Жаңалықтар

Шымкенттегі инфекциялық ауруханада аналар мен балалар дәлізде жатуға мәжбүр болды

Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында орын тапшылығына байланысты аналар мен ауру балалар дәліздің еденінде жатуға мәжбүр болған. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты OTYRAR “Telegram” каналына сілтемемен.

 

Жазбада әйелдердің балаларымен бірге палатадан тыс, дәліздің бойында төсеніш пен жастыққа жатырғаны көрінеді. Көпшіліктің наразылығын тудырған бұл жағдай ел ішінде қызу талқыланып жатыр.Қаладағы жалғыз жұқпалы аурулар ауруханасы ересектер мен балаларды бірдей қабылдайды. Нысанға шамамен 40 жыл болған. Биыл басында күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа жабдықтар орнатылғанымен, науқастар әлі де қолайсыз жағдайға шағымдануда.

 

Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, орын тапшылығы уақытша қиындықтармен байланысты. Қазір ауруханада 10 бөлімшенің 8-і тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда ерекше қауіпті инфекцияларға шалдыққан науқастарға көмек көрсетіледі. Барлығы 204 төсек орны қарастырылған, әр палатада жеке санитарлық торап пен желдету жүйесі бар.Әкімдік түсіндірмесінде былай делінген:

 

«Көп науқас түскен жағдайда науқастарды дәлізге уақытша орналастыруға рұқсат етіледі және бұл санитарлық нормаларды бұзу болып саналмайды. Мұндай шешім Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес қабылданады. Қазір ешқандай санитарлық талаптардың немесе дәрігерлік этиканың бұзылғаны анықталған жоқ. Пациенттердің жағдайы тұрақты бақылауда, сауығып келе жатқандар амбулаторлық емге жіберілуде».

 

Аурухана әкімшілігі де эпидемиологиялық ахуалдың бақылауда екенін, ал медициналық персоналдың барлық іс-әрекеті бекітілген стандарттарға сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Барлық жаңалық