Денсаулық

Сапасыз әрі арзан тауарлар қоқысқа айналып халықты улап жатыр

Еліміз арзан әрі сапасыз тауарларға құмар. Қайта өңдеуге жарамсыз пластик, арзан электроника, бір реттік ыдыстар, сапасыз киімдер соңында қоқысқа айналып, жер мен суды улап жатыр. Бұл туралы сарапшылар дабыл қағуда. Аталмыш мәселе Орталық Азия елдерінде де өзекті. Нәтижесінде экология ғана емес, халықтың денсаулығы да нашарлап барады. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.

Жыл сайын елімізде 5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық жиналады. Алайда соның тек 5 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Қалғаны заңсыз полигондар мен ашық алаңдарға тасталады. Үйінділердің едәуір бөлігі шетелден келетін сапасыз өнімдер мен олардың қаптамасынан тұрады.

Сарапшылар олардың қауіпті түрлерін атады. Олар 3, 6 және 7-санды пластиктер. Дамыған елдерде аталмыш пластик түрлері денсаулыққа зиян деп танылып, тыйым салынған. Қазақстанда керісінше, пластиктер әлі күнге дейін бір реттік ыдыстарда, су бөтелкелерінде, тіпті балаларға арналған өнімдерде қолданылады. Мұндай пластик қаншама уақыт өтсе де шірімей, экологияны улайды.

Электрондық қалдықтар бөлек тақырып. Елде жылына бір адамға шаққанда 0,6 келіге жуық электрондық қалдық жиналады екен. Аталған қалдықтардың құрамында сынап, қорғасын, кадмий сияқты улы заттар бар. Егер олар жиналып, өңделмесе, топырақ пен жерасты суларын ластап, адам ағзасына қауіп төндіреді дейді мамандар.

Экологияға кері әсер ететін тағы бір фактор бар. Сапасыз азық-түлік импорты. Жарамдылық мерзімі қысқа, сақтау шарттары бұзылған өнімдер дүкен сөрелеріне жетпей-ақ бұзылып, қоқысқа кетеді. Салдарынан қыруар шығынға ұшыратады. Одан бөлек, ауаға көмірқышқыл газының артық бөлінуіне әкеледі және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Соңғы жылдары фталаттар мен бисфенол А сияқты улы заттардан жасалған пластиктерді пайдалану жиілеп кеткен. Олар қызғанда немесе ұзақ уақыт қолданылса эндокрин жүйесіне әсер етіп, қалқанша безінің аурулары мен бедеулікке әкелуі мүмкін.

Елдегі қоқыс инфрақұрылымы мұндай жүктемені көтеруге дайын емес. Ресми полигондар 5 миллион тоннаға жететін қалдықты толықтай қабылдай алмайды. Салдарынан заңсыз тасталған қоқыс үйінділерінің саны артып жатыр дейді сарапшылар. 

Орталық Азия елдеріндегі жағдай

Өзбекстан

2019 жылы Өзбекстанда шамамен 5 миллион тонна қалдық тіркелген, оның 45 мың тоннасы электрондық қоқыс. Әр тұрғын жылына орта есеппен 500 пластик пакет тұтынады, оның 6 пайызы ғана қайта өңделеді. Ел 2016 жылы электрондық қалдықтарды басқару бағдарламасын енгізгенімен, ол жалпы көлемнің шағын бөлігін ғана қамтып отыр.

Қырғызстан

Қалдықтарды сұрыптайтын жүйе жоқ болғандықтан, стихиялық полигондар жылдан жылға көбейіп келеді. Электрондық қоқысқа арналған арнайы орындар болмағандықтан, көбіне ашық алаңда өртеледі. Нәтижесінде ауаға диоксиндер мен ауыр металдар тарап, халықтың тыныс алу жүйесіне, иммунитетіне және репродуктивті денсаулығына зиян келтіреді. 2024 жылы Бішкекте кейбір аудандардан қоқыс жәшіктері алынып тасталған соң, көшелер қоқысқа толып кеткен.  

Халық денсаулығына төнген қауіп

Мәселе тек қоқыста ғана емес, оның тікелей адам денсаулығына әсерінде. Пластиктегі фталаттар мен бисфенол А қыздырылғанда немесе ұзақ пайдаланылғанда эндокрин жүйесіне әсер етіп, қалқанша безінің аурулары мен бедеулікке әкеледі.

Электрондық қалдықтар құрамындағы ауыр металдар топырақ пен суға түсіп, тыныс алу жолдарын зақымдайды, иммунитетті әлсіретеді, қатерлі ісік қаупін арттырады.

Ластанған жайылымдар мен су көздері арқылы бруцеллез сияқты жануардан адамға жұғатын аурулар тарайды. Аталмыш дерт Орталық Азияға жыл сайын 76,2 миллион доллар экономикалық шығын келтіреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болжамы бойынша, 2030-2050 жылдар аралығында қоршаған орта ахуалының нашарлауынан әлемде жыл сайын қосымша 250 мың адам қайтыс болуы мүмкін, олардың қатарында Орталық Азия тұрғындары да бар.

Инфрақұрылым мен жауапкершілік дағдарысы

Қазақстанда қалдықтарды басқару жүйесі толыққанды жұмыс істемейді. Ресми полигондар қалдық көлемін толық қабылдай алмайды, ал заңсыз тасталған қоқыс үйінділері жыл сайын артып келеді. Қырғызстанда қалдықтарды сұрыптау жүйесі жоқ, Тәжікстанда ресми полигондар аз болғанымен, су көздерінің ластануы аймақтық қауіпке айналған.

Әлемдік тәжірибеден сабақ алуға болады 

Дегенмен, әлемдік тәжірибе жағдайды өзгертуге болатынын дәлелдеп отыр. Мысалы, Швецияда бір адам жылына 13,5 кг электрондық қалдықты қайта өңдеп, оны энергия көзі ретінде пайдаланады. Еуроодақ 2008 жылдан бері бір реттік пластикке шектеу қойып, қалдықтардың тек 10 пайызын ғана көміп, қалғанын қайта өңдеуге бағыттаған. Қазақстанда өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі енгізілгеннен кейін, қайта өңдеу деңгейі 5 пайызға жетті. Бұл жақсы бастама, бірақ жеткіліксіз. Өзбекстан 2028 жылға дейін қалдықтардың 60 пайызын қайта өңдеуді жоспарлап отыр.

Қазақстанда бірқатар жергілікті бастамалар бар. Мәселен, Владислав Голярко құрған «Eco Cashback» жобасы екінші шикізатты халықтың өз қолымен жинап, өткізуге мүмкіндік береді. Өзбекстанда «Hashar Week» секілді экологиялық акциялар экобак орнату және ақпараттық жұмыспен айналысады. Мамандардың пікірінше, аталмыш бастамалар жүйелі деңгейге жетпей тұр, себебі мемлекет тарапынан қолдау жетіспейді. 

Барлық жаңалық