15 миллион қазақстандықтың жеке дерегі даркнетте сатылып жатыр деген ақпарат бір күннің ішінде қоғамның назарын аударды. Егер бұл мәлімет толық расталса, Қазақстандағы ең ірі дерек қауіпсіздігі оқиғаларының біріне айналуы мүмкін. Бірақ дәл қазір «eGov бұзылды» немесе «15 миллион адамның дерегі ұрланды» деп кесіп айтуға негіз жоқ. Керісінше, оқиғаға мұқият қарасақ, бірнеше маңызды сұрақ туындайды: дерек қайдан шықты? Неге дәл 15 миллион адам? 47 миллион жол деген не? Неліктен базада паспорт скандарымен парольдер бар делінеді? Ал ең бастысы – мұның артында кім тұр? Ozgeris.info тілшісі осы сұрақтарға жауап береді.
Ақпарат қайдан тарады?
Қолда бар мәлімет бойынша, әңгіменің бастапқы нүктелерінің бірі – ресейлік Telegram-арна Mash таратқан ақпарат. Онда даркнеттегі shymzz13 деген никнейммен отырған пайдаланушы Қазақстан азаматтарына қатысты базаны сатуға шығарғаны айтылған. Сатушы базаны 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Оның мәлімдеуінше, файлдың көлемі – 2,7 гигабайт, ішінде 47 миллион жол және шамамен 15 миллион адамның дерегі бар. Базада аты-жөн, телефон нөмірлері, электронды пошта, жұмысорны, құжаттар, парольдер және басқа мәліметтер бар деген болжам айтылған. Бірақ бұл жерде ең маңызды нәрсе бар. Бұл мәліметтерді қазірше мемлекеттік орган растаған жоқ.
Қазақстанның Жасанды интеллект жәнецифрлық даму министрлігі ақпаратты профильді қызметтермен бірге тексеріп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, әзірге электронды үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылғаны немесе аталған базаның тікелей eGov-тан алынғаны туралы расталған дерек жоқ.
Демек, 15 миллион адамның дерегі ұрланбаған ба?
Бұлай да айтуға болмайды. Қазіргі жағдайды ең дұрыс сипаттайтын сөз – «расталмаған». Яғни екі шектен де сақ болу керек. Біріншісі – «eGov бұзылды, 15 миллион адамның паспорты ұрланды» деп айту. Екіншісі – «бәрі өтірік, ешқандай дерек тараған жоқ» деп кесіп айту. Қазір мемлекеттік органдардың өзі жарияланған үлгілерді зерттеп, олардың қайдан шыққанын анықтап жатыр. Сондықтан сараптамалық тұрғыдан алғанда, бүгінгі таңда кибероқиғаның болған-болмағанынан бұрын, жарияланған деректердің шынайылығын анықтау кезеңі жүріп жатыр.
Неліктен министрлік eGov нұсқасына күмән келтірді?
Бұл жерде өте қызық деталь бар. Министрлік жарияланған ақпараттың бір бөлігі eGov жүйелеріндегі деректердің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін айтты. Атап айтқанда, eGov-та паспорттардың скан-көшірмелері жарияланымда сипатталған форматта сақталмайтынын, ал цифрлық құжаттардың басқа форматта жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл «дерек базасы жалған» дегенді автоматты түрде білдірмейді. Бірақ бұл өте маңызды белгі. Өйткені егер сатушы шынымен eGov серверінен тікелей алынған бір ғана базаны көрсетіп отырса, онда оның құрылымы сол жүйенің нақты архитектурасына сәйкес келуі керек. Ал егер файлда әртүрлі ақпарат көздеріне тән мәліметтер араласса, онда басқа нұсқа пайда болады. Бұл eGov-тың өзі емес, әртүрлі жерлерден бұрын тараған немесе ұрланған ақпараттардың біріктірілген дерекқоры болуы мүмкін. Әзірге бұл – тек ықтимал нұсқа. Бірақ тергеу кезінде дәл осы бағыт тексерілуі тиіс.
47 миллион жол қалайша 15 миллион адамға тиесілі?
Бұл да назар аударатын мәселе. 47 миллион жолмен 15 миллион адамның арасында тікелей теңдік жоқ. Мысалы, бір адам туралы бірнеше жазба болуы мүмкін: аты-жөні бөлек жолда, телефон нөмірі бөлек, жұмыс орны бөлек, бұрынғы мекенжайы немесе басқа сервистегі аккаунты тағы бір жолда орналасуы ықтимал. Сондықтан 47 миллион жол дегеніміз – 47 миллион адам деген сөз емес. Керісінше, жарияланған сандардың өзі базаның бірнеше дерек көзінен жиналған болуы мүмкін деген сұрақ тудырады. Бірақ мұны дәлелдеу үшін техникалық сараптама қажет.
Неге дәл 15 миллион? Қазақстанда халық саны одан көп қой
Бұл – ең қызық сұрақтардың бірі. Қазақстан халқы 2026 жылғы 1 шілдедегі ресми статистика бойынша 20,59 миллион адам болған. Сондықтан15 миллион адам деген көрсеткіш ел халқының шамамен 73 пайызына тең. Мұндай көлем рас болып шықса, бұл өте ірі дерек жиынтығы болареді. Бірақ «15 миллион» санының өзі оның шынайылығын дәлелдемейді. Сатушы бұл санды нақты бір дерекқордағы бірегей адамдар санынан, ескі және жаңа базаларды біріктіруден, азаматтар мен бұрынғы азаматтардың деректерінен, коммерциялық базалардан, түрлі мемлекеттік және жеке жүйелерден, немесе жай ғана жарнамалық мақсатпен шығаруы мүмкін.
Тағы бір маңызды жайт – 15 миллион деген сан база көлемін әсерлі етіп көрсету үшін әдейі дөңгелектелген маркетингтік көрсеткіш болуы да ықтимал.
Оны тек файлдың өзін зерттеу арқылы анықтауға болады.
Ал мұның артында кім тұр?
Қазір нақты жауап жоқ. Белгілі болып отырғаны – даркнеттегі сатушы shymzz13 деген лақап ат қолданған. Бірақ оның шын кім екені, қай елде отырғаны, қандай топқа қатысы бары немесе базаны өзі ұрлады ма – белгісіз. Сондықтан «артында пәлен елдің хакерлері тұр» немесе «бұл нақты мемлекеттік органның шабуылы» деп айтуға әзірге негіз жоқ. Киберқауіпсіздік тұрғысынан кемінде бірнеше сценарий бар.
Бірінші сценарий – eGov-қа тікелей шабуыл. Егер зерттеу нәтижесінде база құрылымы eGov жүйелеріне сәйкес келіп, серверлік журналдарда рұқсатсыз кіру немесе деректерді сыртқа шығару белгілері анықталса, онда бұл ең ауыр нұсқа болады.
Екінші сценарий – басқа жүйелерден дерек ұрлау. Қазақстан азаматтарының деректері тек eGov-та болмайды. Олар банктерде, байланыс операторларында, медициналық ұйымдарда, жұмыс берушілерде, онлайн сервистерде, түрлі коммерциялық платформаларда және басқа ақпараттық жүйелерде сақталады. Сондықтан қылмыскерлер бір ғана жүйені емес, бірнеше жүйені нысанаға алып, кейін оларды біріктіруі мүмкін.
Үшінші сценарий – бұрынғы ақпараттардың компиляциясы. Бұл да өте ықтимал нұсқалардың бірі. Интернетте қазақстандықтардың деректері бұрын да әртүрлі ақпараттық жүйелерге қатысты оқиғалардан кейін пайда болған.
Мәселен, 2025 жылы интернетке 16,3 миллион жазбадан тұратын қазақстандықтардың деректері тарағаны туралы ақпарат болған. Онда аты-жөн, ЖСН, телефон нөмірлері, мекенжай және басқа мәліметтер болғаны жазылды. Демек, қазіргі база бұрыннан тараған ақпараттардың жаңа форматта қайта сатылуы да мүмкін.
Төртінші сценарий – жалған немесе аралас база. Даркнеттегі хабарландырудың өзі ештеңеге кепілдік бермейді. Қылмыстық ортада жалған дерекпен ақша талап ету, ескі базаны жаңа деп көрсету немесе бірнеше түрлі ақпаратты біріктіріп, оны «жаңа мемлекеттік база» ретінде сату да мүмкін. Сондықтан «дарктнетте сатылымға қойылды» деген факт пен «база шынайы» деген фактіні бір-бірінен ажырату керек.
Ал кім кінәлі?
Егер база шынымен ұрланған болса, бірінші кезекте оны заңсыз алған және таратқан киберқылмыскерлер жауап беруі тиіс. Бірақ мәселе мұнымен аяқталмайды. Қазақстанның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңында дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз таралуға және рұқсатсыз қол жеткізуге жол бермеу талаптары бекітілген. Заңда дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы ұғымының өзі де қарастырылған. Сондықтан нақты ақпараттық жүйеден дерек кеткені дәлелденсе, «хакер кінәлі» деген жауап жеткіліксіз. Тергеу мына сұрақтарға да жауап беруі керек:
* жүйеге сырттан қалай кірді?
* қандай осалдық пайдаланылды?
* қауіпсіздік жүйесі шабуылды неге ерте анықтамады?
* деректерге кімдердің қолжетімділігі болды?
* ішкі қызметкерлердің бірі қатысы бар ма?
* үшінші тараптың мердігерлері немесе интеграцияланған жүйелер арқылы ақпарат шықтыма?
* деректер қанша уақыт бойы қорғалмай тұрды?
* қауіп туралы бұрын ескерту болған ба?
* база бұрын басқа жерде сатылған ба?
Егер ішкі қауіпсіздік талаптары бұзылғаны анықталса, онда жауапкершілік тек сыртқы хакерлермен шектелмеуі мүмкін.
Даркнеттің нақты зияны қандай?
Көпшілік үшін «даркнет» деген сөздің өзі қауіпті көрінеді. Бірақ мәселе оның атауында емес. Даркнет – интернеттің жасырын инфрақұрылымының бірі. Оның заңды қолданылуы да бар. Бірақ анонимдік жоғары болғандықтан, онда заңсыз қызметтер, ұрланған деректер, зияндыбағдарламалар және қылмыстық қызметтерсаудаланатын алаңдар кездеседі. Егер адамның жеке деректері шынымен сол жерге түссе, оның қаупі бірнеше есе артады.
Біріншіден – фишинг. Қылмыскер адамның аты-жөнін, телефонын, жұмыс орнын біліп алса, оған сенімді көрінетін хабарлама жібере алады.
Екіншіден – әлеуметтік инженерия. «Банк қызметкерімін», «мемлекеттік органнан хабарласып тұрмын», «сіздің атыңызға несие рәсімделді» деген сияқты сценарийлер әлдеқайда сенімді болады.
Үшіншіден – аккаунттарды басып алу. Егер базада ескі парольдер немесе электронды пошта мәліметтері болса, сол пароль басқа сервистерде де қолданылған жағдайда қауіп артады.
Төртіншіден – жеке басын пайдаланып алаяқтық жасау. ЖСН, телефон, мекенжай, құжат мәліметтері сияқты ақпараттар біріктірілсе, алаяқтардың қолындағы құрал көбейеді. Сондықтан мәселе тек «менің телефоным мен аты-жөнім тарап кетіпті» дегенмен шектелмейді. Жеке дерек – қазіргі цифрлық экономикадағы адамның цифрлық кілті.
Осы жағдайға қатысты IT маманы Самат Мусин де қазақстандықтарды дүрбелеңге салынбай, цифрлық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Оның айтуынша, 15 миллион адамның дерегі даркнетке шықты деген ақпаратты естігенде алаңдау түсінікті. Алайда әлеуметтік желідегі кез келген хабарламаны бірден шындық деп қабылдауға болмайды.
«Қазақстандықтардың мұндай мәселеге алаңдауы дұрыс. Себебі жеке деректердің таралуы – өте маңызды мәселе. Бірақ интернетте тараған кез келген ақпаратқа бірден сене беруге болмайды. Бұл жаңалықты мен де естідім. Алайда әзірге оның нақты рас екеніне сенбеймін. Техникалық тексерудің нәтижесін күту керек», – дейді IT маманы.
Самат Мусиннің сөзінше, мәселенің екінші жағы – азаматтардың өздерінің цифрлық қауіпсіздікке немқұрайлы қарауы.
«Біздің тұрғындар кейде ЭЦҚ кілттерін басқа адамдарға бере салады. Тіпті кейбір азаматтар ЭЦҚ кілтінің паролін де өзгелермен бөліседі немесе қарапайым, бірдей парольдерді бірнеше жерде қолданады. Бұл – өте қауіпті. Әр адам өзінің электронды цифрлық қолтаңбасына өзі ие болуы керек. ЭЦҚ кілті мен оның құпиясөзін ешкімге беруге болмайды», – дейді маман.
Сондықтан маманның пікірінше, даркнеттегі ақпараттың рас-өтірігі анықталғанша да азаматтар өз қауіпсіздігін күшейтуі керек.
«Даркнеттің қауіптілігі осында. Ол жерде заңсыз алынған деректер ғана емес, түрлі алаяқтық құралдары да айналымда болуы мүмкін. Сондықтан адамдар өздерінің жеке мәліметтеріне өте мұқият қарауы қажет. Ең бастысы – ЭЦҚ кілтін, оның паролін, SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеу», – дейді Самат Мусин.
Ең маңызды қорытынды қандай?
Қазіргі таңда «15 миллион қазақстандықтың дерегі eGov-тан ұрланды» деген ақпарат расталған факт емес. Министрлік тексеру жүргізіп жатыр және eGov-қа қатысты расталған бұзу фактісі жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен бірге ведомство жарияланған деректердің бір бөлігі eGov жүйесініңқұрылымына сәйкес келмейтінін атап өтті. Бірақ бұл қоғамның алаңдауына негіз жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, соңғы жылдары Қазақстан азаматтарының деректері әртүрлі ақпараттық жүйелерге қатысты оқиғаларда қайта-қайта аталып келеді. 2025 жылы 16,3 миллион жазба туралы ақпарат тарағаны да осы мәселенің жүйелі сипаталып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінгі күннің басты сұрағы - «Қазақстан азаматтарының деректері нақты қай жүйелердес ақталады, олардың әрқайсысының қауіпсіздігіқалай тексеріледі және ақпарат сыртқа шыққан жағдайда мемлекет азаматтарды қаншалықты тез хабардар ете алады?» Өйткені 15 миллион деген сан расталмауы мүмкін. Бірақ дербес деректердің қара нарығында пайда болуының өзі – цифрлық мемлекет үшін өте маңызды сигнал. Егер бұл жалған база болса – оны кім және не үшін таратқанын анықтау керек. Егер база шынайы болса – оның нақты қайдан шыққанын анықтау керек. Ал егер әртүрлі ақпарат көздерінен құрастырылған болса – онда Қазақстанда бұрын болған дерек қауіпсіздігі оқиғаларының ауқымын қайта қарауға тура келеді.
Сондықтан әзірге «15 миллион адамның дерегі ұрланды» деп қорытынды жасауға ерте. Бірақ«алаңдайтын ештеңе жоқ» деуге де негіз жоқ. Ендігі сөз – техникалық сараптамада. Қазақстандықтар үшін әзірге ең дұрыс қадам – бірдей парольдерді бірнеше жерде қолданбау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, SMS-кодтарды, парольдерді және ЭЦҚ деректерін ешкімге бермеу. Бұл ұсыныстарды министрліктің өзі де жариялады. Ең бастысы, даркнеттегі бір адамның сөзі – кибершабуылдың дәлелі емес. Дәлел – цифрлық іздер, серверлік журналдар, деректердің құрылымы және тәуелсіз техникалық сараптама.