🤖 Digital

Түйіндемені жасанды интеллект жазатын заман келді

Түйіндемені жасанды интеллект жазатын заман келді

Бір кездері жұмысқа орналасу үшін диплом мен еңбек кітапшасы жеткілікті саналатын. Кейін нарық өзгерді. Енді жұмыс беруші ең алдымен адамның өзін қалай таныстыратынына қарайды, деп жазады Ozgeris.info.

 

 Сарапшылардың айтуынша, қазіргі еңбек нарығында түйіндеме – жай құжат емес, адамның цифрлық бейнесіне айналған. Дәл осы себепті әлемде жасанды интеллектіні жұмыс іздеу  енгізу үдерісі қарқынды дамып келеді. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалып жатқан жоқ. Жақында Kaspi.kz «Kaspi Жұмыс» сервисіне жасанды интеллект көмегімен түйіндеме өңдейтін жаңа жүйе енгізді.

 

Бүгінде көптеген адам өз тәжірибесін кәсіби әрі тартымды етіп жеткізе алмайды. Әсіресе бір орында ұзақ жыл еңбек еткен мамандар үшін бұл үлкен мәселе. Олар істеген жұмысын қарапайым тіркестермен ғана сипаттап, өз қабілетін толық аша алмай жатады. Ал қазіргі еңбек нарығында алғашқы әсерді көбіне бірнеше секунд ішінде оқылатын түйіндеме қалыптастырады.

 

Kaspi AI жүйесі дәл осы мәселені шешуге бағытталған. Пайдаланушы жұмыс орнының атауын, қызметін, еңбек өтілін және негізгі міндеттерін енгізеді. Одан кейін жасанды интеллект ақпаратты талдап, кәсіби тілде құрылымдалған сипаттама ұсынады. Жүйе мәтінді тек грамматикалық тұрғыдан түземейді. Ол еңбек нарығындағы қазіргі талаптарды ескеріп, үміткердің тәжірибесін жұмыс берушіге түсінікті әрі тартымды форматқа бейімдейді.

 

Мәселен, қарапайым адам түйіндемесіне «сатумен айналыстым» деп жазуы мүмкін. Ал жасанды интеллект мұны «клиенттермен жұмыс жүргізіп, сату көрсеткішін арттыруға қатысқан» деген секілді кәсіби стильге ауыстырады. Нәтижесінде адамның тәжірибесі әлдеқайда сенімді көрінеді.

 

Әлемде мұндай технологиялар бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. LinkedIn, Indeed, Glassdoor секілді халықаралық платформалар жасанды интеллектіні үміткерлерді іріктеу мен түйіндеме сараптауға белсенді енгізіп жатыр. Америкалық McKinsey зерттеу ұйымының дерегінше, 2030 жылға қарай әлемдегі жұмыс процестерінің едәуір бөлігі автоматтандырылып, HR саласының басым бөлігінде жасанды интеллект негізгі құралға айналуы мүмкін.

 

Гарвард бизнес мектебінің сарапшылары еңбек нарығында «AI-assisted recruitment» деп аталатын жаңа модель қалыптасып жатқанын айтады. Бұл – жұмысқа қабылдау процесінің жасанды интеллект көмегімен жүруі. Яғни, жүйе үміткердің мәтінін талдап қана қоймай, оның еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетін де бағалай алады.

 

Оксфорд университетінің Future of Work бағдарламасын зерттеушілер қазіргі еңбек нарығында «self-presentation economy» ұғымы күшейгенін айтады. Бұл адамның білімі мен тәжірибесінен бөлек, өзін цифрлық ортада қаншалықты дұрыс көрсете алатыны маңызды бола бастағанын білдіреді.

 

Соңғы жылдары түйіндеме жазу мәдениеті де түбегейлі өзгерді. Бұрын HR мамандары ұзақ мәтіндерді оқитын болса, қазір көптеген компания автоматты сүзгілеу жүйесін қолданады. ATS деп аталатын мұндай жүйелер түйіндемені алдымен алгоритм арқылы тексереді. Егер мәтінде қажетті кілт сөздер болмаса, адам ресурстары бөліміне жетпей-ақ іріктеуден шығып қалады.

 

Kaspi AI енгізіп отырған жүйе де осы жаңа еңбек нарығына бейімделуге көмектеседі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай технология әсіресе жастарға, студенттерге және еңбек жолын жаңадан бастап жатқан адамдарға пайдалы болуы мүмкін. Себебі олардың тәжірибесі аз болғанымен, жүйе қабілеттерін дұрыс құрылымдауға көмектеседі.

 

Дегенмен әлемде бұл технологияға қатысты алаңдаушылық та бар. Массачусетс технологиялық институтының зерттеушілері жасанды интеллект түйіндемені «тым мінсіз» етіп көрсетуі мүмкін екенін айтады. Соның салдарынан жұмыс беруші мен үміткер арасындағы шынайы сәйкестік әлсіреуі ықтимал. Кей сарапшылар мұны «AI polishing effect» деп атайды. Жасанды интеллект адамның кәсіби бейнесін шынайы деңгейден жоғары көрсету қаупі бар.

 

Stanford Human-Centered AI институтының мамандары болашақта жұмыс іздеу процесі екі алгоритм арасындағы бәсекеге айналуы мүмкін екенін айтады. Бір жағында – үміткердің түйіндемесін өңдейтін жасанды интеллект, екінші жағында – компаниялардың автоматты іріктеу жүйелері. Бұл еңбек нарығын мүлде жаңа кезеңге алып келуі ықтимал.

Қазақстанда цифрлық HR мәдениеті енді ғана қалыптасып келеді. Бұған дейін жұмыс іздеу көбіне таныс арқылы немесе қарапайым хабарландырумен шектелсе, қазір онлайн платформалар негізгі құралға айналып барады. HeadHunter Kazakhstan дерегінше, соңғы жылдары онлайн түйіндеме жариялау саны бірнеше есе өскен.

Kaspi.kz енгізген жаңа мүмкіндік осы өзгерістің тағы бір көрінісі болды. Платформа тек мәтінді өңдеумен шектелмейді. Егер бірнеше жұмыс беруші үміткермен байланыса алмаса немесе түйіндемені өзекті емес деп белгілесе, жүйе автоматты түрде аккаунт мәртебесін «Жұмыс іздемеймін» форматына ауыстырады. Бұл жұмыс берушілерге белсенді кандидаттарды тезірек табуға мүмкіндік береді.

 

 

 

 

Барлық жаңалық