🌐 Әлем

Трамп халыққа триллиондар таратпақ

АҚШ президенті Дональд Трамп биыл енгізілген баж салығынан ел қазынасына түсетін табыс бір жылдың ішінде 1 трлн доллардан асуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол One America News арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.

Трамптың сөзінше, түскен қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік қарызды жабуға жұмсалады. Бірақ Ақ үй басшысы америкалықтардың өздеріне де үлес тиюі мүмкін екенін жеткізді.

 «Біз бұл ақшаны халыққа бөле бастауымыз мүмкін. Әр адамға 1000-2000 доллардан түсуі ықтимал», деді ол.

Айта кетейік, АҚШ қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес, федералдық қарыз көлемі бүгінде 37,86 трлн долларға жеткен. Бұған дейін министр Скотт Бессент баж салығынан түскен табыс 500 млрд доллардан асуы ықтимал деген еді.

Трамп әкімшілігі көктемде барлық импорттық тауарға 10% баж салығын енгізіп, кейін кейбір елдерге бұл көрсеткішті 20-50%-ға дейін көтерді. Қазақстаннан келетін тауарларға тариф 25% болып белгіленген.

Барлық жаңалық