Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында күйік бөлімшесін ашуға бөлінген 223 млн теңге демеушілік қаражаттың жымқырылуына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
2025 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы ауруханада күйік бөлімшесін ашу үшін «ҚазМұнайГаздан» демеушілік көмек сұраған. Жобаға 223 млн теңге бөлініп, қаражат «ӨзенМұнайГаз» арқылы «Жарылқау» қоғамдық қорына аударылған.
Бастапқы жоспар бойынша бұл ақшаға медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жоспар өзгеріп, 210 млн теңгеге күйікпен түскен науқастарға арналған екі арнайы кереует сатып алу туралы келісім жасалған.
ҚМА мәліметінше, кереуеттерді сатып алуға іс жүзінде 92 млн теңге ғана жұмсалған. Қалған қаражат үлестес компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысы бар адамдар арасында бөлінген болуы мүмкін.
Тергеу аясында аурухана басшылығының өкілі, «Жарылқау» қорының жетекшісі, Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші күдікке ілінген. Үш күдікті қамауға алынған.
Сот санкциясымен олардың үш пәтеріне, екі үйіне және автокөлігіне тыйым салынған. Тергеу жалғасып жатыр.