Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында алаяқтық жасаған шенеуніктер мен депутаттарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында мәслихат төрағасы мен депутаттары мемлекетке 672 миллион теңгеден астам шығын келтіргені үшін бас бостандығынан айырылды.
Сотталушылар бес қабатты жатақхананы 8 миллион теңгеге сатып алып, кейін оны аудандық әкімдікке сатуды жоспарлаған. Мәслихат төрағасы Бақытжан Қадралин бұл ғимаратты алдымен әйеліне сыйға тартып, артынша қайтадан өз атына жаздырған. Ол жатақхананы жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу байқауына қатысып, бюджет қаражатын иемденген.
Сот Бақытжан Қадралинді алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша айыптап, оған 6 жыл 6 ай мерзімге түрме жазасын кесті.
Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарған Әнес Сейілхан осы іс бойынша алаяқтық бабымен кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.
Аудандық мәслихат депутаты Азамат Жәлімбетовті Қылмыстық кодекстің 190 бабы 4 бөлігі 2 тармағы бойынша айыпты деп танып 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, Азамат Жәлімбетов Қылмыстық кодекстің 385 бабы 2 бөлігі бойынша ақталсын, жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін, деді судья С. Ізбағамбетова.
Судья барлық үш сотталушыны өмір бойы мемлекеттік қызметте және қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан айырды. Олар Мұғалжар ауданы әкімдігіне келтірілген 672 миллион теңге шығынды бірлесіп қайтаруға міндеттелді.
Бақытжан Қадралиннің Қандыағаш қаласындағы үш жылжымайтын мүлкі мемлекет кірісіне алынды. Сот шешімімен оның банктердегі 291 миллион, 21 миллион 600 мың және 10 миллион 500 мың теңгелік депозиттері тәркіленді. Дүйсенова есімді азаматшаның атындағы шотта сақталған 49 миллион 600 мың теңге де мемлекет пайдасына өндірілді.