Түркістан облысының Абай ауылында ойнап жүріп арықтағы суға ағып кеткен сегіз жасар Жаннұр Тұрсынбек 5 күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
23 наурыз күні кешкі сағат бес шамасында достарымен ойнап жүрген екінші сынып оқушысы аяқ киімін арыққа түсіріп алып, оны шығарамын деп жатқанда суға тайып құлаған.
Жанындағы балалардың көзінше судан өздігінен шыға алмай қалған баланы күшті ағыс өзенге қарай алып кеткен.
Жергілікті тұрғындар арық айналасы қоршалмағанын және ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмағанын айтып, бұл жағдайдың алдын алуға болар еді деп есептейді.
«Бұл жерде үнемі балалар ойнайды, ешқандай қоршау да, ескерту белгілері де жоқ, егер қоршау болғанда, бәлкім, інім аман қалар ма еді», – деді баланың әпкесі Әсел Бердібай.
Сонымен қатар баланың туыстары іздеу жұмыстарының барысына көңілі толмайтынын айтып, құтқарушылардың әрекеті жеткіліксіз екенін жеткізді.
Ал Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті іздестіру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын мәлімдеп, қазіргі уақытта бұл іске 120 адам, 15 техника, 2 қайық және 2 дрон жұмылдырылғанын хабарлады.
Оқиға орнынан бір елі ұзамаған баланың әкесі мен шешесі тәулік бойы іздеу жұмыстарының нәтижесін күтіп жүр, ал құтқарушылар тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті.