Жыл басынан бері ел экономикасында елеулі өзгеріс байқалады. Бұған дейін мемлекеттің қаржылық әлеуетін алға сүйреп келген мұнай, кен өндіру секілді салалар қарқынын бәсеңдетті. Олардың орнын өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және көлік салалары толтыра бастады. Сарапшылар мұны экономиканың жаңа бағыттары күшейіп келе жатқанының белгісі деп бағалайды, деп сараптайды Оzgeris.ingo
Иә, қаңтар-ақпан айлары Қазақстан экономикасы үшін біркелкі болған жоқ. Әсіресе тау-кен өндіру саласында туындаған күрделі жағдайлар жалпы көрсеткіштерге әсер етті. AERC қолданбалы зерттеулер департаментінің директоры Асхат Мұхтарұлының айтуынша, сала бір мезетте бірнеше қиындықпен бетпе-бет келді. Каспий құбыр консорциумының көлік инфрақұрылымына жасалған шабуылдар мен Теңіз кен орнындағы апат өндірістік көлемнің қысқаруына алып келген. Ал өндіруші өнеркәсіп Қазақстан экономикасындағы ең ірі салалардың бірі екенін ескерсек, оның төмендеуі жалпы көрсеткіштерге де ықпал етпей қоймайды.
Алайда шикізат секторындағы әлсіреу өзге бағыттардағы өсіммен қатар жүріп жатыр. Соңғы айларда құрылыс қарқыны күшейіп, көлік және қоймалау қызметтері де жоғары көрсеткішке шықты. Сонымен бірге өңдеуші өнеркәсіп жаңа серпін алып отыр.
«Қазір өңдеу секторындағы өсім 9 пайыздан асты. Бірақ сала құрылымына үңілсек, жағдайдың бәрі бірдей емес. Өңдеуші өнеркәсіптің 40 пайыздан астамын құрайтын металлургия бірінші тоқсанда 6,3 пайыз төмендеді», дейді Асхат Мұхтарұлы.
Сарапшылар назар аударып отырған маңызды жайт – өңдеуші сектордағы өсімнің жаңа көздері қалыптасып келе жатқаны. Бұрын негізгі күш металлургияға түссе, қазір машина жасау саласы алдыңғы қатарға шыққан. Бұл бағыттағы өсім 20 пайыздан асып отыр. Саланың көлемі металлургиямен салыстырғанда шағын болғанымен, бүгінгі күні өңдеуші өнеркәсіптің жалпы көрсеткішін жоғары ұстап тұрған негізгі қозғаушы күштің бірі осы бағытқа айналып отыр.
Мамандар мұны тек нарықтағы өзгерістермен түсіндірмейді. Мұнда мемлекеттік қолдау тетіктерінің де ықпалы бар. Жеңілдетілген несиелер, түрлі қаржылық ынталандыру құралдары және «Бәйтерек» холдингі арқылы бөлінетін қаражат өндіріс секторына қосымша мүмкіндік беріп отыр. Үкімет жоспарына сәйкес 2026 жылы «Бәйтерек» құрылымдары арқылы экономикаға бағытталатын қолдау көлемі 8 триллион теңгеге жетпек. Қаржының басым бөлігі экономикалық қайтарымы жоғары жобаларға бағытталады.
Алайда сарапшылар бұл жерде тағы бір маңызды мәселені көтеріп отыр. Ішкі нарық көлемі шектеулі болғандықтан, кәсіпорындар ұзақ мерзімде тек ел ішіндегі сұранысқа сүйеніп жоғары нәтиже көрсете алмайды. «Компания қолайлы жағдайда жұмыс істеп, мемлекеттік қолдауға ғана сенсе, өнім сапасын жетілдіруге ынта төмендейді. Ал сыртқы нарыққа шығу бәсекені күшейтіп, дамуға итермелейді», дейді сарапшы Асхат Мұхтарұлы.
Осы себепті жеңілдетілген қаржыландыру алу шарттарының бірі ретінде экспорттық міндеттемелерді енгізу ұсынылады. Мұндай тәсіл кезінде әлемдік нарыққа ірі компаниялар шығарған Азия елдерінің тәжірибесіне ұқсайды. Сонымен қатар бюджет құрылымындағы бұрыннан қалыптасқан теңгерімсіздік әлі де сақталып отыр. Республикалық бюджетте кейбір салық түсімдері жоспардан төмен болғанымен, өңірлік бюджеттер бірқатар бағытта жоспарланған межеден асып түсті. Бірақ бұл жағдай жалпы тәуелділік сипатын өзгертпеген.
Қазір еліміздегі біраз өңірдің бюджеті әлі де республикалық трансферттерге сүйенеді. Кейбір аймақтарда кірістің 70 пайыздан астамы орталықтан бөлінетін қаражат есебінен қалыптасады. Ал негізгі донор өңірлер қатарында бұрынғыдай Алматы, Атырау облысы және Астана тұр.
Экономиканың екінші жарты жылдағы бағытына қатысты негізгі қауіп те белгілі. Сарапшылар инфляция қысымының сақталуы мүмкін екенін айтады. Мұнай бағасының жоғары болуы бір жағынан мемлекет кірісін көбейтсе, екінші жағынан әлемдік нарықтағы баға өсімін күшейтуі ықтимал.
Сондықтан алдағы кезеңде экономиканың өсім қарқынынан бөлек, сол өсімнің сапасы маңызды болмақ. Себебі бүгінгі жағдай Қазақстан экономикасының тек шикізатқа сүйенген модельден біртіндеп өзге бағыттарға бет бұра бастағанын да аңғартады.