Қазақстанда тауар мен қызметтің бағасын қолма-қол төлем және бөліп төлеу (рассрочка) бойынша бөлек көрсету мәселесі қызу талқыланып жатыр. Үкімет, қаржы реттеушісі және банк секторы бұл бастаманы нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған қадам деп есептесе, кәсіпкерлер арасында пікір әртүрлі, деп жазады Ozgeris.info.
Үкімет не талап етіп отыр?
Премьер-министр Олжас Бектенов халыққа ұсынылатын несие және бөліп төлеу шарттарының барынша ашық болуын міндеттеді.
«Банктер мен кредиттік ұйымдар, сауда орындары тауар бағасындағы бөліп төлеу құнын, барлық артық төлем мен пайызды ашық көрсетуі керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несиелеуді тұрақтандыру үшін нақты шаралар қажет», деді Бектенов Үкімет отырысында.
Бұл талап тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын қорғауға, сонымен бірге жасырын үстемеақылар мен банктік комиссияларды нақты көрсетуге бағытталған.
Ал 11 қазаннан бастап өз қаражаты есебінен бөліп төлеу ұсынатын сатушыларға «қос баға» көрсету міндеті күшіне енді.
Банктер не дейді?
Қос баға бастамасын Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова да қолдап отыр. Оның айтуынша, бұл клиент үшін әділдік пен айқындықты қамтамасыз ететін шешім.
«Мен бұл бастаманы қолдаймын, себебі клиент бәрін ашық әрі түсінікті көруі керек. Көп адам бөліп төлеуді рәсімдегенде, оның ішінде комиссия мен пайыздық үстеме барын білмейді. Бұл – тұтынушыны адастырудың бір түрі», – деді банкир.
Шаяхметованың пікірінше, ашық баға жүйесі адал бәсекені қалыптастырып, клиенттер мен бизнес арасындағы сенімді нығайтады.
Kaspi.kz те өз ұстанымын білдіріп, компанияның ережелерінде төлем тәсіліне байланысты бағаны өзгертуге тыйым салынғанын еске салды. Яғни, Kaspi экожүйесінде тауар бағасы бұрынғыдай бірдей қалады.
Сарапшы көзқарасы: кім ұтады, кім ұтылады?
Кәсіпкер және бизнес-трекер Геннадий Ким қос баға жүйесін енгізу – нарықтың табиғи эволюциясы деп санайды. Оның айтуынша, Kaspi Bank бірыңғай баға саясатын енгізгеннен кейін онлайн саудада тәртіп орнаған, бірақ оффлайн саудада бақылау болмағандықтан, кей сатушылар «жасырын жеңілдіктер» жасап келген.
«Негізгі пайда алушы – банк. Бұл заңды, өйткені ол тәуекелді көбірек көтереді: кешіктірілген төлемдер, қарыздарды жинау және басқа тәуекелдер. Бірақ тұтынушының ұтысы тек ашық баға болғанда ғана байқалады», дейді сарапшы.
Комиссияны кім төлейді?
Кимнің айтуынша, банк комиссиясын сатып алушы емес, сатушы төлейді. Мысалы, егер смартфон 100 мың теңге тұрса және банк 5% комиссия ұстаса, сатушыға 95 мың теңге ғана түседі. Сатып алушы болса, банктің алдында толық 100 мың теңгені бөліп төлеу арқылы өтейді.
«Көпшілік қате түсінеді комиссияны банк клиенттен емес, сатушыдан ұстайды. Бірақ болашақта сатушы бұл шығынды бағаға қосып, тұтынушыға жүктеуі мүмкін», дейді Ким.
Екі баға жүйесі тұтынушыны шатастыра ма?
Сарапшының пікірінше, қос баға жүйесі қысқа мерзімде сатылым көлеміне аздап әсер етуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде нарық теңгеріледі.
«Халықтың 90%-ы несие немесе бөліп төлеу өнімдерін қолданады. Қолма-қол төлеуге дайын адамдардың үлесі – шамамен 10%. Сондықтан үлкен өзгеріс болмайды. Тек алғашқы айларда шағын төмендеу болуы мүмкін», дейді ол.
Дегенмен, Ким психологиялық факторды да ескеру қажет деп санайды:
«Клиент екі бағаны қатар көргенде өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін. Қолма-қол бағасы арзан, бірақ ақшасы жетпейді. Бұл ішкі әділетсіздік сезімін тудырады. Сондықтан кей бизнес үшін қос баға емес, бірыңғай және адал баға стратегиясы тиімдірек», дейді сарапшы.
Геннадий Ким реттеушінің бастамасын жалпы позитивті және реалистік шешім деп бағалайды:
«Тыйым салудан гөрі, нарықтың шынайы жағдайын мойындап, тұтынушының таңдау еркіндігін арттыру дұрыс қадам. Қолма-қол төлегісі келген адам арзанырақ төлейді, ал бөліп төлеуді қалаған адам көбірек төлейді. Ең бастысы, бәрі ашық болуы керек», дейді ол.
Алайда сарапшы реформаны біртіндеп енгізу қажеттігін ескертеді:
«Бүгінде тіркелген жарты миллион кәсіпкердің 90%-ы шағын бизнес. Егер бәрін бірден міндеттесек, нарық күйзеліске түсуі мүмкін. Алдымен түсіндіру, сосын бейімдеу, кейін ғана бақылау. Басты мақсат жазалау емес, көмектесу», деп қорытындылады Ким.