Қоғам

«Қызғаншақ, өзімшіл, сорлы еркек»: Танымал заңгер Азамат Сатыбалдыға баға берді

«Қызғаншақ, өзімшіл, сорлы еркек»: Танымал заңгер Азамат Сатыбалдыға баға берді

Заңгер Айгүл Орынбек Шымкент қаласындағы театрлар мен мәдени-спорттық нысандардың жағдайын сынға ала отырып, Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Әбдікәрімованың актерлік шеберлігіне баға берді, деп хабарлайды Ozgeris.info

Заңгердің сөзінше, ол жуырда Алматы қаласына арнайы барып, «Сен және Мен» спектаклінің премьерасын тамашалаған. 

«Қазақ театрының атасы Шымкенттен шықса да, Шымкенттің театрлары баяғыда өлген… Кеше «Сен және Мен» спектаклінің премьерасына арнайы Алматыға бардым. Премьерадан кейін әлі күнге дейін өзіме келе алмай жүрмін. Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Әбдікәрімованың ойыны өте жоғары деңгейде. Өте шынайы. Тіпті көрген әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Спектакльде атақ, абырой, ақша үшін өз отбасын айырбастаған қазақ еркегінің образы керемет ашылған. Ал қаншама қазақ қызының тағдыры осындай төрт қабырғаның ішінде өз бақытын күтумен өтті десеңізші… Өзі бақытсыз бола тұра, өзгені де бақытсыз ететін қызғаншақ, өзімшіл, сорлы еркектің бейнесі де өте шынайы көрсетілген. Премьерадан кейін Назгүл ханымды Шымкентке шақырдым. Бірақ бірден іштей ұялып қалдым. «Айгүл, қай театрыңа шақырып тұрсың?» — деп өзіме өзім сұрақ қойдым. Ж. Шанин театры, Асқар Мырзахметов ағамыз салып бергеннен кейін жөндеу көрмеген. Биыл Қарағанды театр актерлары өз қойылымдарымен келгенде, едендерінің тесіктерінен кірерге жер таппай отырғаным есіме түсті. Сәрсен Құранбек ағам Шымкентке алғаш келген жылы Ресейден арнайы мамандар шақырып, миллиардтаған теңгеге жөндеу жасатамын деп біраз бөскен еді. Бірақ «құрсын, театрды кім көріп жатыр?» деп бөлінген ақша басқа жаққа кетіп қалды ма, биыл жазда театрға қарадым — әлгі жөндеуді көре алмадым», — деп жазды Айгүл Орынбек.

Заңгер бұдан бөлек, Шымкенттегі Жастар театры мен жаңа Опера және балет театры мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, жаңа театр ғимаратының құрылысы туралы әңгіме болғанымен, бұл бастама әлі жүзеге аспаған. Сондай-ақ қалада салынуы тиіс мәдени және спорттық нысандардың құрылысына қатысты да сын айтты.

«Жастар театрына шақырайын десем, кеңес үкіметінен қалған орындықтар сықырлап, сахнада ойнап жатқан актердің дауысын ести алмай әбігер болғаным есіме түсіп, тағы да есімді жиып алдым. Ал Әйтеновтың кезінде салынып бітуі керек болған жаңа Опера және балет театры салынып біткенде, сол жерге мақтанып тұрып шақырар едім. Бірақ, өкінішке қарай, оның тіпті іргетасы да қаланбаған. Сыздықбеков әкім болып келгенде, шетел көріп, өркениетті қалалардың қалай дамып жатқанын көрген адам ғой деп үміттендім. «Бірінші кезекте әлеуметтік, мәдени және спорт нысандарын салуға кірісер» деп күттім. Өкінішке қарай, көзге көрінер жаңа нысан жоқ. Тіпті 2026 жылы бітуі керек футбол стадионының өзі әлі «салынайын деп жатыр» деп жарнамаланып келеді. Президенттің нақты тапсырмалары орындалмаған соң, Айгүл ау сенің спектаклің кімге керек?! Жайыңа тыныш жүрші, Сен және Менді Шымкент халқы көрмей-ақ қойсын деп тілімді тістедім», — деп жазды заңгер.

Барлық жаңалық