Екі елдің арасын жермен емес, жер астымен жалғаған заңсыз жол анықталды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара маңынан 450 метрлік жерасты тоннелі табылып, бірнеше ай бойы сол арқылы жанармай тасымалданғаны белгілі болды, деп жазады Ozgeris.info.
Түркістан облысы аумағындағы операцияға еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қатысқан. Олар Өзбекстанның құқық қорғау органдарымен бірігіп әрекет етіп, халықаралық қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.
Тоннель кәсіби деңгейде қазылған. Тергеушілердің айтуынша, бұл жолмен екі ай көлемінде шетелден қаржыландырылып отырған жанармай өнімдері жасырын тасымалданып келген. Арнайы схема бойынша логистика да құрылған қайда жеткізу, қалай шығару, кім арқылы дегендей.
Бүгінде бұл іске қатысы бар деген бес азаматқа қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жөнелтілді.