Түркістан облысының прокуратурасы ветеринария саласындағы 928 млн теңгені жымқыру дерегін әшкерелеп, мекеменің 4 бірдей лауазымды тұлғасын қамауға алды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК мекемесінің басшылары мен жауапты мамандары тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысында төлем құжаттарына көрінеу жалған мәліметтер енгізіп келген.
Лауазымды тұлғалар заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, төлем тапсырмаларында кәсіпкерлердің жеке сәйкестендіру нөмірлерін қалдырып, тек мекеме атауларын ғана өзгертіп отырған.
Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері тарапынан ешқандай тауар жеткізілмеген және қызмет те көрсетілмегеніне қарамастан, қазынадан 928 млн теңге негізсіз заңсыз аударылған.
Мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген бұл дерек бойынша облыстық прокуратура қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын арнайы прокурорларға тапсырды.
Биылғы жылдың 26 наурызында ветеринариялық қызметтің бұрынғы екі басшысы, олардың орынбасары мен бас есепшісі күдікті ретінде танылып, барлығы қамауға алынды.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар бұл қылмысқа қатысы бар басқа да лауазымды тұлғаларды анықтау мақсатында қажетті тергеу шараларын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қалалық ветеринариялық қызметінің директоры мен мемлекеттік сатып алу маманы аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.