АҚШ-тың Огайо штатындағы Акрон қаласында қайғылы әуе апаты болды. Piper PA-28 маркалы шағын ұшақ тұрғын үйге құлап, артынша ірі өрт шыққан. Оқиға салдарынан ұшақ бортындағы екі адам қаза тапты деп хабарлайды ozgeris.info сайты kznews.kz агенттігіне сілтеп.
New York Post мәліметінше, апат 14 мамыр күні күндіз болған. Ұшақ Akron Fulton Airport әуежайынан көтерілгеннен кейін көп ұзамай тұрғын үйге соғылған. Соққыдан кейін үйді қою қара түтін басып, жалын шарпыған.
Сол сәтте үй ішінде төрт адамнан тұратын отбасы болған. Абырой болғанда, олар дер кезінде сыртқа шығып үлгеріп, зардап шеккен жоқ.
Акрон өрт сөндіру қызметінің өкілі Сьерджи Лэштің айтуынша, құтқарушылар алғашында қарапайым өрт туралы шақырту алған. Кейін өрттің ұшақ апатынан шыққаны анықталған.
Оқиға орнынан ұшақтың бөлшектері, оның ішінде құйрық бөлігі табылды. Қазір мамандар үйдің қауіпсіздігін тексеріп жатыр. Ал апаттың нақты себебін АҚШ Федералдық авиация басқармасы мен Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі анықтауда.