Балқашта «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жұмыскерлері мен студенттерін практикалық даярлауға арналған оқу-жаттығу полигоны ашылды. 2026 жыл Қазақмыста Қауіпсіздік жылы деп жарияланды. Осы бастама аясында компания оқытудың практикалық бағытын күшейтіп, өндірістегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін құралдарды дамытып жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Полигонның ашылу рәсіміне «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Металлургия жөніндегі бас операциялық директоры, «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Жанбек Есмаханов, цех басшылары, Балқаш өндірістік алаңының еңбекті қорғау қызметінің жетекшілері және өндіріс ардагері Амангелді Түкбаев қатысты.
Полигон ғимараты мен аумағының жалпы ауданы – 392,7 шаршы метр. Мұнда жеті оқу аймағы жабдықталған: алғашқы көмек көрсету, биіктікте жұмыс істеу, жүк ілушілер мен бесікше операторларын оқыту, өрт сөндірудің бастапқы құралдары, LOTO, жабық кеңістікте жұмыс істеу және электр қауіпсіздігі.
Әр аймақ нақты өндірістік дағдыны тәжірибе жүзінде пысықтауға арналған. Жұмыскерлер мен студенттер түрлі жағдайларды модельдеп, алғашқы көмек көрсету мен биіктікте қауіпсіз жұмыс істеуден бастап, жүкті жылжыту, өрт ошағын жою және энергия көзін оқшаулау сияқты жұмыстарды орындау кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін меңгереді.
Полигонда Қазақмыстың Балқаш өңіріндегі кәсіпорындары мен бөлімшелерінің жұмыскерлері практикалық оқудан өтеді. Теориялық дайындық пен нұсқама өткізу үшін 16 орындық оқу кабинеті қарастырылған.
Полигонның ашылуы жұмыскерлерді өндірістік жағдайға барынша жақын ортада даярлау мүмкіндігін кеңейтеді. Алдағы уақытта оның материалдық-техникалық базасы жаңа жабдықпен және жаттықтырғыштармен біртіндеп толықтырылып отырады.
Оқу полигоны Қауіпсіздік жылының міндеттерін іске асыруға және Қазақмыста қауіпсіздік мәдениетін одан әрі дамытуға бағытталған практикалық құралдардың біріне айналады. Жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС компанияның барлық өндірістік алаңдарында тәжірибеге бағдарланған оқыту бағдарламасын ауқымды түрде дамытып, енгізуді жалғастырады.