Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғаннан бері оның жұмысы туралы түрлі пікір айтылып келеді. Біреулер «қор біздің ақшаны көбейтпейді» десе, енді біреу керісінше, ұзақ мерзімде жинақ айтарлықтай өсіп жатқанын айтып отырады. Осыны анықтау үшін қордың жылдар бойғы көрсеткіштеріне үңілдік, деп жазады Ozgeris.info.
Зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 2014 жылы шоғырланған. Сол жылдан 2025 жылдың 1 қарашасына дейін есептелген таза инвестициялық кіріс 13,60 триллион теңгеге жеткен. Қордағы зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінде осы табыстың үлесі 42,3 пайыз болып отыр.
Адам кейде бір айдағы немесе үш айдағы табысқа қарап шешім қабылдағысы келеді. Бірақ қысқа мерзім қор жұмысына әділ баға бермейді. Себебі бағалы қағаздар да, валюта бағамы да күн сайын құбылады. Сол себепті қор мамандары кез келген талдауды ең кемі бір жылдық кезеңмен бағалау дұрыс екенін айтады. Осы тұрғыдан қарасақ, кейінгіон екі айдағы көрсеткіш оң нәтиже көрсеткен. 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың қазанына дейін есептелген инвестициялық кіріс 2,82 триллион теңге болған. Бұл кезеңдегі кірістілік 12,58 пайыз мөлшерінде қалыптасқан.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары да жинаққа табыс әкеліп отыр. 2025 жылдың 1 қарашасына дейінгі он екі айда бұл жарналардан құралған активтердің кірістілігі 7,51 пайыз болған. Ұзақ мерзімге көз салсақ, нәтиже мүлде басқа деңгейде. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі 1998 жылы құрылған. Сол жылдан 2025 жылдың 1 қарашасына дейінгі аралықта жинақталған инвестициялық кірістілік 1062,38 пайыз құраған. Ал осы уақыт аралығындағы инфляция 925,20 пайыз болыпты.
Мұндай жағдайда мемлекет берген кепілдіктің де маңызы жоғары. Елімізде міндетті зейнетақы жарналарына ерекше кепілдік қарастырылған. Егер салымшы төлем ала бастаған кезде оның жинағына әсер еткен кейбір жылдардағы төмен кірістілік инфляциядан артта қалса, сол айырманы мемлекет өтейді. Қор қызметінің ашықтығы да салымшылар үшін маңызды. Әр адам өзінің жинағын, табысын, инвестициядан түскен кірісті enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан көре алады. Барлық дерек қолжетімді.