Шоу-бизнес

«Рөлде мен болдым»: Нұржан Қалжан достары қаза тапқан жол апатын еске алды

«Рөлде мен болдым»: Нұржан Қалжан достары қаза тапқан жол апатын еске алды

Әнші Нұржан Қалжан 2009 жылы болған жол апатынан кейінгі ауыр кезеңін еске алып, сол сәтте басынан өткен жағдайды айтып берді, деп хабарлайды Ozgeris.info

Өнер иесі бұл туралы «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында айтты. 

Нұржан Қалжанның сөзінше, апаттан кейін дәрігерлер оның әншілік мансабына қауіп төнуі мүмкін екенін ескерткен. Алайда сол кезде әншіні дауысынан айырылып қалу емес, жақын достарынан айырылу қатты алаңдатқан.

«2009 жылы жол апатынан кейін дәрігерлер маған енді ән айта алмай қалуым мүмкін екенін айтты. Мойныма темір қойылды. Бірақ ән айта алмай қаламын деген сөз мені қорқытқан жоқ. Ол туралы ойлайтындай жағдайда болмадым. Себебі сол жол апатында жанымдағы достарымнан айырылдым. Олардың арасында журналист Руслан Бөлебай да болды. Бір көлікте бірге келе жатқанбыз, көлікті мен жүргіздім», – деді әнші.

Өнер иесі достарының қазасын ауыр қабылдап, өзін ұзақ уақыт бойы кінәлағанын айтты. Оның айтуынша, сол кезеңде «олар аман қалғанда ғой» деген өкінішті ойлар мазалаған.

«Достарымнан айырылып қалғаным қатты батты. “Сол кісілер аман қалғанда ғой” деп ойладым. Тіпті “олар аман қалып, мен кетіп қалғанда” деген ойлар да келді. Өзімді қатты кінәладым. Сол кезде ән айту, дауысымнан айырылып қалу деген дүниелердің бәрі мүлде ойыма келген жоқ», – деді Нұржан Қалжан.

Еске салайық, 2009 жылдың 16 шілдесінде тележүргізуші әрі әнші Руслан Бөлебай жол апатынан 24 жасында қайтыс болған.

Барлық жаңалық