Қостанайда 19 наурыздан бері ізтүссіз жоғалған 17 жастағы Владимир Орел есімді жасөспірімнің мәйіті Тобыл өзенінің маңындағы бөгет жанындағы қамысты алқаптан табылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бір аптаға созылған ауқымды іздестіру жұмыстары аяқталып, жоғалған жігіттің денесі өзен жағасынан шыққан.
Осы оқиғаға байланысты құзырлы органдар кәмелетке толмаған баланың жоғалу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті тергеу амалдарын бастады.
Бұған дейін тәртіп сақшылары жасөспірімнің жүрген жерін анықтау үшін жедел басқару орталығы мен азаматтық нысандардағы бейнебақылау камераларын жіті тексеріп, оның баруы мүмкін деген барлық орындарын мұқият қарап шыққан болатын. Сонымен қатар полиция қызметкерлері марқұмның туыстары мен таныстарынан және көршілерінен жауап алып, іздеу жұмыстарына Қостанай қаласы мен жақын маңдағы аймақтардың бүкіл полиция гарнизонын және волонтерлерді толықтай жұмылдырған.
«Кәмелетке толмаған жасөспірімнің жоғалу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, ал азаматты іздестіру шаралары полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында болды», – деп мәлімдеді Қостанай облыстық полиция департаменті.