Елімізде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, қудалау және мәжбүрлі некеге қатысты сұрақтардың нүктесін қойған алғашқы елдердің бірі Қазақстан болды. Былтыр халық арасында «Салтанат» деп аталып кеткен заң енгізілді. Мемлекет басшысы қудалау және мәжбүрлі некеге қатысты жауапкершілікті де күшейтті. Осылайша бұрын дәстүрдің атын жамбылып келген әрекеттер заңмен қадағаланатын болды. Осы ретте Ozgeris.info тілшісі құқық қорғаушының пікіріне сүйеніп, елдегі өзгерістер мен резонансты оқиғаларға шолу жасайды.
Перизат Қайрат қорының төңірегіндегі дау
Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалар жетерлік. Соның бірі бұрынғы қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс. Ол қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырды деген күдікпен ұсталып, іс сотта қаралған еді. Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға сотталды. Ал оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар 3 бірдей алаяқтық эпизодқа байланысты кінәлі деп танылды. Қайырымдылыққа жиналған қаржыны жымқырғандарға сот ешқандай жеңілдік қарастырмады. Прокуратура анасы мен қызының әрекеттерін алдын ала сөз байласқан, аса ірі көлемде ақша жымқырылған қылмыс ретінде бағалады. Ал Перизат Қайраттың адвокаты сот үкімімен келіспейтінін айтты. Алдағы уақытта аппеляцияға өтінім бермек.
Құқық қорғаушы Халида Әжіғұлованың айтуынша, бұл істегі көпшілікті алаңдататын басты сұрақ бар. Айыпталушы жалғыз әрекет етті ме, әлде ықпалды адамдардың қолдауына сүйенді ме?
«Бір адамның өзі орасан зор зиян келтіруі мүмкін. Өкінішке қарай, бұл оқиға Қазақстандағы қайырымдылық институтына деген сенімді қатты әлсіретті», — деді сарапшы.
Оның пікірінше, қазақстандықтардың аңғал сенгіштігі және сыни ойлау мәдениетінің төмендігі алаяқтарға жол ашып отыр. Адамдар деректерді тексермей, жарнамалар мен белгілі тұлғаларға сене салады.
Сондай-ақ сарапшы мемлекеттің шектен тыс бақылауы қате деп есептейді.
«Қорлардың көпшілігі адал жұмыс істейді, шын мәнінде адамдарға көмектесіп отыр. Бір істің салдарынан барлығына қысым жасау қате. Бақылау алдын ала жасалуы керек, болған іс болып, бояуы сіңген соң емес», - дейді құқық қорғаушы.
Сонымен бірге, әлемде қайырымдылықты заңсыз табысты жасыру немесе «беделін жуып-шаю» құралы ретінде қолданатын жағдайлар жиі кездесетінін де ескертті.
Жаңа заң: қудалау мен мәжбүрлі некеге тыйым
Жаңа қабылданған өзгерістер зорлық-зомбылықпен күресте маңызды кезең деп айтуға болады. Енді қудалау (сталкинг) мен некеге мәжбүрлеу қылмыс деп танылды.
Бұған дейін полиция қудалау фактілері бойынша іс қозғаудан бас тартып келген. Енді жәбірленуші хат-хабар, сурет немесе бейнежазба түрінде дәлел ұсынса, іс қозғалу міндетті. Алайда, ол да оңай емес. «Құқықтарына елеулі нұқсан келгенін» дәлелдеу талап етіледі.
«Менің ойымша, мұндай талап жәбірленушіге қосымша ауыртпалық түсіреді. Адам қоқан-лоққы мен қудалаудан зардап шегіп отырғанда, оған тағы да анықтама жинап, сараптама тапсыру міндеттеледі. Мұндай тұжырым қылмыскердің жазадан құтылуына жол ашады», — дейді Әжіғұлова.
Бұрын қалыңдықты ұрлаған адам ғана жазаға тартылатын еді. Енді қысым көрсеткен туысқандар мен өзгелер де жауапқа тартылады.
«Қызды ұрлау әрқашан терең психологиялық жара қалдырады. Мәжбүрлі неке – бақытсыздыққа бастайтын жол. Президенттің бұл шешімі өте орынды. Қазақстан – зайырлы мемлекет, заң кез келген жалған дәстүрден жоғары тұруы керек», - деді сарапшы.
Әжіғұлова қазақ тарихында қалыңдық ұрлау дәстүр болмағанын еске салды. Қазақ қыздары еркін болған, атқа мінуді меңгеріп, таңдауын өзі жасаған.
Қылмыстық кодекстің жаңа бабына сәйкес, неке қиюға мәжбүрлеу үшін 2000 АЕК көлемінде айыппұл (7 864 000 теңге), түзеу жұмыстары, екі жылға дейін бостандықты шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекет кәмелетке толмаған адамға қатысты күш қолдану арқылы жасалса, жаза күшейеді. Айыппұл 5000 АЕК-ке дейін (19 660 000 теңге) өсіп, бостандықты шектеу немесе айыру мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғаяды. Егер қылмыс салдарынан жәбірленуші қаза тапса, кінәліге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
«Салтанат заңы»: алғашқы нәтижелер
Қоғамда «Салтанат заңы» деп аталып кеткен заңның алғашқы нәтижелері байқала бастады. ІІМ дерегінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары 20%-ға азайған.
Енді тұрмыстық зорлық қылмыс ретінде қаралады. Жәбірленуші бірінші рет арызын қайтарып ала алады, бірақ бір жыл ішінде қайталанса, іс автоматты түрде қозғалады. Балаларға қатысты зорлыққа да осы ереже қолданылады.
Сарапшының айтуынша, әйелдердің көпшілігі қорқанынан және қысымның салдарынан арыздарын кері қайтарып алуға мәжбүр.
«Әйелге абьюзерден түбегейлі кету үшін орта есеппен жеті әрекет қажет. Қоғамда „отбасыны сақтау“ деген стереотип басым. Одан бөлек жан-жақты қысым да өз әсерін тигізуде. Осылар тамырымен жойылмайынша, зорлық тоқтамайды», - деді сарапшы.
Балаларға қарсы қылмыс: жасырын трагедия
Балаларға қатысты қылмыстар өте ауыр жағдай. Көбінесе аталмыш қылмыстар түбіне жетпей жабылып жатады дейді маман. Себебі педофилдер өз әрекеттерін «қалыпты» етіп көрсетіп, баланың санасын улайды. Шындық біршама уақыт өтіп кеткен соң әшкере бола бастаған кезде, бәрі кеш, себебі дәлелдер жоғалып кетеді. Кейде аналар оны біліп тұрып, «ұят» деген ұғымның салдарынан үнсіз қалады. Ал балалардың тағдыры осылайша қыл үстінде қала береді.
Педофилия – жазылмайтын, алайда дәрі-дәрмек арқылы бақылауға болатын созылмалы психикалық ауытқу. Дамыған елдерде педофилдерді жасөспірім кезінен анықтап, медициналық бақылауға алады, арнайы терапия жүргізеді.
Қазақстанда мұндай жүйе мүлде жоқ. Жыныстық ағарту сабақтары енгізілмеген, мұғалімдер мен психологтарда құрал жоқ. Ал егер зорлықшы ата-ана болса, баланы қорғайтын ешкім қалмайды.
Сарапшының айтуынша, кез келген зорлық ұсақ әрекеттерден басталады. Оны «харассмент» деп айтады. Әдетте агрессорлар өздерінің пиғылдарын қоғамдық орындарда жасайды. Мысалы автобуста, қыздарға немесе әйелдерге тиісіп көруден бастайды.
«Мұндай жағдайда ашық айту маңызды. Себебі олар елге жария болудан қорқады. Бұл кезде жәбірленушіні де түсінуге болады. Кейді олар шокта болғандықтан, айтудан қорқады. Әркімнің реакциясы әртүрлі екенін ескерген жөн», - дейді маман.
Халида Әжіғұлованың пікірінше, заң дегеніміз шешімнің бір бөлігі ғана. Нақты өзгерістер болуы үшін, коғамдық сана өзгеруі керек. Жалған стереотиптер мен қысым, «ұят» дәстүрінен арылу керек. Жәбірленушілерге жүйелі қолдау көрсетілмейінше, зорлық-зомбылықпен күрес нәтиже бермейді.
Қанша десек те, еліміз заңды қатаңдату арқылы басқа елдерге үлгі боларлық қадам жасады. Өз тағдырын өздері таңдай алмайтын, қолы байлаулы, мүмкіндігі шектеулі әйелдер үшін қазіргі жасалып жатқан өзгерістер оң әсер ететіні сөзсіз. Бастысы шынайы дәстүр мен қалыптасқан стреотиптердің ара-жігін ажырата білуіміз шарт.