Жаңалықтар

Алматыдағы аялдамадағы қасақана әрекет: Қылмыскер неге тағы да бостандықта жүр?

Алматыдағы аялдамадағы қасақана әрекет: Қылмыскер неге тағы да бостандықта жүр?

Желіде Алматы қаласы Кенесары хан көшесіндегі аялдамада болған сұмдық бейнежазба тарады. Аялдамада автобус күтіп тұрған қарт әйелді еш себепсіз қолымен де, аяғымен де аяусыз соққыға жыққан 26 жастағы Илья Терёнов ұсталды. Алайда бұл оның алғашқы қылмысы емес екені белгілі болып, қоғамның ашу-ызасын тудырды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Деректерге сүйенсек, бұзақы осыдан тура алты жыл бұрын, 2020 жылы адам өлтіргені және денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қамауға алынған. Ол кезде Терёновтың үйіне қарыз дауымен екі ер адам басып кіріп, төбелес шығарған. Илья екеуін де пышақтап, біреуі қаза тапқан, екіншісі ауыр жарақат алған. Бастапқыда оған 10-15 жылға дейін түрме жазасы қауіп төндіргенімен, сот барысында баптар «қажетті қорғаныс шегінен шығу» ретінде жеңілдетіліп, нәтижесінде ол небәрі 2 жылға ғана сотталған.

Дәл осы «кешірімді» жазаның салдары ма, әйтеуір бостандыққа шыққан Терёнов тағы да қылмысқа барды. Бұл жолы ол өзіне мүлдем қатысы жоқ, дәрменсіз қарияға тап берді. Қазіргі таңда бұл іс «Бұзақылық» бабының бірінші бөлігімен тергелуде. Бұл бап бойынша да ең жоғарғы жаза — небәрі 2 жыл. Яғни, адам өлтіріп, артынша қарт адамды соққыға жыққан қылмыскер 2028 жылы тағы да Алматы көшелерінде емін-еркін серуендеп жүруі мүмкін.

Айта кетерлігі, 2020 жылғы сот процесінде оның жүйке жүйесі мен арнайы емдеу қажеттілігі туралы мәселе көтерілген болатын. Алайда тиісті шаралардың қабылданбауы бүгінгі қайғылы жағдайға әкеп соқтырды. Долбарларға қарағанда, егер тергеу барысында оның психикалық ауытқуы расталмаса, ол тағы да жеңіл жазамен құтылып кетуі ғажап емес.

Қазір зардап шеккен әйелдің қызы мен қоғам белсенділері қылмыскерге ең қатаң жаза қолданылуын талап етуде. Бұл іс құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қылмысты саралаудағы жауапкершілігін қайтадан күн тәртібіне шығарды.


 

Барлық жаңалық