Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар ғалымдарды марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының шешімімен Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сонымен қатар, белгілі филолог Айнұр Әбиденқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Марапаттардың берілу себебі: Ғалымдардың шығыстану саласын дамытудағы, синология (қытайтану) бағытындағы іргелі зерттеулері мен Қазақстан тарихына қатысты жаңа дереккөздерді ғылыми айналымға енгізудегі еңбегі жоғары бағаланды. Олардың Қазақстан мен Қытай арасындағы тарихи байланыстарды нығайтудағы және мәдени құндылықтарды дәріптеудегі еңбегі ерекше атап өтілді.
Президент ғалымдарға құттықтау жеделхатын жолдап, бұл марапаттар олардың көпжылдық жемісті ғылыми қызметінің лайықты нәтижесі екенін жеткізді.
Айта кетейік, Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы жоғары білім мен ғылымды дамытуға үлес қосқан өзге де зерттеушілерді марапаттап, бірқатар жас ғалымдарға пәтер кілттерін табыс еткен болатын.