Шымкент қаласының Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа қатысты тәртіптік іс қаралып, қызметтік тексеріс аяқталды деп жазды ozgeris.info сайты inform.kz порталына сілтеп.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген тексеріс бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған материалдар негізінде басталған.
Агенттік өкілдерінің мәліметінше, аталған факті бойынша тәртіптік іс қозғалып, толық қызметтік тергеу жүргізілген. Іс материалдары Әдеп жөніндегі комиссияның отырысында қаралған.
Комиссия қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкіміне Алмас Абаевты қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылған.
Атап айтқанда, оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Бұл шара мемлекеттік қызметкердің алдағы қызметтік мансабына әсер етуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада әкімге ұқсас адамның футбол алаңында басқа азаматқа қол көтергені көрсетілген. Осы жағдайдан кейін қызметтік тексеріс басталған болатын.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша соңғы шешімді Шымкент қаласының әкімі қабылдайды.