроэкономикалық болжамға сүйеніп қабылданғанын түсіндірді. Министр орташа инфляция 9-10 пайыздың деңгейінде болады деп күтілетінін айтты. Осыдан кейін ол «Бұл қазіргі бюджет мүмкіндіктеріне байланысты» деп түсіндірді. Сондықтан индексация 10 пайыз көлемінде қалатыны белгілі болды. Жұманғарин сөзінің соңында алдағы уақытта бұл көрсеткіш қайта қаралмайтынын да айтты.
Бұл жаңалықтан кейін жұртшылық зейнетақыны қалай арттыруға болатынын сұрай бастады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы сұраққа жауап ретінде бірнеше жол ұсынды. Қордың айтуынша, демографиялық өзгерістер мен халықтың қартаюы жағдайында лайықты зейнетақыға қол жеткізу үшін адамның өзі де белсенді болуы керек. Қор «Лайықты өмір сүру үшін болашақ зейнетақының көлемі еңбекке дейінгі табыстың кемінде 40 пайызы болуы керек» деген халықаралық еңбек ұйымының ұсынымын еске салды. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 41 пайыз деңгейінде. Яғни, қазіргі орташа зейнетақы адамның бұрынғы табысының осынша бөлігін ғана өтейді.
БЖЗҚ болашақ табысты арттырудың екі негізгі жолын көрсетті. Қор «міндетті және ерікті жарналарды тұрақты аудару маңызды» дейді. Сондай-ақ салымшы жеке инвестициялық портфельді басқарушыны таңдап, табысы жоғары стратегияны қолдана алатынын да ескертті. Тұрақты міндетті жарналар адамның базалық зейнетақысына да ықпал етеді. Себебі 1998 жылдан бері еңбек өтілі тек нақты аударылған жарнамен есептеледі. Қазір базалық зейнетақының ең төменгі деңгейі күнкөріс минимумының 70 пайызы болса, 30 жылдық өтілден кейін бұл көрсеткіш 110 пайызға дейін жетеді. 2027 жылы 120 пайызға дейін көтеріледі. Қор ерікті жарналарға қатысты да түсінік берді.

«Мұндай жарнаны азаматтар өздері үшін және жақындары үшін аударуға құқылы. Заңды тұлғалар да қызметкерлерінің пайдасына ерікті жарна сала алады. Жарна банк арқылы немесе жұмыс берушіге берілген өтініш негізінде түседі. Алғашқы жарна түскен сәтте жеке шот автоматты түрде ашылады. Қосымша құжат талап етілмейді. Салымшы жарна көлемін өзі белгілейді, төлем алу уақытын да өзі шешеді. Жұмыс берушіден түскен ерікті жарна жеке табыс ретінде есептелмейді. Ал компания үшін бұл сома корпоративтік табыс салығынан шегеріледі. Бұл жұмыс берушіге де тиімді. Ерікті жинақтарды 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтарға, шетелге тұрақты кеткен адамдарға да төленеді. Өтініш беру рәсімі мобильді қосымшада, сайттағы жеке кабинетте немесе Қор бөлімшесінде жасалады. Ерікті жинақтар мұрагерлікке де қалдырылады. Бұл үдеріс заңда көрсетілген тәртіппен жүзеге асады», дейді Қор.
Салымшы ерікті жинағын қалай инвестициялау керегін өзі таңдайды. Әдетте активтерді Ұлттық банк басқарады. Бірақ салымшы жеке басқарушы компанияны да таңдай алады. Ерікті жинақтың ерекшелігі – оны толық көлемде жеке басқарушыға тапсыруға болатыны. Басқарушыны жылына бір рет өзгертуге рұқсат етіледі.
Еңбек өтілі жоқ болса да зейнетақы алуға бола ма?
Отандастарымыз өздерінің зейнетақы аударымдары туралы ақпаратты электронды қызметтер арқылы ала алады. Тіпті еш жерде ресми жұмыс істемегендер де минималды базалық зейнетақыға қол жеткізе алады.
Қазақстан азаматтары өздерінің зейнетақы аударымдары туралы анықтаманы eGov.kz порталы және eGov mobile қосымшасы арқылы ала алады. Ол үшін қосымшаға тіркеліп, «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіп, «Жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер және зейнетақылар» тармағын таңдау қажет. Кейін «БЖЗҚ салымшысының қаражатының қозғалысы туралы ақпарат беру» қызметін таңдап, барлық қажетті пункттерді толтырып, өтінішке қол қою жеткілікті. Бұл қызмет азаматтарға өз жинақтарының қозғалысы мен аударымдар туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның зейнетақы жүйесі көп деңгейлі. Онда мемлекеттік базалық зейнетақы, зейнетақы бойынша төлемдер және жеке жинақтар арқылы төлемдер қарастырылған. Егер адам ешқашан ресми жұмыс істемеген болса да, ол толық қамтылмай қалмайды. Мұндай азаматтар ең болмағанда базалық зейнетақы ала алады.
Базалық зейнетақының мөлшері тек еңбек өтіліне емес, жалпы өмірлік жағдайға байланысты есептеледі. Егер зейнеткердің зейнетақы жүйесінде қатысуы 10 жылдан аз немесе мүлде жоқ болса, базалық төлем тіршілік деңгейінің пайыздық көрсеткіші бойынша беріледі. Мысалы, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65 пайыз болса, 2025 жылы 70 пайызға дейін өседі.
Зейнетақы есептелетін еңбек өтіліне тек ресми жұмыс кезеңдері ғана емес, баланы тәрбиелеуге кеткен уақыт та қосылады. Әр балаға арналған максимум – үш жасқа дейін, жалпы – 12 жыл. Сондай-ақ, балаға күтім жасау кезінде, мүгедектігі бар немесе 80 жасқа жеткен қартқа күтім жасау кезеңдері де есепке алынады. Бұған қоса, әскери қызмет, әлеуметтік төлемдер кезеңі және оқу мерзімі де еңбек өтіліне қосылады.
Егер зейнеткер еш жерде ресми жұмыс істемеген болса, онда міндетті зейнетақы жарналары болмайды, сондықтан жинақ та болмайды. Дегенмен, ерікті жинақтар арқылы төлемдер алу мүмкіндігі бар, тіпті заңда белгіленген зейнет жасына жетпей тұрып та.

Көбі неге аз алады?
Көптеген қазақстандықтар зейнетақы шотында аз жинаққа ие. Бұл мәселенің себептері мен шешім жолдарын Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы Елена Бахмутова түсіндірді.
Елена Бахмутованың айтуынша, қазіргі таңда зейнетақы жинақтарының 99 пайызы Ұлттық банк бақылауында. Біріккен жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) тек техникалық функция атқарады – аударымдарды тіркеп, жинақтарды есепке алады. Сондықтан қазақстандықтар өз жинақтарын белсенді басқара алмай отыр.
«Мәселе жеке зейнетақы қорларына оралуда емес, жеке басқарушы компанияларға бәсекелестік орнатуда. Яғни, азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін жеке компанияларға сеніп тапсыра алады, бірақ іс жүзінде бұл аз адамдарға тән. Себебі 2014 жылы барлық активтер Біріккен жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырылып, Ұлттық банкке берілген соң, азаматтар белсенді басқару дағдысын жоғалтқан. Сенімділікті қайта қалпына келтіру көп уақыт алады, бұл процесс он жылға жуық созылып отыр. Неліктен жинақ аз? Себеп қарапайым. Көптеген адамдар зейнетақы жүйесіне мүлде қатыспайды немесе тек минималды жарналар жасайды», деді сарапшы.
2024 жылы зейнетке шыққандардың ішінде тек 26 пайызы жинақтау жүйесінде 5 жылдан астам тәжірибеге ие болған. Қалғаны кейде төлем жасап отырған, кейде мүлде төлемеген, көбісі минималды жалақыдан жарна аударған. Сондықтан төмен төлемге таңғалуға болмайды. Қазір Қазақстанның зейнетақы жүйесі накопительная модельде жұмыс істейді – қанша аударсаң, сонша аласың.

Бахмутованың айтуынша, басты мәселе – өздігінен еңбек ететіндер, саны шамамен 2-2,5 миллион адам. Олар жүйеге аз төлем жасайды. Ал жинақтаушы бөлігі болашақ зейнетақының негізгі базасы болуы тиіс еді. Қазір мемлекет тек базалық төлем – тіршілік деңгейінің көлемі мөлшерін береді, ал қалғанын әр азамат өзі қалыптастырады.