Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына күдікті деп танылған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі Александр Пак ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды деп жазды ozgeris.info сайты.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті бұған дейін медициналық мекемеде күзетпен жатқан.
«Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына күдікті деп танылған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына этапталды. Бұған дейін күдікті медициналық мекемеде айдауыл күзетімен болған және соттың санкциясымен қамауға алынған», — деп хабарлады полиция департаменті.
Тергеу мәліметтері бойынша, 21 наурыз күні 32 жастағы кәсіпкер мас күйінде көлік жүргізіп, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан Mercedes автокөлігімен соқтығысып, үш адам қаза тапқан.
Оқиғадан кейін күдікті жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Осы уақытқа дейін ол медициналық мекемеде күзетпен жатқан.
Аталған жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырған. Қазіргі уақытта қалада арнайы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ішкі істер министрі бұл іске қатысты пікір білдіріп, кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтара алмайтынын мәлімдеген болатын.