Әлемдік нарықта алтын бағасы құбылып тұрса да, Ұлттық банк стратегиялық қорды нығайтуды тоқтатқан емес. Еліміздің алтын сатып алу бойынша әлемде екінші орынға шығуының астарында қандай есеп жатыр? Мемлекеттік қордың 80 пайызын алтынмен толтыру экономикалық қауіпсіздігімізді қалай қорғайды?
Алтын неге әлсіреді?
Геосаяси шиеленіс күшейген сайын алтын бағасы көтерілуге тиіс деген түсінік ұзақ жылдар бойы қалыптасқан. Дағдарыс болса, инвесторлар алтынға қашады, баға өседі. Бұл қарапайым әрі сенімді схема ретінде қабылданып келді. Алайда бүгінгі жағдай бұл қағиданың әрдайым жұмыс істей бермейтінін көрсетті. Соғыс қаупі күшейген сәтте алтынның арзандауы – нарықтағы күрделі өзгерістердің белгісі.
Экономист Алмас Чукин бұл құбылысты нарықтың жаңа жағдайға бейімделуімен түсіндіреді. Оның айтуынша, қазіргі экономикалық орта бұрынғыдай бір ғана логикамен жұмыс істемейді.
«Не болып жатыр өзі? Соғыс басталады. Ал алтын… керісінше арзандайды. Біреу алтынға қалай әрекет ету керектігі туралы нұсқаулық жіберуді ұмытып кеткен сияқты. Ескі оқулықтарда бәрі өте қарапайым: дағдарыс туындайды – инвесторлар алтынға қашады – баға өседі. Бұл схема көп жыл бойы жұмыс істеп келді, сондықтан бәрі соған сенді. Бірақ нарық ешқашан оқулықпен өмір сүрмейді. Нарық нақты жағдайға қарай әрекет етеді. Ал қазіргі жағдай бұрынғы сценарийлерге мүлде ұқсамайды. Сондықтан «алтын міндетті түрде өсуі керек еді» деген ойдың өзі – тым қарапайым түсінік», дейді экономист.
Сарапшының пікірінше, бүгінгі ахуалдың басты ерекшелігі – алтын бағасының алдын ала тым жоғары деңгейге жетуі. Соңғы бір жыл ішінде бұл металл екі есеге жуық қымбаттады. Яғни, инвесторлар қауіптен қорғану үшін алтынды әлдеқашан сатып алып қойған. Бұл жерде «артық сатып алынған актив» деген ұғым маңызды. Нарықта бір активке тым көп сұраныс болса, оның бағасы шектен тыс өседі. Бірақ белгілі бір сәтте жаңа сатып алушылар қалмайды. Сол кезде баға өсуін тоқтатып, керісінше төмендей бастайды.
«Алтын бір жыл ішінде екі есе қымбаттады. Бұл жай ғана өсу емес, бұл – үлкен капиталдың сол активке толық кіріп кеткенінің белгісі. Орталық банктер, әсіресе Қытай, өз резервтерін әртараптандыру үшін АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларынан шығып, алтынға өтті. Хедж-қорлар да, ірі инвесторлар да осы трендке қосылды. Тіпті қарапайым адамдар да қаржы туралы видеолар көріп, алтын сатып ала бастады. Яғни, бұл активке қызықпаған адам қалмады десек болады. Ал нарықта бәрі сатып алып қойған кезде, бағаны әрі қарай көтеретін жаңа сұраныс болмайды. Соғыс басталғанда алтынды жоғары итеретін күш қалмады, ал керісінше, пайдасын алып шығуға дайын отырғандар көбейді. Міне, бағаның төмендеуінің негізгі себебі осы», деп түсіндірді сарапшы.

Екінші маңызды фактор – инфляция мен пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі. Мұнай бағасының өсуі инфляцияны күшейтеді. Ал инфляция артқан сайын орталық банктер ақша-несие саясатын қатаңдатып, пайыздық мөлшерлемені көтереді. Бұл қаржы нарығында тепе-теңдікті өзгертеді. Алтынның ерекшелігі – ол табыс әкелмейді. Яғни, инвестор алтын ұстап отырса, одан пайыз немесе дивиденд алмайды. Ал пайыздық мөлшерлеме өскен кезде облигациялар мен депозиттер нақты табыс ұсына бастайды. Бұл алтынды тиімсіз активке айналдырады.
«Мұнай бағасының өсуі – инфляцияның өсуі. Инфляция өссе, орталық банктер амалсыздан пайыздық мөлшерлемені көтереді. Ал бұл – бүкіл қаржы нарығы үшін маңызды сигнал. Өйткені осы сәттен бастап инвесторлар табыс әкелетін құралдарға қарай бет бұрады. Ал алтын – табыс әкелмейтін актив. Ол купон төлемейді, пайыз бермейді. Ол жай ғана металл. Сондықтан ол облигациялармен бәсекеде ұтыла бастайды. Бұл жерде мәселе “алтын қауіпсіз актив пе, жоқ па?” деген сұрақта емес. Мәселе – инвестор ақшасын қайда тиімді орналастырады дегенде. Егер облигация нақты табыс берсе, ал алтын ештеңе бермесе, таңдау айқын болады. Сондықтан қазіргі жағдайда алтынды ұстау – кейбір инвесторлар үшін артық шығынға айналып отыр», дейді А.Чукин.
Үшінші фактор – доллардың күшеюі. Әдетте дағдарыс кезінде доллар әлсірейді деген түсінік бар. Бірақ қазіргі жағдайда керісінше үрдіс байқалуда. Мұнай бағасының өсуі доллардың сұранысын арттырады, себебі энергия ресурстары халықаралық нарықта дәл осы валюта арқылы сатылады. Нәтижесінде инвесторлар екі активтің арасында таңдау жасайды: доллар немесе алтын. Бірақ қымбат алтынды күшейіп тұрған доллармен сатып алу тиімсіз. Бұл да алтын бағасына қысым түсіреді.
«Қазір доллар әлсіреп жатқан жоқ, керісінше күшейіп жатыр. Мұнай қымбаттаған сайын оны сатып алу үшін доллар керек. Әлемде белгісіздік артқанда инвесторлар қауіпсіз актив іздейді, бірақ олар бір уақытта әрі долларды, әрі алтынды ала алмайды. Таңдау жасау керек. Ал егер доллар күшейіп тұрса, ал алтын қымбат болса, инвесторлар көбіне долларды таңдайды. Өйткені ол өтімді, оны пайдалану оңай, әрі қазіргі жағдайда тиімді. Бұл алтынға қарсы тағы бір «жел» болып тұр. Сондықтан алтынның төмендеуі – кездейсоқтық емес, бұл бірнеше фактордың бір уақытта әсер етуінің нәтижесі», деп ұғындырады сарапшы А.Чукин.
Сарапшының пікірінше, қазіргі нарықта табысқа жету үшін теорияны жаттау жеткіліксіз. Ең бастысы – жағдайды дұрыс талдай білу. Ақылды инвесторлар ешқашан дүрлікпейді. Олар эмоциямен емес, жағдаймен жұмыс істейді. Қазір көп адам «алтын неге өспеді?» деп сұрап жатыр. Бірақ бұл сұрақтың өзі дұрыс қойылмаған. Нарық ешкімнің күткенін орындауға міндетті емес. Нарық өз заңымен өмір сүреді. Сол заңды түсіну үшін оқулық жеткіліксіз, нақты жағдайды оқу керек. Нарық әрдайым ережені жаттап алғандарды емес, ереженің өзгергенін бірінші болып байқағандарды марапаттайды. Сондықтан бүгінгі жағдай – дағдарыс емес, керісінше, жаңа мүмкіндіктер кезеңі.

Еліміз неге қорын еселеп арттырып жатыр?
Қазақстан кейінгі жылдары алтын қорын күрт ұлғайтып, жаһандық қаржы тұрақсыздығы жағдайында өз позициясын нығайтуға кірісті. Кейінгі 15 жылда елдің алтын қоры бес есеге өсіп, шамамен 340 тоннаға жетті. Бұл – тек статистика емес, мемлекеттің қаржы саясатының стратегиялық бағытын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Ұлттық банктің мәліметтері бұл үрдісті толық растайды. Егер 2024 жылдың соңында алтынның халықаралық резервтердегі үлесі 52 пайызды немесе шамамен 24 миллиард долларды құраса, кейінгі кезеңде бұл көрсеткіш 72 пайызға дейін өсіп, 47 миллиард доллардан асты. Ал биыл бұл үлес тіпті 80 пайызға жуықтап, 57,8 миллиард долларға жеткені айтылып отыр. Сарапшылар мұны жаһандық белгісіздікпен байланыстырады. Қаржы нарықтары құбылмалы болған сайын инвесторлар тәуекелі жоғары активтерден бас тартып, «қауіпсіз айлақ» саналатын құралдарға бет бұрады. Солардың ішінде алтынның орны ерекше.
«Жаһандық тұрақсыздық кезеңінде инвесторлар акциялар, облигациялар және мемлекеттік бағалы қағаздар сияқты құралдардан іргесін аулақ салып, тұрақтылығы жоғары активтерге көше бастайды. Осындай жағдайда алтын – тәуекелді төмендететін негізгі құралға айналады. Сондықтан орталық банктердің алтын қорын ұлғайтуы – бұл эмоциялық шешім емес, ұзақ мерзімді стратегия», дейді Halyk Finance компаниясы.
Қазақстан бұл бағытта әлемдік трендтен тыс қалған жоқ. World Gold Council деректеріне сәйкес, ел өткен жылы алтын сатып алу көлемі бойынша орталық банктер арасында екінші орынға шыққан. Қазақстан 57 тонна алтын сатып алса, бірінші орындағы Польша 100 тоннадан астам алтын қорын толықтырған. Әлемдік деңгейде алтынға деген сұраныс жоғары болып отыр. Қазіргі таңда АҚШ алтын қоры бойынша көш бастап тұр – олардың резерві 8 мың тоннадан асады. Германия, Италия, Франция және Ресей де алғашқы бестікке кіреді. Бұл елдер үшін алтын – тек қаржылық құрал емес, экономикалық қауіпсіздіктің бір бөлігі.
Кейінгі жылдары алтын бағасының өсуі де осы үрдісті күшейтті. Биыл жылдың басында бір трой унция алтынның бағасы 5000 доллардан асып, тарихи максимумға жетті. Қазір де бағасы шамамен 4500 доллар деңгейінде сақталып отыр.Сонымен қатар Қазақстанның тағы бір артықшылығы – табиғи ресурстардың молдығы. Ел әлемдегі игерілмеген алтын қоры бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінде республика аумағында 10 мыңға жуық кен орны бар. Оның ішінде 2 мың тоннадан астам алтын қоры, 4 миллиард тонна мұнай, 4 триллион текше метр газ, 33,5 миллиард тонна көмір және 27 миллиард тонна темір кені бар. Бұл ресурстық база Қазақстанды тек шикізат өндіруші ел ретінде ғана емес, болашақта стратегиялық металдар нарығында маңызды ойыншыға айналдыра алады. Әсіресе сирек жер металдарына деген қызығушылық артып келеді. Қарағанды облысындағы Құйрықтыкөл кен орнының өзі шамамен 800 мың тонна сирек элементке бағаланып отыр.
Үкімет бұл бағытта геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп отыр. Соңғы бес жылда бұл салаға салынған инвестициялар 2,5 есеге өсіп, 1 миллиард долларға жеткен. Тек өткен жылы 17 жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынған. Сонымен қатар қосымша 136 тонна алтын, 152 тонна күміс, 75 мың тонна мыс және 1 миллион тоннадан астам фосфорит қоры анықталған. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағыттағы жұмыстың ауқымын атап өтті:
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ел аумағының геологиялық зерттелу деңгейін 2,2 миллион шаршы шақырымға жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Геологиялық барлауға бөлінетін қаржы 10 есеге артты. Алдағы үш жылда бұл мақсатқа шамамен 500 миллион доллар бағытталады».
Саладағы реформалар да өз нәтижесін беруде. 2018 жылдан бері геология және жер қойнауын пайдалану жүйесі жаңартылып, жеке инвестициялар тарту күшейді. Қазіргі таңда бұл салада 3 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Олардың қатарында АҚШ, Австралия және Канада инвесторлары да бар. Вице-министр Иран Шарханның айтуынша, бұл өзгерістер жүйелі реформалардың нәтижесі:
«Соңғы жылдары геология саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Біз халықаралық стандарттарға көшіп, инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы орта қалыптастырдық. Соның нәтижесінде жеке инвестициялар көлемі бірнеше есе артты. Қазір елімізде бұрын зерттелмеген аумақтарда барлау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр».

Қазір алтынның бағасы қандай?
Қазақстанда алтын бағасы соңғы бір аптада төмендеді. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, 9 сәуірдегі жағдай бойынша бір грамм алтынның құны 69 306,80 теңгені құрады. Бір апта бұрын бұл көрсеткіш 70 098,10 теңге болған. Яғни, қысқа уақыт ішінде бағалы металл шамамен 800 теңгеге арзандаған.
Бұл өзгеріс әлемдік нарықтағы құбылмалы жағдаймен тікелей байланысты. Соңғы апталарда геосаяси шиеленістерге қарамастан, алтын бағасының күткендей өспеуі байқалып отыр. Сарапшылар мұны бірнеше фактордың қатар әсер етуімен түсіндіреді: бір жағынан, алтын бағасы бұған дейін айтарлықтай қымбаттап үлгерген, екінші жағынан, доллардың күшеюі мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуі инвесторлардың таңдауына ықпал етуде.
Жалпы алғанда, алтын дәстүрлі түрде «қауіпсіз актив» саналғанымен, қазіргі жағдайда оның бағасы нарықтағы жаңа экономикалық ахуалға бейімделіп отыр. Инвесторлар үшін бұл – бұрынғыдай қарапайым заңдылықтардың өзгергенін білдіретін белгі.
Айта кету керек, халықаралық бағалаулар бойынша әлемдік алтын нарығының жалпы көлемі шамамен 31 триллион долларды құрайды. Ал жер қойнауынан өндірілген алтынның жиынтық көлемі 220 мың тонна шамасында бағаланады. Соған қарамастан, алтын жаһандық қаржы активтерінің небәрі 3 пайызын ғана құрайды. Бұл – оның ауқымы үлкен болғанымен, қаржы жүйесіндегі үлесі шектеулі екенін көрсетеді.