💰 Экономика

Зейнетақы төлемі тоқтады: бұған сұлуылықтың не қатысы бар?

Зейнетақы жинағын пайдалану тақырыбы қайта қызды. Бұл жолы әңгіме пластикалық операциялар туралы. «Отбасы банк» азаматтардың зейнетақы жинақтарын делдалдар арқылы шығару деректері көбейгенін айтып, пластикалық отаға арналған өтінімдерді қабылдауды тоқтатты. Банк үшін басты мәселе зейнетақы қаржысының бастапқы мақсатын жоғалтпауы болып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Қазір пластикалық операцияларға байланысты бұрын тапсырылған 6294 өтінім қаралу үстінде. Олар бекітілген тәртіп бойынша өңделеді. Ал жаңа өтінімдер қабылданбайды. Бұл шешімге алып келген себеп бір емес. Бұған дейін тіс емдеуге, кейін көз емдеуге зейнетақының артығын пайдалануға тыйым салынған соң, азаматтар пластикалық операцияға жаппай өтініш бере бастаған.

Сандардың өзі жағдайды айқын көрсетіп тұр. Қыркүйек айында пластикалық отаға 123 өтінім берілсе, қазанда бұл көрсеткіш 1844-ке жеткен. Қарашада өтінім саны 3878-ге дейін өсті. Ал желтоқсанның алғашқы 8 күнінде ғана 2093 өтінім тіркелген. Бұл бұрынғы орташа айлық деңгейден 130 есе көп. Желтоқсанда сұралған қаражаттың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрады.

«Қазақстандықтар зейнетақы жинағын пайдалана алады, бірақ ол нақты белгіленген мақсаттарға арналуы тиіс. Соңғы уақытта делдалдар арқылы БЖЗҚ-дан қаржы шығару жиілеп кетті. Бұл адамдар халықтың есебінен пайда тауып отыр. Отбасы банк үшін ең маңыздысы зейнетақы қаражатының мақсатты әрі заңды жұмсалуын қамтамасыз ету. Ол біреудің заңсыз баю құралына айналмауы керек», деді «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова.

Пластикалық операциялармен қатар офтальмологиялық қызметтерге де шектеу қойылды. Денсаулық сақтау министрлігі БЖЗҚ қаражатын емделуге пайдалану ережесіне өзгеріс енгізіп, стоматологиялық және көз емдеуге зейнетақы ақшасын жұмсауға тыйым салды. Бұған дейін тапсырылған өтінімдер ғана белгіленген тәртіппен қаралады.

 

Қазіргі таңда офтальмология бағыты бойынша 15808 өтінім бар. Жалпы сұралған сома 13,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 5131 өтінім 4,6 млрд теңге көлемінде тексеру кезеңінде тұр. Ал 10677 өтінім иесі 8,7 млрд теңге қосымша қаражат сұраған. Банк өкілдері бұл бағытта да күмәнді жағдайлар анықталғанын жасырмады.

«Кейбір клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасайды, бірақ құжаттарда клиниканың әртүрлі қалаларда орналасқан бірнеше мекенжайы көрсетіледі. Тексеру кезінде сол мекенжайларда мұндай клиникалардың мүлде жоқ екені анықталды», деп хабарлады банк.

Data Hub деректеріне сүйенсек, қараша айында ғана пластикалық хирургияға 2277 өтінім берілген. Игерілген қаржы көлемі 2,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл қазан айымен салыстырғанда өтінім саны бойынша 33 есе, ал сома жағынан 39 есе көп. Бағдарлама іске қосылғаннан бері қарашаға дейін пластикалық операцияларға берілген өтінімдердің жалпы саны 1600-ден аспаған еді.

Мамандар мұндай күрт өсімді тіс емдеуге өтінім қабылдаудың тоқтатылуымен тікелей байланыстырады. Бұған дейін зейнетақы қаржысын медициналық мақсатта пайдалану бойынша ең танымал бағыт стоматология болған. «Отбасы банк» дерегінше, қазақстандықтар бұл қызметке 435,1 млрд теңге жұмсаған. Оның 98 пайызы протездеу мен имплантацияға кеткен.

Тіс емдеуге тыйым салынған соң сұраныс көз емдеуге ауысты. Бірақ онда да күмәнді жағдайлар көбейіп, шектеу енгізілді. Соған қарамастан қараша айында офтальмологиялық қызмет бойынша 9800 өтінім орындалып, 8,4 млрд теңге игерілген.

Сонымен бірге зейнетақы жинақтарының артығын өмірлік маңызы бар әрі қымбат ем түрлеріне пайдалану мүмкіндігі сақталып отыр. Олардың қатарында сирек кездесетін ауруларды емдеу, реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары, радионуклидті және радио-йод терапия, радиохирургиялық ем және протондық терапия бар.

Бұл жағдай зейнетақы қаржысына қатысты тәртіптің қатаңдай түскенін көрсетеді. Себебі зейнетақы ақшаcы бір күндік қажеттілікке емес, адамның ертеңгі өміріне арналған. Сол себепті мемлекет пен банк бұл қаржының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеуге көшіп отыр.

Барлық жаңалық