Спорт

«Қайратқа» тағы бір Дастан керек: Левскиден екі рет ұтылған алматылық клуб туралы толығырақ

«Қайратқа» тағы бір Дастан керек: Левскиден екі рет ұтылған алматылық клуб туралы толығырақ

«Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығу жолынан қағылды. Алматы клубы болгариялық «Левскиге» екі матчта да 0:1 есебімен есе жіберді. Енді чемпиондарымыз еурокубоктағы жолын жалғастырып, Еуропа лигасына өтудің қамын жасайды. Екінші кездесуде «Қайрат» жаман ойнаған жоқ. Алайда команданың ең үлкен мәселесі тағы да анық көрінді — шабуылды голға айналдыратын ойыншы жетіспеді. 13-минутта Рейналд есеп ашып, «Левски» сол минималды басымдықты соңына дейін сақтап қалды. Марк Гуаль мен Эдмилсон шабуылда айтарлықтай әсер ете алмады. Мартыновичтің алыстан соққы жасауға мүмкіндігі болғанымен, есепті теңестіре алмады. Қонақтар да бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды, ал Анарбеков қақпада сенімді ойнады, деп жазады Ozgeris.info тілшісі. 

Жанкүйерлер Тұяқбаевты күтті. Бірақ ол алаңға шықпады. Соңғы минуттарда 19 жастағы Мансұр Бирқұрмановтың алаңға шығуы да жағдайды өзгерте алмады. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің өзі командаға ойыншылар жетіспегенін атап өтті. Осы тұста Дастан Сәтпаевтың жоқтығы ерекше сезілді.

Бүгін, 12 тамызда, Дастан Сәтпаев 18 жасқа толып, «Челси» ойыншысы атанды. Ол «Қайраттың» шабуылындағы ең маңызды фигуралардың бірі еді. Сондықтан оның орнын бір ғана ойыншымен емес, толыққанды трансфермен жабу керек болатын. Өйткені «Қайрат» Дастанның жазда кететінін алдын ала білді. Соған қарамастан команда құрамды негізінен жастармен толықтырып, бірнеше легионер алды. Бірақ Сәтпаевтың деңгейіндегі гол соғатын футболшы табылған жоқ. Нәтижесінде Жоржиньюдің жарақаты мен Дастанның кетуі шабуылдағы проблеманы одан әрі күшейтті.

Ал былтырғы жетістіктен кейін клубтың бұған мүмкіндігі бар еді. «Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтіп, қомақты қаржы тапты. Демек, команда басшылығы құрамды күшейтіп, еурокубоктағы тұрақты нәтижеге негіз қалауға мүмкіндік алған. Сондықтан жанкүйерлердің «Левскиге» қарсы сәтсіздікті тек Туркістандағы ыстық ауа райы, нашар алаң немесе Канье Уэстің концертімен байланыстыруы дұрыс емес. Бұл факторлардың әсері болуы мүмкін, бірақ мәселе тереңірек. 

«Қайрат» Дастан Сәтпаевтың орнына неге деңгейі жоғары шабуылшы алмады?

Қазір ҚПЛ-да нәтижелі ойнап жүрген футболшылар бар. «Ордабасының» Йонсені, «Қызылжардың» Бугреі секілді шабуылшыларды мысалға келтіруге болады. Бірақ олар «Қайраттың» құрамында жоқ. Ал клуб еурокубоктағы шешуші матчта шабуыл шебін күшейтетін футболшыға мұқтаж екенін көрсетті. Тағы бір маңызды жайт: Дастанның «Қайратқа» қайта оралуы әзірге шынайы сценарий емес. Қазақстандағы жазғы трансферлік терезе 16 шілдеде жабылған. Сондықтан Сәтпаевтың ҚПЛ-ға дәл қазір қайта тіркелуі мүмкін емес. Оның үстіне бүгіннен бастап ол ресми түрде «Челси» жүйесінің ойыншысы.

Футбол жанкүйері Жасұлан Жұмалиев «Қайраттың» «Левскиге» қарсы ойынына баға беріп, командаға шабуылды аяқтайтын ойыншы жетіспегенін айтты.

«Мен ҚПЛ-ды 25 жылдай көріп келемін. Үзбей көремін, еурокубоктағы ойындарды да жібермеймін. «Қайраттың» былтырғы жетістігіне қатты қуандым. Биыл да сондай шу болып, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықса екен деп едім. Бірақ Еуропа лигасы да жаман емес. Әрі кетсе, Конференция лигасында ойнаймыз», — дейді жанкүйер.

Оның пікірінше, «Қайратта» ойын бар. Алайда ең маңыздысы — сол ойынды нәтижеге айналдыратын футболшы жоқ.

«Қайратта ойын бар, тек шабуылды аяқтайтын адам жоқ. Шынымен. Босқа допты алып жүргеннен не пайда, егер оны голға айналдыра алмасаң? Кешегі ойыны ұнамады. Командаға шешуші сәтте гол соғатын футболшы жетіспеді. Кешегі кездесуде «Қайратқа» Дастан Сәтпаевтың жоқтығы қатты байқалды», — дейді Жұмалиев.

Жанкүйер Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» болашағына да алаңдайтынын жасырмады.

«Дастанның да болашағы алаңдатады. Хаби не шешер екен? Бастысы, сағы сынбаса болды. Ол жас футболшы, алдында үлкен жол тұр. Ең бастысы — дұрыс шешім қабылдап, тұрақты ойнау мүмкіндігіне ие болса екен», — дейді ол.

Дастанның Лондондағы болашағы да қызық. Оның «Страсбур» секілді клубқа жалға берілуі туралы түрлі сценарий айтылып жүр, бірақ әзірге оның нақты қайда ойнайтыны жөнінде түпкілікті шешім жарияланған жоқ. Ал «Қайрат» үшін Сәтпаевтың кеткені — жай ғана бір футболшының жоғалуы емес. Бұл команда шабуылының басты қаруының кетуі. «Левскимен» болған екі матч соны анық көрсетті: «Қайратқа» допты алға жеткізетін емес, сол допты қақпаға кіргізетін ойыншы жетіспеді. Өткен жылы дәл сондай ойыншы Дастан Сәтпаев еді.

 

Барлық жаңалық