Әлемдік мұнай нарығында күтпеген өзгеріс болды. Қытайдың ең ірі мемлекеттік мұнай компаниялары Ресейдің шикі мұнайын сатып алуды уақытша тоқтатты. Бұл шешім АҚШ тарапынан «Роснефть» және «Лукойл» компанияларына қарсы жаңа санкциялар енгізілгеннен кейін қабылданғаны белгілі болды, деп жазады Ozgeris.info.
Reuters агенттігі бірнеше дереккөзге сүйеніп хабарлағандай, Қытайдың мұнай алыбы саналатын PetroChina, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil компаниялары ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтатты. Бұған дейін Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттары да санкциялардан қауіптеніп, ресейлік импорт көлемін төмендеткен еді.
Бұл ақпарат әлемдік нарыққа бірден әсер етті. Сарапшылардың пікірінше, Ресей мұнайына сұраныстың бір мезетте төмендеуі Мәскеудің энергия табысын қысқартады. Сонымен бірге, нарықта бос орын пайда болады. Яғни мұнай сатып алуға мүдделі елдер жаңа жеткізушілер іздей бастайды.
Reuters бұны былай сипаттады:
«Ресей мұнайына сұраныстың күрт төмендеуі оның экспорттық табысын азайтады. Екі ірі тұтынушының бір мезетте шегінуі әлемдік нарықта мұнай бағасын көтеріп, жаңа жеткізушілерге есік ашуы мүмкін» деп жазады агенттік.
Қытайдың энергетикалық компаниялары ресми түсініктеме бермеді. Бірақ Sinopec құрамындағы Unipec сауда құрылымы санкциялар жарияланғаннан кейін ресейлік мұнай сатып алуды дереу тоқтатқан. Бұл Қытайдың санкция тәуекелінен сақтанып отырғанын көрсетеді.
Қытай күніне миллион баррельден астам ресейлік мұнай сатып алатын. Оның басым бөлігі теңіз арқылы жеткізілетін еді. Тек құбырмен келетін көлем ғана әзірге санкциялардан тыс қалуда. Бұл қадамның ұзақ мерзімді салдары қандай болатыны әзірге белгісіз. Бірақ бір нәрсе айқын. Нарықта уақытша да болса жаңа бос орын пайда болды. Осы жағдайдан Қазақстан пайда көре ала ма? Босап жатқан үлестің бір бөлігін өзіне қайтара ала ма? Бұл сұраққа әзірге ресми жауап жоқ.
Алайда сарапшылар бұл мәселе Қазақстанға ойлануға және әрекет етуге сигнал беріп отырғанын атап өтеді.
«Қытай әлемдік энергия нарығында шешуші ойыншы. Егер ол ресейлік мұнайды шектесе, бұл басқа жеткізушілер үшін үлкен мүмкіндіктің белгісі. Қазақстан экспорт бағытын әртараптандыруға мүдделі. Қытай бағытын күшейту елімізге логистикалық, қаржылық және саяси тұрғыдан тиімді» дейді сарапшылар.
Дегенмен, Қазақстан үшін бұл тек мүмкіндік емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Көлемді экспортты қамтамасыз ету, инфрақұрылым, келісімдер, ұзақ мерзімді бағалық саясат қажет.
Ресейдің екі ірі компаниясына қарсы санкциялар бұған дейін де талқыланған еді. Ұлыбритания ресми түрде Қазақстандағы «Лукойл» жобаларына бұл шектеулер әсер етпейтінін мәлімдеді. Бірақ АҚШ санкциялары әлдеқайда кең, және олар «КазМунайГаз» және «Лукойл» бірлескен жобасын да құқықтық тұрғыдан қамтуы мүмкін. Бұл жағдай аймақтағы мұнай бизнесінде жаңа белгісіздіктер туғызады.
Сарапшылар мұны былай түсіндіреді:
«Санкциялар дәуірі басталды. Бұл қысқа мерзімді құбылыс емес. Қазақстан өз энергия стратегиясын дәл қазір қайта қарап, тәуекелдерді бөлуді, жаңа нарықтарды бекітуді ойлауға тиіс. Ресей бағытындағы әр өзгеріс бізге әсер етеді. Сол себепті алдын ала дайындық қажет», дейді сарапшылар.