Елімізде қоғамдық тәртіп пен мәдениет ақсап тұр. Халық тәртіп сақтай алмайды, заңға бағынбайды, еттері салғырттықа үйреніп кеткен. Ережеге бағынбау ерлікке айналып кеткендей. Автокөліктерді көгалдарға және жаяу жүргіншілер жолына қойып кетеді, демалыс күндерінен кейін таулы аймақтар мен су жағалаулары қоқысқа толып қалады. Адамдар шомылуға және от жағуға тыйым салынған орындарда ережелерді елемеуді шығарған. Осындай жағдайлар қайғылы оқиғалармен аяқталып жатыр. Мысалы, суға батып кеткен жағдайлардан кейін көпшілік мемлекетті кінәлап, «құтқарушылар болмаған» деп шағымданады. Негізінде жауапкершілік әркімнен басталады. Қоғамда «бәрі осылай істейді» деген жалған індет жайылып барады. Ozgeris.info тілшісі заңгер, әлеуметтанушы, психолог мамандардың пікірлерін негізге алып тақырыпты тереңірек зерттеп көрді.
Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды
Заңгер Шолпан Утеева Сайран көлінде 2023 жылы болған қайғылы жағдайды мысалға келтірді. Ол кезде екі адам көз жұмған еді, ал жағалауда “Шомылуға тыйым салынған» деген белгілер орнатылған болатын. Биыл да сол салғырттық орын алды. Әлі құрылысы бітпеген көлге ыстықтан қашқан халық шомыла бастады. Салдарынан екі адам суға батып кетті. Алайда, биыл тыйым салынған белгілер орнатылып үлгермеген, қайғылы оқиғадан кейін ғана билік бақылауды күшейтті.
«Тыйым салынған ескерту болған жағдайда, адам өз өміріне жауапкершілік алуға тиіс. Конституцияның 1-бабына сәйкес, мемлекет азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Яғни, алдын алу шараларын ұйымдастыру, инфрақұрылым құру, ақпараттандыру. Сайранда бұл талаптар орындалған: белгілер орнатылған, ақпарат ашық болған. Тыйымды елемей, қауіпке әдейі бару азаматтың жеке шешімі», - дейді маман.
“Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” заңда мұндай әрекеттерге айыппұл қарастырылған. Десе де, халық қарастырылған жазаларға немқұрайлы қарайды. ІІМ деректеріне сүйенсек, 2023 жылы суға түсуге тыйым салынған жерлерде жүргені үшін 12 347 адамға айыппұл салынып, мемлекетке 236 млн теңге түскен. Соған қарамастан, қайғылы жағдайлар тоқтамай отыр. Бұл құқықтық мәдениеттің төмендігін көрсетеді.
Маманның пікірінше, мемлекеттен толық бақылауды және қауіпсіздікті талап ету – иллюзия. Азаматтар өз тарапынан ережелерді сақтауға, саналы әрекет етуге және жауапкершілікті мемлекетпен бөлісуге тиіс.
Біз әлі де ‘мемлекет бәрін шешеді’ деген санада өмір сүріп жатырмыз
Әлеуметтанушы Есет Есенқараев мәселені тарихи контекспен байланыстырады. Кеңестік кезеңде халық әлеуметтік кепілдікке үйреніп, өз бетімен шешім қабылдауға бейім болмаған.
«Тоталитарлық жүйе бізді жауапкершілікке емес, бағыныштылыққа үйретті. Қазір біз еркін қоғамда өмір сүреміз, бірақ санамыз сол ескі күйде қалып қойған», - дейді ол.
2024 жылы Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың 62 пайызы барлық негізгі мәселені мемлекет шешуі тиіс деп санаған, оның ішінде қоғамдық тәртіп пен тазалық та бар.
Маманның айтуынша, нарықтық қатынастар жауапкершілікке үйретіп жатыр. алайда бұл процесс өте баяу қарқынмен жүруде. Мәселен, Германия сынды дамыған елдерде, Eurobarometer 2023 деректеріне сәйкес, азаматтардың 78 пайызы қоғамдық тәртіпті сақтау әркімнің жеке міндеті деп есептейді екен. Ал Қазақстанда әлі де “мемлекет шешуі тиіс” деген ұстаным басым.
Заңды сыйлау - сана деңгейінің көрсеткіші
Психолог Екатерина Курасова-Ким мәселені құқықтық сана деңгейімен түсіндіреді. Ол Анталья әуежайындағы хабарландыруды мысалыға келтіреді.
«Орыс тіліндегі нұсқада тарихи құндылықтарды шетелге шығару үшін 10 жыл түрмеге қамалатыны жазылған, ал неміс тілінде тек айыппұл туралы айтылған. Мұндай мысал құқықтық сана деңгейіндегі айырмашылықты көрсетіп отыр», - дейді маман.
Қоғамдық даму институтының 2024 жылғы зерттеуі көрсеткендей, азаматтардың 57 пайызы ұсақ заңбұзушылықты қалыпты, тіпті ‘ақталған’ әрекет ретінде санайды екен. Яғни, «ешкімге зияны тимесе, неге болмасқа» деген ой жиі айтылады.
Психолог посткеңестік кезеңнің және жемқорлықтың құқықтық мәдениетке әсерін ерекше атап өтті.
«90-жылдардағы қылмыс, заң үстемдігінің әлсіздігі, таныс арқылы мәселені шешу сынды түсініктер біздің заңды айналып өтуімізге, сыйламауымызға әкелді. Енді бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып барады», - дейді маман.
Ол Алматы қаласындағы бір жарнаманы мысалға келтіреді.
“Адал полицияның болғанын қалайсың, ал өзің пара беріп жүрсің?”.
Мұндай қосарлы стандарттар қоғамда алаңдаушылық пен құндылықтардың жоғалуына себеп болады дейді маман. Психологтыңтың айтуынша, әркім өзінен бастағаны дұрыс.
Қоғамдық тәртіп – азаматтық сана көрінісі
Мәдениеттанушы Самир Серікбаев азаматтық жауапкершілік ұғымын мәдени тұрғыдан түсіндіреді.
«Нағыз демократиялық қоғамда азамат заңды құрметтейді, өйткені ол сол заңның қалыптасуына қатысқан. Ал бізде әлі де заң сырттан келген тыйым ретінде қабылданады», - дейді ол.
Мысалы, Алматыда 2024 жылы рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағандардан 387 млн теңге айыппұл жиналған. Халық одан да сабақ алмады дейді маман.
«Мәселе жазада емес, санада. Қала қарқынды дамып жатыр, ал сана-сезім артта қалып келеді. Көшпенділіктен қала мәдениетіне өту бір-екі буынмен шешілмейді», - дейді Серкебаев.
Оның ойынша, тәртіп пен тазалықты мектептен емес, отбасынан үйрету керек.
Бала көргенін қайталайды
Ақтаулық мұғалім Алла Викторовнаның айтуынша, баланың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруда ата-ананың рөлі маңызды.
«Мектепте біз бәрін түсіндіреміз, мысалы жол ережесі, қауіпсіздік, экология туралы. Ал егер үйде ата-анасы басқа үлгі көрсететін болса, бәрі зая кетеді»,- дейді ұстаз.
2024 жылы бастауыш сынып оқушыларының 70 пайызының ата-анасы оларға ертегі оқымайтыны және тәртіп нормаларын талқыламайтыны анықталған.
Ол ата-аналарды қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуға шақырады. Мысалы, ағаш отырғызу, ойын алаңдарын жөндеу. Бұл балаларға еңбекті, тәртіпті бағалауды үйретеді. Білім министрлігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылы мектептерде 45 672 шара өткізілген, алайда, отбасы тарапынан қолдау болмаса, олардың әсері де болмайды.
Жалақымен ынталандыру – шешім, бірақ…
Ресейде заң бұзушы туралы хабарлаған адамға айыппұлдың 10%-ын беру тәжірибесі бар. Бұл тиімді нәтиже беріп отыр. Ал Қазақстанда аталмыш тәсілге қоғам екіұдай қарайды. Мысалы, 2024 жылы Алматыда камералар жол ережесін бұзған 127 893 жағдайды тіркеді. Нәтижесінде 2,5 млрд теңге бюджетке түскен. Бірақ әлеуметтік желіде сауалнама жүргізілгенде, азаматтардың 43%-ы бақылауды күшейтуді қолдаса, 52%-ы «шағымдануды» дұрыс көрмейді.
«Бізде әлі де ‘бір-бірімізге тимейік’ деген менталитет басым. Ал саналы қоғам тек өзің үшін емес, ортақ тәртіп үшін де жауап беру», - дейді әлеуметтанушы Есенқараев.