Қазіргі тұтынушылық нарықта жаңа гаджет немесе тұрмыстық техниканы сатып алудың екі жолы бар: бірі – жинаған қаражатыңды бірден санап беріп құтылу, екіншісі – банктің бөліп төлеу (рассрочка) қызметін пайдалану. Көпшілік «қарызға кірмейін» деген ниетпен қолма-қол ақшаны таңдаса, кәсіби инвесторлар бұл әрекетті «мүмкіндіктерді өз қолыңмен тұншықтыру» деп бағалайды, деп жазады Ozgeris.info.
Инвестор Тұрар Әбди өзінің телеграм-арнасында жеке тәжірибесіне сүйене отырып, қолында дайын қаражаты бар адамның неліктен бөліп төлеуге жүгінуі керектігін нақты математикалық есеппен дәлелдеп берді.
Қаржы маманының пайымдауынша, бүгінгі таңда тауардың толық құнын бірден өтеу – ақшаны «өлтірумен» тең. Ол жақында жасаған қымбат сатып алуын мысалға келтіре отырып, күрделі пайыз бен ақша айналымының пайдасын былайша түсіндіреді.

«Жақында мен 500 мың теңгеге жаңа смартфон сатып алдым. Ресми дүкендегі бағаны салыстырып көргенімде, тауарды қолма-қол ақшаға сатып алу мен 24 айға бөліп төлеуге рәсімдеудің құны абсолютно бірдей болып шықты. Сатып алуға жететін ақшам қолымда дайын тұрса да, мен оны бірден дүкен кассасына бере салмай, 24 айға бөліп төлеуге (0-0-24) рәсімдедім. Неге десеңіздер, мен қолымдағы дайын 500 мың теңгеге жылдық сыйақысы 22 пайыз болатын, купондық табысы (яғни, облигация иесіне төленетін сыйақы мөлшері) ай сайын төленіп тұратын облигацияларды сатып алдым. Ал енді осы жердегі күрделі пайыздың сиқырын есептеп көрейік: Жылдық 22 пайыз мөлшерлемемен менің 500 мың теңгем жылына 110 мың теңге табыс әкеледі. Демек, ай сайын менің шотыма шамамен 9167 теңге көлемінде купондық табыс түсіп тұрады. Смартфон үшін банктің алдындағы ай сайынғы төлемім 20 833 теңгені (500 мың теңгені 24 айға бөлгендегі сома) құрайды. Нәтижесінде, мен бөліп төлеудің, яғни кредит бойынша міндеттемемнің жартысына жуығын осы құнды қағаздардан түскен купондармен жабамын да, өз қалтамнан небәрі 11 666 теңге ғана қосамын. Екі жыл ішінде бұл купондар маған таза 220 мың теңге пайда әкеледі. Қорытындысында, 24 ай өткен соң бөліп төлеу толық жабылады, ал облигацияларды өтеу мерзімі жеткенде бастапқы 500 мың теңгем өзіме толық көлемде қайтарылады. Осылайша, смартфонның нақты бағасы мен үшін небәрі 280 000 теңгеге (яғни, 500 мың теңгеден екі жылда тапқан 220 мың теңге табысты шегергенде)», дейді Т. Әбди.

Бұл стратегия – қаржылық сауаттылықтың ең жоғарғы деңгейінің бірі. Алайда, инвестор облигация (мемлекет немесе ірі компаниялар қаражат тарту үшін шығаратын, иесіне белгілі бір мерзімде негізгі ақшасын сыйақысымен қайтаруға кепілдік беретін құнды қағаз) нарығының жаңадан бастағандар үшін күрделі болуы мүмкін екенін жасырмайды. Себебі, мұнда брокерлік шот ашу, бағалы қағаздардың тәуекелін есептеу сияқты арнайы дағдылар қажет.
Дегенмен, қарапайым халық үшін бұдан да жеңіл әрі сенімді жолдар бар. Мәселен, құнды қағаздар нарығы түсініксіз болса, қолдағы ақшаны жоғары пайызды банк депозитіне (жинақ шотына) салып қоюға болады. Депозиттер арнайы қаржылық білімді қажет етпейді және мемлекет тарапынан сақтандырылғандықтан өте сенімді. Бұл жердегі басты қағида – ақшаны «жұмыссыз» қалдырмау. Егер сіз тауарды бөліп төлеуге алып, оның ақшасын банкте сақтасаңыз, банк сізге ай сайын сыйақы төлеп отырады. Бұл дегеніміз – тауардың құны инфляция есебінен біртіндеп арзандайды, ал сіздің жинағыңыз керісінше көбейе түседі деген сөз. Сондықтан, «ақшаны үнемдеу оны бірден жұмсау емес, оны дұрыс басқара білу» деген алтын ережені ұстану заманауи тұтынушы үшін ең тиімді қадам болмақ.