Түркияның Сиверек қаласындағы кәсіптік-техникалық мектепте жан түршігерлік оқиға болды. Осы білім ордасының 17 жастағы бұрынғы оқушысы қолына шолақ мылтық алып, мектепке баса-көктеп кірген. Ол алдымен аулада оқ жаудырып, содан кейін ғимарат ішіне кіріп, алдынан шыққандарға қарата қару қолданған деп хабарлайды ozgeris.info сайты tengrinews ке сілтеп.
Бұл шабуылдың салдарынан 12 оқушы мен екі мұғалім зардап шекті. Сондай-ақ мектеп маңында болған тағы екі адам жараланды. Тілсіз жаудан қашқандай жанұшырған балалардың кейбірі тіпті терезеден секіріп құтылуға тырысқан. Оқиға орнына жедел жеткен арнайы жасақ сарбаздары шабуылдаушыны берілуге көндірмек болды. Алайда қарулы жасөспірім бірнеше адамды кепілге алып, соңында өз-өзіне қол жұмсады.
Алдын ала болжам бойынша бұл қанды оқиғаға жасөспірімнің досымен арадағы кикілжіңі себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта мектептегі оқушылардың көбі қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға орнында жедел қызмет мамандары мен құзырлы органдар жұмыс істеп жатыр.